Көрші елдің экономикасында 1990 жылдардан бергі ең ауыр тоқырау басталды

294

Нарықтағы сұраныстың құлауы және өндірістің тұралауы ақыр соңында жаппай жұмыстан босатулардың басталуына соқтырды.

Көрші елдің экономикасында 1990 жылдардан бергі ең ауыр тоқырау басталды Фото: canva

The Moscow Times Ресейде 1990-шы жылдардағы тоқыраудан кейінгі дағдарыс басталғанына назар аудартты. Оның толқыны елдегі түрлі саланы жабуда. Мұны шетелдік беделді ақпарат құралдары да жазып жатыр.

"Жұмысшыларын мәжбүрлі түрде жұмыстан қуу, орнында қалғандарын қысқартылған жұмыс аптасына ауыстыру толқыны соғыс жағдайында ең қажетті және ең берік сала саналып келген ресейлік металлургияға да жетті. РФ экономикасының бұл шикізаттық емес шешуші секторы елдегі бүкіл өнеркәсіптік өндірістің 20%-дайын жалғыз өзі беретін. Бірақ сұраныстың құлдырауы, кредиттердің қымбаттауы және қаржылық көрсеткіштерінің нашарлауы кесірінен Ресейдің барлық дерлік ірі металлургиялық зауыттары штатын қысқартуға кірісті", – деп мәлім етті саладағы төл дереккөздеріне сүйенген Reuters.

Оның дереккөздерінің бірі металлургиялық компаниялар бірінші кезекте көмекші персоналдан арылғанын жеткізді. Тағы бір сұхбаттасушысының мәліметінше, ресейлік ірі автозауыттар тегіс 4 күндік жұмыс аптасына көшіп, еңбекақыларды "кесіп" тастады. Reuters автозауыттарға қарағанда, металлургия саласында әлдеқайда көп – 700 мыңдай жұмысшы істейтінін қаперге салды.

The Moscow Times металлургиядағы ауыр күйзеліс санкциялар кесірінен РФ бүкіл "майшелпек" батыс нарықтарынан айрылғанда басталғанын еске салды. Соның кесірінен бұл сала Украинадағы соғысқа дейінгі, 2021 жылғы экспортының үштен бірінен айрылды.

Заманында сала бойынша әлемдегі ең қуатты алпауыттың бірі деп танылған "Северсталь" компаниясының бас директоры Александр Шевелев те бұл дағдарыс пен құлдыраудың сонау 1990-шы жылдарден бері болмағанына шағымданды.

"Росстат" статорганының дерегінше, бірден үш ауысымдық режимде, ғаламат қарқынмен танктер мен снарядтарды тоқтаусыз шығарып жатқан қорғаныс зауыттарының тарапынан ұланғайыр сұраныс болғанына қарамастан, 2024 жылы металлургтер өндірісті 1,5%-ға қысқартты.

2025 жылы салада күйреу басталды: шілде айының қорытындысында өндірістің құлауы 10,2%-ға жетті. Тамызда тағы 8,4%-ға кеміген. Бұл РФ тарихындағы рекорд саналады.

Күрт құлау саладағы басты кәсіпорындардың бәрінде тіркелді, осының өзі секторда аса күрделі жағдай жаппай белең алғанынан хабар береді. Мысалы, Еуропадағы ең ірісінің бірі, ал, Ресейде – көлемі бойынша 2-орында тұрған Магнитогор комбинаты болат өндірісінің – 18%-ға, шойынның – 9%-ға күрт азайып кеткені жөнінде есебін жариялады.

Тағы бір алыбы – "Мечел" биылғы жартыжылдық қорытындысында болат өнімдерін өткізу көлемі 11% қысқарғанын мәлімдеді.

"Құбыр металлургиялық компаниясы" (ТМК) – болат құбырлардың елдегі ең ірі өндірушісі болып табылады, ол да болат құбырларын 18%-ға, тігіссіз құбырларын – 22%-ға кем сата алған.

Биылғы қаңтар-маусымда ТМК пайда таппақ түгіл, 3,2 миллиард рубль шығынға отырды. "Мечелдің" шығыны тіпті сұмдық – 40 миллиард рублден асты. ММК және "Северсталь" ақша ағынының тиісінше 4,8 млрд рубльге және 29,1 млрд рубльге сұйылғанын тіркеді.

"Металлургтерге санкцияларға байланысты экспортқа енгізілген шектеулер ауыр соққы болды. Орталық банктің шешуші ставканы теңдессіз ұзақ уақыт бойы жоғары мөлшерде ұстауы дағдарысты ушықтырып жіберді. Қаржы тапшылығы ұзақ мерзімді перспективада өнеркәсіптік кәсіпорындарды тозған темір-терсек үйіндісіне айналдырып жіберетін түрі бар", – деп күйінді Шевелев.

РФ Үкіметі жағдайды көріп-біліп отыр. Сондықтан ол стандартты емес шешім тапты. Металлургиялық компанияларға банкрот болуларына тыйым салу және тиісті мораторийді енгізу мәселесін қарастыруда.

Ресейлік ақпарат құралдары Ресейдің тіпті ТОП-10 компаниясы экономикадағы проблемаларға, ішкі сұраныстың стагнациясына және экспорттың құлдырауына байланысты штаттарын қысқартып, не қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп жатқанын жазуда. Оның арасында көлік және теміржол саласының, автоөнеркәсіптің, тау-кен, көмір, алмас пен цемент өндірісінің алпауыттары бар.

Мәселен, Ресейдегі ірі цемент өндіруші – "Цемрос" холдингі жұмысшыларына жұмсалатын шығынын азайту мақсатында қазан айынан бастап персоналын тегіс 4 күндік жұмыс аптасына ауыстырды.

"Бұған біз құрылыс саласындағы күрт құлдырау және шетелден арзанқол цемент импортының өсуі аясында жаппай қысқартуды болдырмау үшін бардық. Яғни, бұл – мәжбүрлі, дағдарысқа қарсы шара. Ондағы мақсат – персоналды, әсіресе, білікті мамандарды сақтап қалу", – деді компания өкілі Сергей Кошкин Рейтерге сұхбатында.

Дегенмен, бүкіл Ресей бойынша 18 зауыт пен 30-дан аса кен орнын қамтитын бұл компанияда бүгінде 13 мыңдай жұмысшы қалған.

РФ ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстаннан, Беларусьтен, Ираннан және Қытайдан арзан цементтің тасқындауы және Ресейдегі тұрғын үй құрылысында дағдарыстың басталуы (бірнеше құрылыс компаниясы банкроттық жағдайына жеткен) қосыла келе, ресейлік цементке деген сұранысты қатты төмендетті.

Кошкиннің дерегінше, "Цемрос" биыл 60 миллион тоннадан аз көлемде ғана ресейлік цемент тұтынылады деп күтіп отыр. Бұл – 2020 жылғы пандемия кезінде құрылыс атаулы белгілі бір уақытқа толық дерлік тоқтатылған 2020 жылғыдан да төмен көрсеткіш екен.

Үкіметке жақын Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжамдау орталығының (ЦМАКП) сарапшылары РФ экономикасындағы жағдайдың әлдеқайда нашар екенін жеткізді. Жыл басынан бері құлдырау жаппай сипатқа ("фронтальный характер") ие болған. Тек жалғыз қағаз өндірісінде ғана өсім тіркелді.

Ресейлік экономистер мұндай күйзеліске ықпал етуші проблемалар тізімі барған сайын кеңейіп жатқанын ескертті. Оның арасында берілетін несие ставкаларының тым жоғары болуы, барынша қысқа уақытқа берілуі, мықты рубль (1 доллар 81 рубль ғана тұрады), ішкі сұраныстың төмендеуі, сыртқы бай нарықтарды жоғалту, санкциялар кесірінен тек батыстық емес, шығыстық және оңтүстік нарықтарға экспорттың қысқаруы, арзан қытайлық импорт және сол сияқтысы толып жатыр.

Банктер ішіндегі ең ауқаттысы – "Сбер" мыңдаған ІТ-мамандарын жұмыстан босата бастады. Бұл қызметкерлер санын оңтайландыру бағдарламасы аясында қолға алыныпты. Қысқартулар бас кеңсені ғана емес, сондай-ақ бүкіл еншілес құрылымдарын тегіс қамтиды. Бұл туралы топ-менеджменттегі және қызметкерлер арасындағы дереккөздеріне сілтеме жасап, ресейлік Cnews хабарлады.

Босатуға қатардағы мамандардан бастап, команда басшыларына дейін ілігеді. Кейбір бөлімшелерінде тек басшысы және екі маңызды қызметкері қалатыны мәлім болды. Кейбір бөлімдер толығымен жабылуда.

"Профсоюз работников IT" Telegram-каналының дерегінше, "Сбердің" 40 мың адамнан тұратын айтишілері штатының 25%-ға дейінгісі қысқартуға түсуі мүмкін. Процесс 3 кезеңмен жүзеге асырылады: біріншісі жазда болған, екіншісі – бүгінде жүріп жатыр, үшінші кезеңі жыл соңына қарай күтіледі.

Сбербанк басшылығы әңгіме қысқартулар туралы емес, "оңтайландыру процестері" турасында болып отырғанын нақтылады. Өтемақы ретінде 2-3 жалақысы және жылдық сыйақысы ұсынылатын көрінеді.

Қалай болғанда, көрші елдің экономикасында басталған күйзеліс Қазақстан Үкіметін де ойлантса, қапы қалмай, қарымды қимылға көшіп, дағдарысқа қарсы төл бағдарламасын әзірлеп қоюға ықпал етсе, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу