Көрші елдің экономикасы соңғы тірегінен айрылғалы тұр

3838

Бұл туралы РФ Үкіметіне жақын "Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжамдау орталығы" (ЦМАКП) хабарлады.

Көрші елдің экономикасы соңғы тірегінен айрылғалы тұр Фото: ria.ru

РФ Стратегиялық зерттеулер және білім экономикасы институтының мәліметінше, 2024 жыл қорытындысында ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтілген бүкіл ресейлік өнімнің үштен екісін (!) жалғыз ғана өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз еткен.

Енді ресейлік сарапшылар осы аса маңызды сектордың тоқырай бастағанына назар аудартып, дабыл қағып жатыр.

Олардың дерегінше, зауыт-кәсіпорындардың жүктелуі күрт – үштен екіге төмендеді. Сондықтан қолданыстағыларының өндіріссіз қаңтарылып тұрғанын байқаған инвесторлар жаңа жобаларын кейінге ысырып, жаңа қуаттылықтарды қосудан бас тарта бастады.

Оның үстіне жаңа кәсіпорын ашу үшін жаңа жабдықтар керек, олардың көбі бүгінде санкцияға ілікті. Тиісінше, Ресейге тікелей сатылмайды, арадағы елдер арқылы айналма схемалармен тасуға тура келеді, ал, онысы тым қымбатқа түседі.

"Өңдеу өнеркәсібінде толыққанды пайдаланылмайтын өндірістік қуаттылықтардың қоры күрт өсті. Салдарынан, бұл тұрғыда жаңа қуаттылықтарды қосу және өнім шығару үшін қуаттылықтардың жетіспеуі мәселелері бұрынғы өзектілігін жойды деуге болады. Бүгінде бұл мәселе аз дәрежеде болса да, тек сауда, көлік салалары үшін көкейкесті. Өсудің елеулі әлеуеті жоқ", – делінген ЦМАКП жаңа есебінде.

Орталық РФ салаларындағы "нашарлаудың" келесі нышандарын атады: біріншіден, "рентабельділік "ақша құнымен" теңесті, кей тұста одан төмен түсіп кетті. Орталық сарапшылары осы фактор жеке инвестиция салушылардың ынтасын жойғанын жеткізді.

Мысалы, 1 рубль инвестиция салса, ол 80 копейка пайда ғана әкелуі мүмкін. Бұл әрине, пайда емес, қып-қызыл шығын.

Екіншіден, жаңа жобалардың іске қосылу саны қарқынды азаюда.

Үшіншіден, кәсіпкерлердің, инвесторлардың сенімі жойыла бастады. Олардың "үміті" (ожидания) теріс-негативті аймақта тұр, 50%-дан астамы 2 ай қатарынан сұрау салу кезінде жағдайдың ауырлағанын мәлім еткен.

Төртіншіден, халықтың тұтыну себеті бойынша инфляция экономика бойынша жалпы инфляциядан тым жоғары болып қалуда. Соның кесірінен, ресейліктер қатаң үнемдеуге көшті, негізінен, тіпті сапасыз болса да, ең арзанқол өнімдерді таңдайды.

Бесіншіден, ЦМАКП сарапшылары дағдарысты басқа да теріс факторлар топтамасы ушықтырып жатқанын қаперге салды. Ол кешенге азық-түлік емес тауарлар саудасының үздіксіз құлдырауы, қытайлық тауарлардың демпингі кесірінен тауарлық нарықтарда басталған дефляция, аренда ақысының жаппай артуы, банктердің пайыздық ставкаларының көтерілуі және басқасы жатады.

Сарапшылар мұның бәрі "салмақты кризистің туындау қаупін" арттыра түскенін жұқарта жеткізді. Салдарынан, бұл әрі қарай жалғаса берсе, солтүстік көрші өнеркәсіптік өсімнің соңғы қайнарын, драйверін жоғалтқалы тұр.

РФ Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжамдау орталығы үрейлі статистика келтірді.

"Өңдеу өнеркәсібінде өндірістердің жүктелуі 74%-ға дейін құлады және тез төмендеуін жалғастыруда. Бұл ретте маусымдық құлдырау есепке алынған жоқ. Бұған дейін айтылғандай, тұтастай алғанда экономикалық топ бойынша қуаттылықтардың жүктелу деңгейі өсімнің жалғыз жүйелі тежеуіші болудан қалды", – делінген орталық жариялаған есепте.

Сарапшылар байламының дұрыс екенін сала кәсіпорындарының басшылары мен эксперттері арасында Үкімет тапсырысымен жүргізілген сауалнама қорытындылары да қуаттады.

Ресейлік бизнес елде өткен жылдың екінші жартысында қалыптаса бастаған келесі залалды үрдістер биыл сақталып қана қоймай, күшейгенін мәлім еткен:

Бірінші орында (маңыздылығы 70%) басты шектеуші фактор ретінде Ресейдегі экономикалық ахуалдың белгісіздігі ("неопределенность экономической ситуации") аталды.

Соның кесірінен, рубль бағамының жоғары құбылмалылығы, инфляция, қатаң ақша-кредиттік саясат орын алып отыр. Бизнес болашағына сенімсіз болып, жаңа жобаларын бастай алмауда.

Маңыздығы жөнінен екінші орындағы фактор (50%) ретінде ішкі нарықта сұраныстың дефициті танылды. Қарапайым тілмен айтқанда, бизнес көп өндірер еді, өнімін алатын клиент жоқтың қасы.

Үштікке банктік және басқа кредиттер бойынша пайыздық ставкалардың тым жоғарылығы кірді.

 

Сондай-ақ, тежеуші факторларға (40%) кадрлық тапшылық енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу