Көрші елге бұрын-соңды болмаған салмақты қауіп төнді

530

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, мұнай-газ табыстары барған сайын азаюда.

Көрші елге бұрын-соңды болмаған салмақты қауіп төнді Фото: iz.ru

2025 жыл басталғалы долларға шаққанда рубль 20 пайызға нығайған. Бүгінде 1 АҚШ доллары 81 рубль ғана тұрады. Егер Қазақстанның ұлттық валютасы қатты құнсызданбай, рубль сияқты тұрақтылығын сақтап қалғанда, қазіргі кезде 1 доллар 405 теңге тұруға тиіс еді.

Дегенмен, РФ орталық банкінің түсіндіруінше, рубльдің нығаюы РФ табыстарын әрі қарай төмендетуде. Қарапайым мысал: егер миллион баррельді сатудан 50 миллион доллар табыс түссе, ағымдағы бағаммен бұл 4,05 миллиард рубльді ғана құрайды. Ал, егер ресейлік валюта 150 межесіне дейін девальвацияланғанда, онда табысы 7,5 миллиард рубльге жетіп, екі есеге жуық көп болатын еді.

Ресейлік ақпарат құралдары РФ орталық банкінің рубльді біртіндеп девальвациялауды ұсынып келе жатқанын, бірақ әзірге Кремльден бұған рұқсат жоғын алға тартады.

Сондықтан Ресей банкі (орталық банк) үрейлі болжамын жариялады: РФ экономикасы биылғы жыл қорытындысында теріс мәнге шығып, минусқа кетуі мүмкін. Оны бұл құрдымға құлаудан ұстап қалып тұрған жалғыз сала бар, ол – әскери өнеркәсіп, деп жазды The Moscow Times

Экономикалық даму министрлігінің дерегінше, РФ ЖІӨ-сі биылғы ІІІ-тоқсанда, шілде-қыркүйек айларында статистикалық ағаттыққа барабар деңгейде ғана – жылдық мәнде бар-жоғы 0,6% өсім көрсете алды. Салыстырғанда, биылғы І-тоқсанда экономикалық өсім 1,4%, ІІ-тоқсанда 1,1% болған еді.

Ал, 2024 жылы негізінен зауыт-кәсіпорындары тәулік бойғы жұмысқа көшірілген әскери өндірістің өнімділігі арқасында ресейлік ЖІӨ 4,5%-ға өскен болатын. Осыдан-ақ көршінің экономикасы биыл 7,5 есеге (!) құлдырағанын байқауға болады. 2025 жылы тіпті әскери-өнеркәсіптік кешенде де өндіріс кері кете бастады.

Осыған байланысты үкіметтік қаржыгерлер IV-тоқсанға арналған болжамдарын қайта тарап, төмендетті: енді РФ ЖІӨ-сі -0,5%-ға дейін құлауы мүмкін. Биылғы жаздағы болжам бойынша керісінше, жыл соңына қарай экономика 1,5%-ға дейін өседі деп күтілген еді.

Экономист Дмитрий Полевойдің бағалауынша, РФ экономикасы 2025 жыл қорытындысында 0,7%-ға дейін құлауы мүмкін.

Эстониялық күнделікті "Постимеэс" басылымының экономикалық талдауында 2025 жылғы РФ экономикасының келесідей алдын ала қорытындысы жасалады:

Ресей экономикасы биыл қатты құлады, тіпті көршінің өсімінің драйвері болған әскери өнеркәсіпте де төмендеу тіркелуде;

Ресейлік мұнай мен газдан түсетін табыстар құлдырады, оған АҚШ пен Еуропа санкцияларының күшейтілуі де ықпал етті;

Нарықта тұтынушылар тарапынан сұраныстың түсіп кетуіне, тұрмысы төмендеген ресейліктердің қатаң үнемдеуге көшуіне байланысты бизнес қымбат кредит алуға немесе қолданыстағысына қызмет көрсетуге қабілетсіз болып барады.

