Көршіде сұйық май зауыттары шығынға ұшырап, жаппай жабыла бастады

725

Бұл Қазақстанда күнбағыс майының қымбаттауына соқтыруы, тіпті оның тапшылығын туғызуы мүмкін бе? 

Көршіде сұйық май зауыттары шығынға ұшырап, жаппай жабыла бастады Фото: pexel

Ресейлік басылымдардың жазуынша, РФ-та қып-қызыл шығынға батуы салдарынан күнбағыс майын өндіретін зауыттар бірінен соң бірі жабыла бастады. Бұл жағдай өндірістің де күрт азаюына ықпал етті.

OleoScope аналитикалық компаниясының дерегінше, бір жыл ішінде – 2024 жылғы 1 қыркүйектен 2025 жылғы 31 тамызға дейін созылған ауыл шаруашылығы маусымында Ресейде күнбағыс майының өндірісі 11%-ға құлады. Бір жылда 6,94 млн тоннасы ғана шығарылған.

Сонымен бірге, барлық өсімдік майларының өндірісі де осы бір жыл ішінде 7%-ға құлдырады. Небәрі 9,47 миллион тоннасы жасалған. Салыстырсақ, 2023 жылғы қыркүйек пен 2024 жылғы тамыз аралығындағы алдыңғы маусымда Ресейде барлық сұйық майдың (күнбағыс, рапс, соя, зығыр майларының) 10 миллион 142 мың тоннасы өндірілген еді.

OleoScope сарапшылары жергілікті өндірушілердің экспорттық жеткізілімдерге де ынта-мотивациясы жоғалғанына назар аудартты. Ресейлік күнбағыс майының негізгі сатып алушылары қатарында Үндістан мен Түркия қалды. Ресейлік эксперттер сұйық майлар бойынша РФ экспорты Қытайдың арқасында ғана жүріп тұрғанын, алайда ханзу елінің күнбағыс майынан гөрі рапс майын көп алатынын мәлім етті.

Биылғы 31 тамызда аяқталған өткен ауыл шаруашылығы маусымының қорытындысында өндірісі өскен жалғыз өсімдік майы – осы рапс майы болды. OleoScope дерегінше, оның шығарылымы 16% ұлғайып, 1,44 млн тоннаға жетті.

Алайда Май-тоңмай одағының атқарушы директоры Михаил Мальцевтің пікірінше, шикізатының құнының жоғары болуы салдарынан бұл сегменттің табыстылық-рентабелділігі бірнеше пайызды ғана құрайды.

Оның үстіне, бұл салада РФ жалғыз Қытайға қатты тәуелді. Әрине, ресейлік рапс майын Латвия мен Норвегия да шамалап сатып алады. Алайда "Рексофт Консалтинг" Агроөнеркәсіп кешеніндегі құзыреттер орталығының атқарушы директоры Дмитрий Красновтың бағалауынша, бұл экспорттағы ҚХР-дың үлесі 90%-дан асады.

OleoScope мәліметінше, өткен маусымда (12 айда) РФ 1,39 млн тонн рапс майын экспорттады. Соның ішінде 2025 жылдың 7 айында рапс майының 865 мың тоннасы жаһандық нарыққа жеткізілді және одан 844 миллион доллар табыс түскен.

Дмитрий Красновтың түсіндіруінше, сұйық май саласындағы кері кетуге РФ-тағы зауыттардың үлкен бөлігінің тоқтауы түрткі болды. Өйткені биылғы ақпан айынан бері олардың рентабелділігі "минус 20%-ды" құрады, яғни, қалпымен шығынға батты. Шығынды басыартық қордаламау үшін бірнеше зауыт жұмысын тоқтатуға шешім қабылдаған.

Михаил Мальцев күнбағыс шемішкесі құнының қымбаттауы, әлемдік нарықтардағы бағаның стагнациясы, рубльдің нығаюы және қолданыстағы жоғары алым-салықтар кесірінен сала экономикасы "минусқа" кеткенін мәлімдеді. "Совэкон" орталығының мәліметінше, тамызда күнбағыстың орташа құны бір тоннасы үшін 35,4 мың рубльді құрап, бір жыл ішінде 12,3%-ға өскен.

"Neo компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі серіктесі Альбина Корягинаның есептеуінше, тазартылмаған күнбағыс майының табыстылығы 2023 жылғы 11,4%-дан 2025 жылғы І-ші тоқсанда 0,6%-ға құлады. Сарапшы былтыр күнбағыс шығымдылығының төмендеуі, астығының аз жиналуы кесірінен оның майы үшін қажет ресурстық база қысқарғанын ескертті. Тұтастай алғанда, Корягина РФ экономикасының нашарлауы бизнес үшін күнбағыс майын шығаруды қызықсыз еткенін нықтады", – деп жазды "Коммерсантъ" газеті.

"Moscow Times" басылымының дерегінше, биылғы наурызда саланың бір алыбы – ресейлік "Эфко" агроөнеркәсіптік компаниясы Краснодар өлкесіндегі бірден 2 кәсіпорнын жапқанын жариялады. Олар тәулігіне жалпы көлемі 3,2 мың тонна сұйық май шығаратын.

Салыстырсақ, Ресейдің сұйық май бойынша бүкіл ішкі тұтынысы тәулігіне 10,9 мың тоннаны (жылына 4 млн тонна) құрайды. Яғни, осы екі зауыт қана ішкі қажеттіліктің үштен бір бөлігін өтеп келген еді.

"Натуральные продукты" компаниясының тең құрылтайшысы Алексей Подобедов ресейлік май зауыттары жарты жылдан бері шығынмен жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Оның байламынша, "биылғы маусымда сала кәсіпорындары табыс табудан үміттеніп те отырған жоқ".

OleoScope сарапшылары соңғы 12 айда Ресейден жаһандық нарыққа күнбағыс майының экспорты да 11%-ға күрт құлдырап, небары 4,72 миллион тоннаны құрағанын қаперге салды. Бұл сала экспорты елге тек 2,9 млрд доллар табыс келтірген екен.

РФ 2025 жылғы 1 қыркүйекте басталған жаңа ауыл шаруашылығы маусымында өсімдік майының барлық түрінің экспортын 21%-ға арттырып, 8,2 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда Дмитрий Красновтың мәлімдеуінше, бұған қол жеткізу мүмкін емес, себебі, халықаралық нарықтарда бәсекелестік қарқынды түрде өсіп барады.

Мәселен, негізгі аграрлық өңірлерін соғыс шарпыған Украинаның өзі бір ауылшаруашылығы маусымында Ресейден әлдеқайда көп күнбағыс майын – 5,7 миллион тоннадан астамын халықаралық нарыққа экспорттай алған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстанда әзірге сұйық май тапшылығы байқалмайды. Сонымен бірге оны өндіру үшін қажетті шикізат жетіспейді. Оны шетелден де алғызады.

2025 жылғы қаңтар–шілде айларында өсімдік майын өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 24%-ға артып, 420,5 мың тоннадан 521,2 мың тоннаға жетті. Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 457,7 мың тоннаны құрап, өткен жыл деңгейінен (367,8 мың тонна) 24,5%-ға жоғары болды.

Жалпы, 2024 жылы елде 753 мың тонна өсімдік майы өндірілген еді. Бұл 2023 жылмен (672,1 мың тонна) салыстырғанда 12%-ға артық. Күнбағыс майының өндірісі 18,3%-ға өсті.

Бүгінде елімізде жылына 4,7 млн тонна майлы дақыл тұқымын өңдеуге қауқарлы 88 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Дегенмен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, олардың өндірістік қуаттары орташа есеппен небары 35%-ға ғана жүктелген.

"Биыл Қостанай, СҚО, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында майлы дақылдардың егіс көлемі айтарлықтай артты. Алдағы екі жылда елімізде жылына 1,5 млн тонна өнімді қайта өңдеуге қуаты бар зауыттар іске қосылады. Қазіргі таңда нарықта шикізат тапшылығы байқалуда", – дейді "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.

сұйық майды шетелге сату ауқымы артып барады. 2024 жылы өсімдік майларының экспорты бірден 29%-ға артты. Негізгі экспорт бағыттары: Қытай халық республикасы – жалпы көлемнің 42,4%-ы, Өзбекстан – 35,4%, Тәжікстан – 12,7%, Ауғанстан – 3,2%, Қырғызстан – 1,4%, Латвия және Түрікменстан – 1,8%.

Биыл сұйық майды, соның ішінде күнбағыс майын шетелге өткізу көлемі күрт артады деп жоспарланған. Өйткені осыған қолбайлау болып келген теміржол цистерналарының тапшылығы мәселесі шешілді.

Көрші Қытай майды енді флекситанкпен – полимерлі материалдардан жасалған жұмсақ-эластикалық резервуарлармен тасуға кірісті. 2025 жылғы 3 қыркүйекте 156 тонна көлеміндегі алғашқы күнбағыс майының партиясы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Нантонг қаласына 40 футтық контейнерлердегі флекситанк арқылы жөнелтілді. Тасымалдау "ҚТЖ" ұлттық компаниясы мен мен Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылды.

"Сұйықтықтарды тасымалдауға арналған икемді флекситанк логистиканы оңтайландырып, шығындарды азайтуға және жүктің өңделу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Контейнерлік тасымалдарды дамыту Қытайға, Таяу Шығыс елдеріне – БАӘ, Қатар, Кувейт пен Сауд Арабиясына, сондай-ақ Оңтүстік Кавказға, яғни, Әзербайжанға және Арменияға экспортты кеңейтуге жол ашады. Заманауи логистикалық шешімдер арқылы біз жеткізілім географиясын кеңейтіп, отандық май-тоңмай өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра аламыз", – деді ұлттық қауымдастықтың басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу