Әрбір минут сайын Ресейде жеке тұлғаларды банкрот деп танудың кем дегенде 6 рәсімі тіркеледі. Бұл туралы Сбербанктің мәжбүрлі өндіріп алу және банкроттық басқармасының бастығы Евгений Акимов мәлімдеді.
Оның болжауынша, бір ғана Сбер аясында жыл соңына дейін 30-52 мың ресейлік банкрот деп жарияланады. Бұл ретте өзін банкрот ретінде жалған көрсететіндермен емес, шын мәнінде өмірлік тұйыққа тірелген борышкерлермен банктер тиісті келісімге келуге дайын.
"Сонымен қатар, банкроттық – ең шетін шара. Бұл процедураның басталуы – қиын жағдайдан шығудың басқа нұсқалары қалмады, өзгесінің бәрі нәтижесіз болды деген сөз. Банкрот болатындардың үлкен бөлігі – ипотекасын төлей алмағандар. Бірақ мемлекет оларға қамқорлық жасады, жанайқайын естіді. Заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін, кейбір жағдайда ресейліктер тіпті банкрот деп танылғаннан соң да ипотекалық баспанасында тұру құқығын сақтап қала алады", – деді Евгений Акимов.
Оның түсіндіруінше, банкпен арада мұндай бейбіт келісімнен жалғыз баспанасы ипотекада тұрған банкрот азаматтар үміттене алады. Алайда бұл банкроттың барлық міндеттемесінен босатылатынын білдірмейді. Ол үйінде әрі қарай тұрғысы келсе, ай сайын белгілі бір көлемде төлем енгізіп тұруға мүмкіндігі болуға тиіс. Сонда ғана пәтері не үйі конкурс арқылы саудаға қойылудан босатылады.
"Сондай-ақ, үшінші тұлғаны тартуға болады. Мысалы, әйелдер "арнайы әскери операцияға" қатысушылар арасынан жұбын тауып алады да, әрі қарай оның банк алдындағы төлемдері қатысушының төлемдерінен ұсталады. Мұндай бейбіт келісімдердің 2024 жыл қорытындысында 83%-ға күрт артқанын бақылап отырмыз", – деді сарапшы.
Көршінің тұрғындары бұған еріккеннен барып жатқан жоқ, оларды түрлі амал-айлаға негізінен жоқшылық итермелейді.
"Коммерсанттың" мәліметінше, бағалардың бой бермей, тоқтаусыз өсуі және жоғары инфляция кесірінен күнделікті қажетті базалық тауарлардан қатты үнемдеуге көшуге мәжбүрленген РФ азаматтарының саны қарқынды өсіп барады.
Мұны тіпті "Платформы ОФД" фискалдық деректер операторының мәліметтері де растайды. 2025 жылғы 8 айда Ресейде киім сатып алу көлемі 8%-ға құлдырады. Сауда орталықтары одағының болжамынша, сұраныстың құлауы кесірінен, ірі fashion-ритейлерлер төл сауда алаңдарының жартысына жуығын, 40%-ға дейінгісін жауып тастады. Бұл РФ-та ірі сауда орталықтарындағы киім бутиктерінің қаңырап бос қалуына соқтыруда.
"Ромир" зерттеу холдингінің зерттеуі көрсеткендей, Ресейде енді сатып алушылардың 68%-ы киім-кешек пен азық-түлік тауарларына салмақты жеңілдіктер мен акциялар жарияласа ғана дүкен немесе сауда орнына барады және осындай мүмкіндіктерді арнайы іздейді.
"Тамақ пен бірінші қажеттіліктегі тауарларға кететін шығынды барынша азайту үшін ресейліктердің 46%-ы енді дүкендерге бару жиілігін де еселеп қысқарту тәжірибесіне жүгінуде", – дейді "Ромир" сарапшылары.
Б1 компаниялар тобының зерттеуінде айтылғандай, РФ-та бұрын-соңды болмаған құбылыс орнады. Бүгінде тіпті ауқатты адамдар да үнемдей бастапты. Бұл жерде әңгіме отбасының әрбір мүшесіне шаққанда айына 150 мың рубльден (шамамен 1 миллион теңгеден астам) келетін отбасылар туралы болып отыр.
Қазіргі кезде бұлардың әрбір екіншісі кездейсоқ сатып алулардан (спонтанные покупки) өзін шектейтін болған. Салыстырғанда, небәрі жарты жыл бұрын мұндай "мүмкіндігі шектеулі" байлардың үлесі 22% ғана болып еді.
"РБК" арнасына сұхбатында DNS компаниялар тобының тең қожайыны және директоры Дмитрий Алексеев соның салдарынан РФ-та тұрмыстық техника мен электроникаға деген сұраныс соңғы 30 жылдағы рекордтық көлемде құлағанын жеткізді.
"Сауда-саттық көлемі тұңғыш рет рубльдегі номиналды-атаулы түрде қысқарды. Бұрын-соңды, тіпті 90-шы жылдары да мұндай болған емес. Біз түрлі кезеңді бастан өткердік: нарықта сатылған тауарлардың саны-бірлігінің азаюы, девальвация кесірінен доллардағы табыстың күрт кемуі және басқасы болды. Ал, рубльдегі сауда ешқашан құламаған еді. Өйткені инфляцияға байланысты техника мен электрониканың бағасы бәрібір рубльде қымбаттайды ғой", – деді Алексеев.
74.ru порталына сұхбатында "Деловая Россия" кәсіпкерлердің қоғамдық ұйымының мәскеулік тең төрағасы Роман Харлановтың мәлімдеуінше, "Росстат" РФ халқының табысы және шынайы жалақысы өскені туралы жоғарыға есеп бергенімен, шын мәнінде азаматтардың сатып алу қабілеті алапат көлемде құлдырады және онысы жалғасуда.
"Ресейліктердің барлық, қайталаймын, барлық шығынын азайтуға кіріскеніне куә болудамыз! Адамдардың көбі тауар алса, тек үлкен жеңілдікпен немесе науқанмен ғана сатып алады. Ірі заттарды, мысалы, баспана мен көліктен бастап, қарапайым тұрмыстық техниканы сатып алуды кейінге ысыруда. Бір масқара жайтқа назар аудартқым келеді: бүгінде ресейліктер тіпті ызғарлы қысқа қор жасап жатқан жоқ. Жылда қыс маусымы қарсаңында әсіресе, азық-түлік сегментінде сауда еселеп өсуші еді, биыл ол да жоқ", – деді 74.ru журналистерімен әңгімесінде Vedeneeva Consulting Group негізін қалаушы Анна Веденеева.
Оның байламынша, қазіргі осы жағдай – қысқа мерзімді күйзеліс емес, тұтынушылардың мінез-құлқындағы құрылымдық бетбұрыс.
Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжамдау орталығының (ЦМАКП) мәліметінше, биыл Ресейде аса маңызды тауарлардың көпшілігінің өндірісі қысқарды немесе тоқтады.
Мұны анықтау үшін орталықтың аналитиктері ел өмірі үшін маңызды 129 тауар түрінің шығарылымы қалай өзгергенін талдады. Есепте көрсетілгендей, өткен жылмен салыстырғанда биыл тауар түрлерінің 73%-ының өндірісі құлдыраған екен.
Росстат жыл басынан бері өндірістің небәрі 0,8% өскенін жариялады. Алайда бұл өсім мұнай-газ өндірісі, энергетика, кеме жасау, дрон жасау сияқты шектеулі секторлар есебінен ғана қамтамасыз етілген.
ЦМАКП орталығы Ресей өнеркәсібінің рецессия құрдымының ернеуінде тұрғанын ескертті. Іргедегі көршінің экономикасында үрейлі өзгерістер болып жатқанда, Қазақстан Үкіметі қам жасамай, жай қарап отырып, қапы қалмаса болғаны.