"Шенеуніктер "экономиканың қызуы түсе бастады" деп жүр. Шынында, оның "денесі" суып қалды. Жұмыс күшінің жетіспеуі, жоғары инфляцияның сақталуы, болжамдық оптимистік моделдердің орындалмауы мұндай жағдайдың 2026 жылдың бірінші жартысы аяқталғанша жалғасатынына нұсқайды. Экономика тоқырауда", – деді "Эксперт РА" талдау компаниясының бас экономисі Антон Табах.

Үкіметке жақын Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімді болжау орталығының (ЦМАКП) дерегінше, әскери өнеркәсіп – экономика өсімінің негізгі локомотиві болуын жалғастырды, ал, азаматтық сектор жаппай құлдырап барады. Салдарынан, көптеген компаниялардың қаржылық ахуалы қарқынды түрде нашарлауда.

"Ресейде компаниялардың жартысынан көбі төлем қабілетсіздігі жағдайына жетті немесе сондай қаупі жоғары. Өйткені сұраныс стагнацияға ұшырады, жоғарғы шешуші ставка жағдайында кредиттер бойынша жоғарғы пайыздық мөлшерлемеге қызмет көрсету мүмкін болмай барады. РФ-та іскерлік белсенділік осымен 4 ай қатарынан төмендеуде", – деді ресейлік инвестициялық банкир Евгений Коган.

РФ Қаржы министрлігі биылғы қазан айында мұнай және газ өндірушілерінен бюджетке небары 888,6 млрд рубль (9,7 млрд доллар) ғана түсім түскенін жариялады. Бұл 2024 жылғы қазан айындағысынан бірден 27 пайызға кем.

Ал, 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында, былтырғы 10 аймен салыстырғанда, көршінің мұнай-газ түсімдері 21,4%-ға, 7,5 трлн рубльге дейін құлдыраған. Яғни, екі жыл бұрынғыдан 2 триллионға аз.

Министрлік қара алтын мен көгілдір отыннан елге келген табыстардың осынша азайып кетуіне бірінші кезекте ресейлік мұнай бағасының арандауы, рубльдің нығаюы және батыстық санкциялардың күшеюі себеп болғанын мәлімдеді.

Металлургия, көмір және басқа өндіріс секторларының жағдайы да мәз емес: пайдалы қазба байлықтарын өндіруден жиналған салық бірден 26% төмендеді және тек 671,3 млрд рубльді құрады.

Өткен қазан айында Трамп әкімшілігі ресейлік екі мұнай алпауытына – "Роснефть" пен "Лукойлға" жаңа санкциялар жариялады. Олар алдағы желтоқсан айында толыққанды күшіне енеді. Осы қос компанияның еншісіне ресейлік бүкіл мұнай экспортының шамамен жартысы немесе тәулігіне 2,2 миллион баррель тиесілі.

Осылайша, бүгінде ресейлік мұнайдың теңіз бойынша экспортының 70%-дайы АҚШ санкциясына ілікті. Freedom Finance Global аналитигі Владимир Черновтың түсіндіруінше, санкция салдарынан халықаралық нарықтан қуылып жатқан "Роснефть" пен "Лукойлдың" экспорты ең құрығанда 5-10% кемісе, бұл ресейлік мұнайға деген жеңілдіктің өсуімен қосылып, РФ мемлекеттік бюджетіне түсетін түсімнің айына 120 миллиард рублге дейін қысқаруына соқтырады.

РФ Экономикалық даму министрлігінің мәліметінше, Urals маркалы ресейлік мұнайдың бір баррелі өткен қазан айында 53,99 доллардан сатылған. Бұл Үкіметтің бастапқы болжамынан қатты төмен: билік 70 доллардан сатылады деп дәметіпті.

Әу баста қолданыстағы бюджетте 2025 жылы мұнай мен газдан 10,94 трлн рубль түсім түседі деп жоспарланған еді. Іс жүзінде 22% тапшылық туындады: салдарынан көршінің табысы 8,6 трлн рубльге дейін қысқарады.

2025 жыл қорытындысында рекордтық 5,7 трлн рубльге, алдағы жылдары 10 триллион рубльге жететін бюджеттік тапшылықты өтеу үшін РФ Үкіметі барлық дерлік салаға салынатын салықты арттыруға және мемлекеттік борышты ұлғайтуға ұйғарды. Келесі жылдан бастап, Ресейде ҚҚС (қосылған құн салығы) 22 пайызға дейін көтеріледі.

Осы орайда кеше ресейлік "Новые Известия" газеті: "Россияне, сдавайте деньги в кассу! Экспорт нефти и газа не может прокормить страну" деген тақырыппен шықты.

"Мұнайдан түсетін доллар тасқыны тез сұйылуда. 2025 жылдың қорытындысында Ресейді мұнай-газ табыстарының тарихтағы ең кең ауқымды қысқаруы күтіп тұр. Оның орнын толтыру үшін бюджет салықты арттыру арқылы жанын аман сақтап қалады. Жалпы, 2025 жыл ресейліктерге ел тұрмысына тікелей және теріс ықпал еткен қаптаған "көпжылдық антирекордтарды" сыйлады. Коммуналдық тарифтер тарихта бұрын болмаған көлемде өсті. Бензин бағасы ешқашан болмаған межеге жетті. Қараша айында Қаржы министрлігі кезекті антирекордты тіркеуге мәжбүр болды: мұнай-газ түсімдері 21%-ға құлады. Бұл кейінгі бесжылдықтағы ең ірі құлдырау", – деп термеледі ресейлік басылым.

Соғысқа дейінгі жылдары мұнай-газ түсімдері тек артып келіп еді: 2021 жылы 9 трлн 056 млрд рубль, 2022 жылы 11 трлн 586 млрд рубль (+28%) болды.

Ресейлік басылым сарапшыларға сілтеп, ресейлік мұнай-газға қатысты ахуалдың ары қарай нашарлайтынын болжады. Біріншіден, Urals маркалы қара алтынға дисконт әр бөшкесі үшін 1,5 долларға жетті.

Ресей 2024 жылы жалпы көлемі 240 миллион тонна мұнайды халықаралық нарыққа экспорттады. 1 тоннаға 7,28 баррель ресейлік Urals мұнайы сиятынын ескерсек, былтыр 1 млрд 747,2 млн баррель қара алтынын жаһандық қара базарға өткізе алды.

Егер биыл осынша сатса, онда санкцияны қоспағанда, 1,5 долларлық дисконттан ғана РФ 2,62 миллиард доллар түсімді жоғалтады.

Екіншіден, ОРЕС+ мұнай өндірісін күрт арттыруды жоспарлап отыр. Бұл мұнайдың биржалық бағасының арзандауына серпін беруде.

Бұған қоса, геосаяси тұрақсыздық, ресейлік мұнайды сатып алмауы үшін Трамптың Үндістанға қысым көрсетуі, Ресей экспортының басты тұтынушысы саналатын Үндістан мен Қытайға араб елдерінің өз қара алтынын жеңілдікпен сата бастауы да РФ-тің мұнай-газдан жинайтын табысының кеми беретінін меңзейді.

"Қорыта келгенде, ресейліктерге жанар-жағармай станцияларындағы қымбат пистолетті күрсіне суыру, азық-түліктерінің бағасын көтерген дүкенде әмияны мен қалтасын қағу, биылғы 1 шілдеден 11,9% өскен коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеуді ұмытпау ғана қалады. Өйткені табысы азайған алпауыт экспорттаушыларға еңсесін тік ұстауға халық болмаса, кім көмектеседі", – деген пәлсапалық оймен тұйықтады "Новые Известия".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу