Көрші Иран елінде енді не болып жатқаны анықталды

562

Каспий бойынша көрші мемлекетте – жаңа көсем. Аятолла Арафи Иранның уақытша Жоғарғы көшбасшысы болып тағайындалды. 

Көрші Иран елінде енді не болып жатқаны анықталды Фото: ЖИ

"АҚШ пен Израилдің Иранға соққылары салдарынан аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін, Жоғарғы көшбасшының міндетін уақытша атқару аятолла Әлиреза Арафиге жүктелді. Ол Иранды жаңа Жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін басқаратын Уақытша басшылық кеңес құрамына енді. Мұны Иранның Саяси орындылықты анықтау кеңесінің ресми өкілі Мохсен Дехнави мәлімдеді", – деп жазды Deutsche Welle.

"Конституцияның 111-бабында Уақытша басшылық кеңес құрамында Конституция сақшылары кеңесінің 1 заңгері болуға тиіс делінген. Саяси орындылықты анықтау кеңесі аятолла Әлиреза Арафиді аталған кеңестің мүшесі етіп сайлады. Бұл ел басқаруының үзіліссіз жалғасуын қамтамасыз етеді, әрі Сарапшылар кеңесіне мүмкіндігінше тезірек тұрақты көшбасшыны сайлауға жол ашады", – деді Мохсен Дехнави.

67 жастағы Арафи шиит ағымының ықпалды дін қайраткері саналады және күні кеше қаза тапқан аятолла Әли Хаменеидің сенімді өкілі болған. Ол Иранның Конституция сақшылары кеңесінің де, сондай-ақ Жоғарғы көшбасшыны сайлайтын Сарапшылар ассамблеясының да мүшесі.

Аятолла Хаменеидің қазасын азалау

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи 28 ақпанда Тегеранда АҚШ пен Израилдің бірлескен әуе операциясы кезінде қаза тапты. Оның өліміне байланысты Иран билігі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялады. Ел тұрғындарына жеті күн демалыс берілді. Хаменеи Иран Ислам Республикасын отыз жылдан астам уақыт басқарған еді.

Сол күні Иран жоғары басшылығының өзге де өкілдерінен айырылды. Шейіт болғандар қатарында Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Мұхаммад Пакпур және Хаменеиінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі, елдің ықтимал келесі көсемі саналған Әли Шамхани бар.

Ирандық IRNA агенттігінің хабарлауынша, жаңа Жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін елді 3 адамнан тұратын Уақытша кеңес басқарады. Оның құрамына Иран Президенті Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылары кеңесінен заңгері Әлиреза Арафи кірді. Иран Конституциясына сәйкес, мұндай кеңес Сарапшылар ассамблеясы жаңа Жоғарғы көшбасшыны сайлағанға дейін ел тізгінін өз қолында ұстайды.

Билікке үміткер

Иранның соңғы шахының ұлы, әрі ханзада, эмиграциядағы ирандық оппозицияның көрнекті өкілдерінің бірі Реза Пехлеви ел тізгінін ұстауға дайын екенін қайта мәлімдеді. Бұл туралы ол 1 наурызда The Washington Post газетінде жарияланған мақаласында жариялады.

"Көптеген ирандықтар, кейде оқ астында басын қатерге тіге отырып, менің Иранның жаңа кезеңге өтуіне жетекшілік етуімді қалады. Мен олардың батылдығы алдында бас иемін және шақыруын қабыл алдым. Алға апарар жол айқын: бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылдануға тиіс. Содан кейін халықаралық бақылаумен еркін сайлау өтуі шарт. Иран халқы дауыс беріп, таңдау жасаған соң, өтпелі Үкімет таратылады. Иран Ирак соғысынан кейінгі "қателіктерді" қайталамайды. Институттар таратылмайды, билік вакуумы болмайды, бейберекеттікке жол берілмейді", – деп уәде етті Пехлеви.

Америка Иран билігінде діни көшбасшы емес тұлғаны көргісі келуі мүмкін. Алайда Вашингтон әзірге Тегеранға толықтай шарт қоя алатын жағдайда емес. Дегенмен, келіссөздер барысында өз талаптарын ұсынуы ықтимал.

Президент Доналд Трамп сенбілік соққылар келіссөздерді айтарлықтай жеңілдеткенін мәлімдеді. Оның пікірінше, АҚШ пен Израилдің шабуылдарынан соң Иранмен дипломатиялық қарым-қатынас "әлдеқайда оңайлаған".

"Әскери операция Иранның позициясын әлсіретті және келіссөздерге жол ашуы мүмкін. Енді онымен келісу кешегіге қарағанда әлдеқайда оңай. Себебі оларға оңдырмай ауыр соққы беріп жатырмыз", – деді Трамп CBS News телеарнасына телефон арқылы сұхбатында.

Трамп операция нәтижелерін жоғары бағалап, сенбідегі соққыларды "ел үшін ұлы күн, бүкіл әлем үшін ұлы күн" деп атады. Ал, The Atlantic басылымына сұхбатында ол Иранның жаңа басшылығы онымен сөйлескісі келетінін және өзінің бұл ұсынысқа келіскенін мәлімдеді.

"Олар тосыннан менімен тілдесуге ынтығып отыр. Мен де сөйлесуге келістім. Сондықтан олармен келіссөз жүргізетін боламын. Олар мұны ертерек істеуі керек еді. Жүзеге асыруы өте оңай әрі тиімді болатын ұсынысты ертерек жасауға тиіс еді. Олар тым ұзақ күтті", – деді Трамп.

Бұл әңгіменің қашан болатынын нақтылаған журналистке АҚШ президенті: "Мен сізге оны айта алмаймын", – деп жауап берді. Ол сондай-ақ соңғы апталарда кездесулерге қатысқан ирандық келіссөз тобының біраз мүшесі қаза тапқанын жеткізді.

"Бұл адамдардың басым бөлігі қазір тірі емес. Бізбен жұмыс істеген кейбір адамдар да қаза тапты, өйткені бұл өте ауқымды соққы болды. Олар мұны ертерек істеуі керек еді, Майкл. Олар келісімге келе алатын еді. Олар айлакерлік танытпақ болды, сөзбұйдаға салды. Салдарынан, келісімге кешігіп қалды", – деді америкалық лидер.

Трамп америкалық-израилдік соққылар салдарынан Иранның 48 жетекшісінің қаза тапқанын мәлімдеді. Мұны тексеру қиын.

"Біздің жетістіктерімізге ешкім сене алар емес: 48 көшбасшы бір мезетте жоқ болды. Оқиға барысы өте жылдам өрбуде", – деді Дональд Трамп Fox News арнасына сұхбатында, Иранға қарсы жалғасып жатқан америкалық-израилдік әскери науқанды меңзей отырып.

Сонымен қатар, арағайын ретінде Оман елі Тегеранның атысты тоқтатуға әзір екенін білдірді. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи телефон арқылы омандық әріптесі Бадр бин Хамад Әл-Бусаидимен сөйлесіп, жағдайды ушықтырмауға бағытталған кез келген салмақты күш-жігерге Тегеранның ашық екенін хабарлапты.

Жаңа билікпен жаңа келіссөз бола ма?

Бұл жағы белгісіз. Жаңа, әрі уақытша билікті әлемдік қауымдастық әзірге мойындаған жоқ. Жексенбі күні Германия канцлері Фридрих Мерц "Тегерандағы режимнің билікті ары қарай ұстап тұруға ешқандай легитимділігі жоқ" екенін және Иран халқының өз саяси басшылығын өзі таңдап алуы маңызды екенін мәлімдеді.

Иран президенті Масуд Пезешкиан жексенбі күні Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи қайтыс болғаннан кейін Уақытша басшылық кеңес өз жұмысын бастап кеткенін жария етті. Ол бұл қадамды конституциялық мұрагерлік үдерісінің бір бөлігі ретінде түсіндірді.

Алдын ала жазылған бейнеүндеуінде Пезешкиан кеңестің 1 наурызда жұмысқа кіріскенін мәлім етті. Сондай-ақ ол ирандық қарулы күштердің "жау базалары" деп танылған нысандарға шабуылдарын жалғастыратыны туралы құлағдар етті.

Қуғында жүрген ханзада Реза Пехлеви Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи қайтыс болғандықтан, ирандық қауіпсіздік күштері мен қалған шенеуніктерді қызметтен кетіп, билікті халыққа бейбіт тапсыруға шақырды. Ол жүйе күйреудің алдында тұрғанын айтып, биліктің қантөгіссіз берілуіне табанды түрде үндеді.

Бейнеүндеуінде Пехлеви Хаменеидің орнына мұрагер тағайындаудың кез келген әрекеті елді жарға жығатынын ескертіп, оны алмастыратын тұлға легитимділіктен айырылып қана қоймай, бұрынғы биліктің қылмыстарына ортақтас болатынын ескертті. Әскерилерге, полицияға және қауіпсіздік күштеріне жеке қайрылған ханзада оларды "Иран халқына, Арыстан мен Күн революциясына" қосылуға шақырды. Оның байламынша, бұл "қырық жеті жылдық түнектің" аяқталуына жол ашады.

Бейбітшілік бұйығы жатыр...

Осы кезде соғыс екінші күн қатарынан жалғасты.

"Президент Трамп айтқандай, Иран қарулы күштерінің, Ислам революциясы сақшылар корпусының және полицияның әскери қызметшілері қаруларын тастауға тиіс", – делінген АҚШ Орталық қолбасшылығы таратқан мәлімдемеде.

Доналд Трамп Truth Social-дағы жазбасында АҚШ Иранның 9 әскери-теңіз кемесін жойып, суға батырғанын мәлімдеді. "Қалғандарымен де айналысамыз, олар да жақын арада теңіз түбінен бір-ақ шығады! Тағы бір шабуыл барысында біз олардың әскери-теңіз штабын біршама күйреттік", – деп қосты Трамп.

Аты аталмаған шенеунік Associated Press агенттігіне президент Доналд Трамп келіссөздерге дайын екенін, алайда әзірге әскери операциялар үзіліссіз жалғасатынын хабарлады.

Бұған жауап ретінде Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи "лаңкестік шабуыл" елдің соғысу қабілетіне әсер етпейтінін нықтады.

"Шығысымыз бен батысымызда (Ауғанстан және Иракты меңзегені) америкалық әскердің жеңілістерін зерттеуге 20 жыл уақытымыз болды. Тиісті сабақ алдық. Астанамызды бомбалау біздің ұрыс жүргізу қабілетімізге еш нұқсан келтірмейді. Орталықтандырылмаған "Мозаикалық қорғаныс" жүйесі соғыстың қашан және қалай аяқталатынын өзіміз шешуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Иранға сырттан да қолдау келіп жеткендей. Ирактағы "Исламдық қарсылық" қозғалысы жексенбі күні Ирак пен аймақтағы америкалық әуе базаларын нысанаға алып, ондаған дронмен соққы бергенін, 23 шабуылдау операциясын жүргізгенін жариялады.

Өз кезегінде Израиль әскери күштері Тегеранға қарсы соққылардың жаңа кезеңі басталғанын жариялады. Израиль әскери өкілдерінің мәлімдеуінше, Тегерандағы негізгі басқару және бақылау орталықтарына бағытталған әуе соққыларының жаңа толқыны барысында Иранның ішкі қауіпсіздік күштерінің штаб-пәтері және басқасы талқандалды. Биньямин Нетаньяху алдағы күндері Тегеранға жасалатын израилдік соққылардың тек күшейетінін жариялады.

"Біздің күштер Тегеран орталығына соққыларды барған сайын үдеген қарқынмен жасауда. Алдағы күндері бұл екпін тек арта түседі. Күштерді біріктіру бізге 40 жыл бойы армандағанымды жүзеге асыруға – дұшпан режимге шешуші соққы беруге мүмкіндік ұсынды. Менің де уәде еткенім осы еді және біз соны орындаймыз", – деді Израилдің премьер-министрі.

Қысқа-нұсқа

• Пентагон Иранға соққы беру жөніндегі өз миссиясын "Эпикалық қаһар операциясы" (Operation Epic Fury) деп атады. Израиль бұл шабуылын "Арыстанның ақыруы" ("Lion’s Roar") деген атпен тарихында қалдырады. Иран жауларына жауап операциясын "Ақиқат уәдесі 4" ("True Promise 4") деп жариялады.

• Америка Иран режиміне қарсы операциясында кем дегенде 3 америкалық әскери қаза тапқанын, тағы бесеуінің ауыр жараланғанын мәлімдеді. Мұны АҚШ Орталық қолбасшылығы хабарлады.

• Иранның БАӘ-ге шабуылдары кесірінен үш адам қаза тауып, 58 адам жеңіл жарақат алғанын елдің Қорғаныс министрлігі жария етті.

• Иранның Кувейтке жасаған шабуылдарынан бір адам мерт болды, 32 адам жараланды, дейді елдің Денсаулық сақтау министрлігі.

• Жексенбі күні Израилдің жедел жәрдем қызметі Израилдің Бейт-Шемеш қаласына жасалған зымыран соққысы салдарынан алты адамның қаза тапқанын хабарлады. Бұлар қорытынды дерек емес.

• Израиль армиясының өкілі Иранға қарсы израилдік операцияға 100 000 резервистің жұмылдырылып жатқанын мәлім етті.

• Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) дерегінше, Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазында америкалық және британдық 3 мұнай танкеріне зымыранмен соққы берген.

• Жексенбі күні ИРСК америкалық "Авраам Линкольн" авианосецін 4 баллистикалық зымыранмен атқылады, делінген Tasnim агенттігі таратқан хабарламада. Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы "USS Abraham Lincoln" баллистикалық зымырандардың соққысына ұшырады деген ақпаратты жоққа шығарып, кеме зақымданбағанын және зымырандардың "тіпті оған жақындай алмағанын" қосты. Ұшақ тасымалдаушы кеме Иранды зымыранмен соққылауын жалғастырған.

• АҚШ Иранның зымыран позицияларына соққы беру үшін төрт B-2 бомбалаушысын жіберді. Төрт бомбалаушы АҚШ-тан барып, Ирандағы баллистикалық зымырандардың жерасты қоймаларына салмағы 900 келі ондаған бомбаны тастады, дейді Fox News тілшісі Дженнифер Гриффин.

• АҚШ әскері "Джамаран" сыныбындағы ирандық кемеге соққы жасағанын және кеменің "қазіргі уақытта Оман шығанағының түбіне батып бара жатқанын" мәлімдеді.

• Иран елде азық-түлік, жанармай және дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. Жексенбі күні Иран үкіметі жалғасып жатқан әскери қимылдарға және халықтың ереуілдеріне қарамастан, елде бірінші кезектегі тауарлар, бензин немесе дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екеніне сендірді, деп жазады Iran International.

• Иран Үкіметінің баспасөз хатшысы Фатиме Мохаджерани негізгі тауарлардың жеткізілімі бүкіл ел бойынша толық қамтамасыз етілгенін және кептелістердің алдын алу үшін жанармайды тарату жұмыстары ұйымдастырылғанын, соның ішінде негізгі жолдарда жылжымалы жанармай құю бекеттері іске қосылғанын айтты. Сондай-ақ ол порттардың қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын және тауарларды кедендік рәсімдеу кідіріссіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Иран Ормуз бұғазын жапты. Бұл әлемдік мұнай жеткізілімінің негізгі "күретамырларының" бірі: үштен бір бөлігі сол дәлізбен тасылады. Егер дағдарыс бірнеше күнге созылса, сарапшылар қара алтынның құны барреліне 120–150 долларға дейін шарықтайды деп болжап отыр. Соғыс басталған күні Brent маркалы мұнай бағасы 72-ден 73,5 долларға дейін ғана көтерілді. Бүгінде шамамен 73 доллар деңгейінде саудалануда.

Жексенбі күні кемелер қозғалысын қадағалау деректеріне сілтеме жасап, Reuters агенттігі хабарлағандай, АҚШ пен Израилдің Иранға жасаған соққыларынан соң кемінде 150 танкер, соның ішінде шикі мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын кемелер кептелісте тұр. Олар соғыс аймағындағы Ормуз бұғазынан тыс, Парсы шығанағының ашық суларында зәкір тастады. Тағы ондаған кеме тар өткелдің арғы бетінде қалып қойған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу