Салдарынан, қазақстандық ақылы автотрассалардың бір жолағы ондаған шақырымға тығындалып тұр.
"Қытайлық жүктер Қырғызстан мен Қазақстан арқылы транзитпен келді. Алайда РФ-та "сұр" карго-тасымалдарға тосқауыл қойылуы кесірінен олар ұзаққа қаңтарылып тұрып қалды. China National Cargo ltd. логистикалық компаниясының бас директоры Алексей Гончаровтың мәліметінше, тасымалдаушылар қазірдің өзінде шамамен 154 миллион доллар шығын шекті. Бұл Ресейдің өзіне де соққы болды, өйткені мыңдаған фураларға тиелген жүктің бір бөлігі РФ-қа арналған", – деп жазды ресейлік басылым.
Ресейлік шекарашылардың өткізбей тастауынан жүк көліктерінің кептелісі бойынша кезекті антирекорд орнады. Одан тек экспорттаушы ҚХР-ға, жүк жеткізуші Қазақстанға ғана емес, сондай-ақ тауарға тапсырыс беріп, оны зарыға күткен ресейлік клиенттерге, маркетплейстердегі бизнеске, бөлшек сауда секторына қатты залал келді. Ресейлік біраз сауда орны тауарсыз қалды. РФ ақпарат құралдары біраз қойма мен базардың бос қалғанын паш етуде.
Бұл – ұсақ партиялар бойынша экспорттаушылар, импорттаушылар және тасымалдаушылар үшін ең тиімді тәсіл саналады. Карго-тасымал жүйесінде тасымалдаушылар бір фураға әртүрлі жеткізушілердің жүктерін тиеп, толтырып алады. Бірақ бюрократияны болдырмау және шекарадан тезірек өту үшін әртүрлі клиенттің жүктерінің шағын партияларын кедендік бір ғана декларацияға біріктіреді.
Бір декларацияға құрылған карго арзанға түседі, өйткені кедендік құжаттардың толық пакетін талап етпейді және кей жағдайда тіпті кедендік баж алымының бір бөлігі мен қосылған құн салығын төлеуден құтылуға мүмкіндік береді.
Forbes дерегінше, РФ шекарасынан аса алмай тұрған жүктердің үлкен бөлігі осы жеңілдетілген схемамен рәсімделіпті. Мысалы, тоқыма материалдарының немесе түрлі шикізаттың жиынтықты партиялары бойынша декларация рәсімдеген.
Бұл ретте оның арасында тағы да не бар екені белгісіз, тыйым салынған заттар тығылуы мүмкін. Бұған дейін шекарада ғаламат кептелістерді болдырмау үшін мемлекеттердің құзырлы органдары әрбір тең-тең жүкті, қанар қапшықтарды жарып, ішін қопармайтын.
"Осындай арналар арқылы киім-кешек, электроника, халық көп тұтынатын саналуан тауарлар, кейде – әскери мақсаттағы өнімдер, дрондар немесе қауіпті химиялық заттар сияқты әкелуге ресми тыйым салынған санаттағы тауарлар Қытайдан Ресейге жеткізілетін. Біз сұрау салған сарапшылар мұндай кідірістер сауданы "тазартуға" бағытталған ұзақ мерзімді бағдармен байланысты деп санайды. Өз кезегінде Қазақстан да Қытаймен шекарасындағы тексерістерді күшейтті", – деп жазды Forbes.
Бақылау әсіресе, шың елімен шекарадағы Қорғас пен Достық өткізу бекеттерінде қатайтылыпты. Онда да жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі қалыптасқаны мәлім.
Бұған қоса, биылғы 1 қазаннан бастап Қытайда да жаңа талаптар мен шектеулер күшіне енді. Қытай жүк тасушылардан экспорттық құжаттарда жеткізілімнің көлемін, шынайы өндірушісін көрсетуді талап етіп жатыр. Бұл тауарларды көп көлемде шытырлаған қолма-қол ақшаға сатып алуға тосқауыл қояды.
Мұның қарапайым тұтынушыға әсері қандай?
Сарапшылардың бағалауынша, жаңа ережелер салдарынан карго-жеткізілімдер, соның ішінде шағын және орта бизнестің шетелден тапсырыстары, қазақстандықтардың және ресейліктердің маркетплейстерден сатып алған тауарлары орта есеппен 20-30%-ға қымбаттауы мүмкін.
Эксперттердің пікіріне сілтеме жасап Forbes-тің болжауынша, компаниялардың бір бөлігі амалсыз, импорттаудың "ақ" схемаларына көшеді. Дегенмен, Қытай, Қазақстан, Ресей арасындағы автомобиль дәліздерінде "сұр" схемалардан толық бас тарту күрделі болады.
"Маркетплейстерде тауарын өткізетін селлерлер Қытайдан арзан тәсілмен жүк жеткізудің сүйікті арнасынан айрылды. Жүздеген миллион долларға бағаланатын жүк тиелген фуралар шекараларда қыркүйектен бері дағдарып тұр. Тапсырыс бергендер тауарынан да, қаржысынан да қағылды. Мұндайда өтемақы қарастырылмаған. Қазақстанның және Ресейдің құзырлы органдары "сұр схемалардың" ізіне шам алып түсті және жеткізудің арзан тәсілдеріне нүкте қойылғалы тұр", – дейді экономикалық шолушы Алена Белая.
Оның түсіндіруінше, карго-компания алдымен әртүрлі клиенттерге арналған жүктің партияларын – мәселен, 50 келі киім-кешекті, 100 келі электрониканы және басқасын Қытайдағы қоймасында жинайды.
Содан кейін осы жиынтықты жүк шекарада "біртұтас үлкен жүк" түрінде жалғыз, ортақ декларациямен рәсімделеді. Клиент тапсырыс берген жүгінің келісі немесе текше метрі үшін бірыңғай тарифпен төлейді. Бұл бағаға жеткізу шығысы, кедендік баж алымы, тапсырысты беру пунктіне дейінгі қоймалау-логистика шығыны тегіс кіреді.
"Ресейде бұрыннан болған осы "сұр" тасымал 2022 жылғы наурызда параллельді импорт енгізілгенде тез өркен жайды. Жүктер Қытайдағы фабрикалардан экспорттық лицензиясыз шығады. Қазақстан немесе Қырғызстан аумағына жеткізіледі, алайда бұл елдерде кедендік тазартудан немесе ресімдеуден өтпейді. Ішкі транзиттік құжаттар бойынша ол жүктер ары қарай Ресейге аттанады", – деді Holding Finance Broker халықаралық логистикалық компанияның бас директоры Сергей Поляков.
China National Cargo ltd. бас директоры Алексей Гончаровтың мәліметінше, карго-компаниялар кейде контрабандалық тауарларды, тыйым салынған заттарды жеткізеді.
Сарапшының пікірінше, Қытайдың Қазақстанмен, Қырғызстанмен және Ресеймен сауда-саттығына қатысты статистиканың өзара қабыспауына осы карго-тасымалдардың үлесі бар. Мысалға, ҚХР Ресеймен тауар айналымы 240 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. Алайда РФ-тің Қытаймен тауар айналымы 200 миллиард қана болған.
Әйтсе де, Forbes-қа анонимді сұхбат берген маркетплейс саудагері шағын бизнесте ұсақ партиядағы тауарларын тасудың каргодан басқа амалы жоғына шағымданды.
"Әрбір жүкке жеке-жеке құжаттар пакетін жинап, "ақ схемамен" істейтін бірде бір ірі компания біздің тапсырыспен алғызатын айналдырған 2-3 қорап не бір қап тауарымызды алмайды. Біз тек каргоның арқасында тығырықтан шығып жүрміз. Карголар бірнеше тапсырыс берушінің түрлі ұсақ жүктерін жинайды. Оның ішінде не жоқ дейсіз: бижутериядан бастап, шұлық пен ойыншықтарға дейін бар", – деді "мың ұсақ түйек" форматындағы дүкендер желісінің жетекшісі.
Шетелдік сатып алулар сервисінің менеджері Ника Голохвастованың түсіндіруінше, карголар салықты мейлінше аз төлеу үшін бір декларациямен рәсімдеу кезінде жүктің ішіндегі алым-салығы ең арзанын таңдап, соны көрсетеді.
Нәтижесінде, карго арқылы жеткізілетін тауар біраз жағдайда кеденде сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) басқа кодтарымен ресімделеді. Мысалы, қымбат киімдер үй тоқымасына немесе жай матаға арналған СЭҚ кодымен рәсімделуі мүмкін. Дайын киім-кешекке қарағанда бұл категориялардың баж алымы аздау.
Айталық, Еуразиялық одақ талабынша, әйелдердің және ерлердің сонша қымбатқа сатылмауы мүмкін іш киімінен – тек дайын өнім болғаны үшін ғана әр келісінен 1,75 еуро баж алымы жиналады. Ал, егер оны мақта талшығы деп рәсімдесе, баж мүлдем алынбайды.
Осылайша, ҚҚС пен баж алымы жоқ болса, жеткізудің жалпы шығысы әлдеқайда кем болады. Карго тасымалдары тұрмыстық техника мен электроника, соның ішінде ұялы телефон сияқты девайстар сатушылар арасында да кең сұранысқа ие.
"Бұл бизнесте бәсекелестік өте жоғары, тиісінше, нарықта қалу үшін барлығынан үнемдеуге тура келеді. Бұған қоса, Ресейде электроникасы бар жаңа құрылғыны әкелу үшін түрлі құрылымнан, соның ішінде ФҚҚ-дан (ФСБ) рұқсат пен сертификаттар алу талап етіледі. Көптеген компания шығыны және қиындығы көп болғандықтан ресми талаптарды орындағысы келмейді. Оңайы – каргомен жеткізіп, кеденде басқа кодпен өткізу болатын", – дейді TLS GROUP логистикалық компаниялар тобының негізін қалаушы Никита Баранов.
Сарапшылар бұл тәсілге кәсіпкерлердің еріккеннен жүгінбейтінін ескертті. Салықтар және басқа бюрократиялық алымдар өсіп, халықтың сатып алу қабілеті төмендеген жағдайда карго жүкті арзандау бағамен жеткізудің жалғыз қолжетімді тәсілі болып еді.
Жалпы, Еуразиялық одақ елдері арқылы жүк ағынына кедергі көбейіп барады. Беларусьте фуралардың ұзыннан ұзақ кезегі қалыптасуда, олар Польша шекарасынан Еуропаға өте алмай тұр.
Беларусьтік "Виртуальный Брест" порталының мәліметінше, беларусь-поляк шекарасында қаңтарылған жүк көліктерінің саны 3,5 мыңнан асты.
"Алып машиналардан құралған кезек күн сайын өсіп барады. Бұл туралы Беларусь мемлекеттік шекаралық комитеті хабарлады. Мысалға, Польшамен шекарадағы "Козловичи" өткізу бекетінде фуралардың саны бір күн ішінде ғана 3 455-тен 3 570-ке дейін ұлғайған. Беларусьтің Литвамен және Латвиямен шекарасында да кезектер қалыптасып жатыр. Олардағы фуралар саны әрқайсысында мыңға жуық", – деп мәлім етті портал.
Таяуда Польша Беларуспен арадағы өткізу бекеттерін қайтадан ашқан болатын. Алайда сонымен бір мезгілде тексеруді күшейтті. Салдарынан, егер жұмысы қайта жанданған 25 қыркүйекте поляк шекарашылары 680 көлікті тексеріп, өткізе алса, екі апта өткенде бұл сан екі есеге азайып кетті.