Көрші елдің экономикасы "өлім аймағына" енді

237

Бұл сұмдық хабарды салмақты британдық апталық The Economist жеткізді.

Көрші елдің экономикасы "өлім аймағына" енді Фото: canva

Беделді басылымға сенсек, көрші елдің экономикасы "өзін-өзі жей бастаған". Ағылшындарға тән салқынқандылықпен және сабырмен бұл журнал 2025 жылы РФ бюджетінің "жыртығы" 8 триллион рубльден асып кеткенін жария етті.

РФ Қаржы министрлігінің "Электрондық бюджет" жүйесінде жарияланған және The Moscow Times келтірген деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Ресейдің барлық деңгейдегі бюджеттерінің жиынтық тапшылығы 8,291 триллион рубльге жеткен. Бұл – жаңа тарихтағы абсолюттік рекорд. Мұндай көрсеткіш Ресейде тіпті аңызға айналған "90-шы жылдардың" өзінде де бұрын-соңды болмаған.

Өткен жылмен салыстырғанда федералдық қазынаны, өңірлік бюджеттердің бәрін және бюджеттен тыс қорларды (зейнетақы қоры мен міндетті медициналық сақтандыру қорын) біріктіретін шоғырландырылған бюджеттің дефициті алапат 2,6 есеге, яғни, 5,696 триллион рубльге ұлғайған.

Барлық деңгейдегі бюджет кірістері былтыр тек 6,5%-ға өскен екен. Ал, шығыстары бірден 13%-ға көбейіп шыға келді.

Түпкі төлеуші ресейлік болашақ ұрпақ болатын сыңайлы. Өйткені РФ Үкіметінің төрағасы қол қойған бюджеттік болжамда 2042 жылға қарай Ресейдің мемлекеттік борышы 452,9 трлн рубльге дейін жетуі мүмкін деп болжанған. Бұл РФ-тің ЖІӨ-сінен (2025 жылы 213,5 триллион рубль) екі еседен астамға көп.

Бұл ретте федералдық қазына орасан тапшылықтың үштен екісін қамтамасыз етті. 5,625 трлн рубль (73 млрд доллар) немесе бастапқы жоспарынан бес есе көп. Өңірлер де қалыспады, дефицит жөнінен мемлекеттік статистика тарихындағы антирекорд орнатты – минус 1,5 трлн рубль.

Әлеуметтік және зейнетақы сақтандыру қоры бұл көрсеткішті жоспарланғаннан үш есеге жуық асырып, 1,078 трлн рубльге жеткізген. Мемлекеттік медициналық көмек бағдарламаларын қаржыландыратын медсақтандыру қоры болса, өткен жылды 80,7 млрд рубль тапшылықпен аяқтады. Осылайша, денсаулық сақтау енді бюджет үнемдейтін салаға айналды.

The Economist түсіндіруінше, Ресей "өлім аймағына" кірді. Бұл термин альпинистердің жаргонынан алынған: 8 000 метрден жоғары биіктікті олар осылай атайды. Ондай шыңда оттегі тым аз, содан жүрек тоқтап қалмас үшін ағза өз бұлшықетін ыдырата, "жей" бастайды.

"Ресей экономикасы өлім аймағына енді. Украинаға қарсы соғыс 5-ші жылға созылды, осы алапат ауыртпалықты көтеріп келе жатқан экономикада орны толмас өзгерістер болып жатыр. Батыс елдері РФ экономикасы күйрейді деп күтуде. Олай болмайды. Бірақ РФ экономикасы қалпына да келе алмайды. Ол альпинистер "өлім аймағы" деп атайтын асуға шықты, бұл деңгейде ағза қалпына келе алмай, тезірек әлсірей береді", – деп жазады Берлиндегі Carnegie Russia Eurasia Centre ғылыми қызметкері Александра Прокопенко.

Сарапшының байламынша, соңғы 4 жылда РФ экономикасы екі түрлі "метаболикалық жүйе" режимінде жұмыс істеп келеді:

Әскери және жапсарлас салалар – бір төбе: оған қазіргі "өмірлік маңызды секторлар" жатады. Ресурстар алдымен осыларға құйылады. Бұл секторлар өсуде, қызметкерлер жалдауда, инвестиция тартуда. Жұмыс күші, капитал мен импортқа бірінші кезекте осылар қол жеткізеді.

Қалған барлық салалар, яғни, жеке компаниялар, шағын және орта бизнес, тұтынушылар – бір төбе.

Ғылыми қызметкердің мәліметінше, бұрын мұнай долларлары Ресейге сырттан үлкен тасқынмен ағылатын: шет мемлекеттер одан ресурс сатып алатын, олардың төлеген ақша ағыны экономикаға кіріп, нақты мультипликативтік әсер туғызатын.

РФ әскери өнеркәсібіне шетелдік инвестиция салынып жатқан жоқ. Сондықтан Мәскеу оған ел бюджетін – ішкі активтерді, бюджеттік трансферттерді қайта бөлуде. Бұл сырттан келетін капитал емес, ішкі конверсия, әрі капиталды айтарлықтай жою арқылы жүзеге асады.

Мемлекет экономиканың бір бөлігінен ресурстарды тартып алып, оларды қорғаныс секторына бағыттайды. Бұл әрине, әскери және жапсарлас салаларда жұмыс орындарын құрады, жалақы төлейді, яғни, қысқа мерзімді белсенділік туындатады.

Бірақ бүкіл экономика үшін мультипликативтік әсер әкелмейді. Әскери-өнеркәсіптік кешен шығарған өнім азаматтық айналымға оралмайды. Өсім инфрақұрылымын құрмайды. Еңбек өнімділігін арттырмайды. Мұнай моделінен түбегейлі айырмашылығы да осында. Әскери өнім бейбіт тұтынуға арналмағаны белгілі. Әрі кетсе, экспонат ретінде музейден орын алуы мүмкін.

"Ресейлік экономиканың ағзасы энергия тудыру үшін өз бұлшықетін, тіндерін өзі "жейді". Бұл ақша-несие немесе фискалдық саясатпен түзете салатын циклдік құлдырау емес. Рецессия мысалы, шаршауға ұқсайды: демалсаң – қалпына келесің. Ресейдің жағдайы "тау ауруы" секілді: биіктікте неғұрлым ұзақ тұрсаң, ахуалың соғұрлым нашарлай береді. Қанша демалсаң да көмектеспейді", – деді экономист Прокопенко.

Экономикадағы күрделі ахуалды тек тәуелсіз сарапшылар ғана емес, ресейлік биік лауазымды ресми тұлғалар да мойындай бастады. РФ Экономикалық даму министрі Максим Решетников ресейлік экономикалық жағдайдың нашарлағанын ескертті, деп жазды The Moscow Times.

Шенеуніктің тұжырымдауынша, жағдайдың қиындығы сонша, дәл қазір қабылданатын кез келген пәрменді шара тек 6-9 айдан кейін ғана нәтиже беруі мүмкін. Ал, өсім қарқынын қалпына келтіру ең бері дегенде 2026 жылдың соңына қарай, шындыққа жақыны – тек 2027 жылы мүмкін болады.

Росстат деректері министрдің сөзін қуаттайды. Өткен жылы РФ экономикасының базалық 27 негізгі саласының 21-інде құлдырау тіркелген.

Былтырдан өрбіп жатқан ауыр ахуалды, тіпті билікке жақын экономистердің өзі "стагфляция" деп атай бастады. Жоғары экономика мектебінің профессоры, бұрынғы орталық банк төрағасының бірінші орынбасары Олег Вьюгиннің пікірінше, биыл РФ Қаржы министрлігі жоспарланған салық көлемін жинай алмайды. Демек, күйзеліс өршиді.

Стагфляция ("стагнация" мен "инфляция" сөздерінен құралған) – өндірістің тоқырауы, жұмыссыздықтың өсуі және жоғары инфляция қатар жүретін жағдай. Баға өседі, сұраныс пен экономикалық өсім баяулайды. Өте бір қауіпті үйлесім.

Ресей 2026 жылға көтерілген салықтармен, әлі де жоғары пайыздық ставкамен және қымбат несиемен қадам басып отыр. Вьюгиннің болжамынша, мұның соңы "рецессияға" соқтыруы мүмкін. Бұған себеп көп: рубль бағамы жоғары, мұнай экспортына шектеулер өрістеуде, ресейлік мұнай Brent маркасына қатысты барреліне 29 долларлық жеңілдікпен сатылуда, салдарынан мұнай-газ кірістері одан сайын құлдырады.

Сорақысы сол, 2026 жылы қазіргі тарихында тұңғыш рет РФ-тың мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығыстары білім беру мен денсаулық сақтауға жұмсалатын жиынтық шығыннан да асып түсті. Бұл енді метафора емес – бухгалтерлік дерек.

Мұнай бағасы қысымды күшейтуде. Қаңтарда РФ бюджетінің мұнай кірістері соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Мұнай мен газдан түсетін жиынтық табыс 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 50%-ға құлап, небәрі 393,3 млрд рубль болды.

Ресей бюджетінің мұнай экспортынан түсетін кірістері әлемдік бағалардың төмендеуі, батыс санкциялары аясында ресейлік мұнайға берілетін жеңілдіктердің ұлғаюы және рубльдің шетел валюталарына қатысты нығаюы салдарынан азаюда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу