Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында Чикунгунья вирусын жұқтырудың 3181 жаңа жағдайы тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Гуандун провинциясының ауруларды бақылау және алдын алу орталығы соңғы деректерді жариялады. Науқастар 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында анықталған. Олардың басым бөлігі Цзянмэнь қаласында тіркелген.
Чикунгунья безгегі адамға Aedes масалары шаққанда беріледі. Аурудың белгілеріне дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, бас ауруы, буын мен бұлшықеттердің ауырсынуы, жүрек айну, әлсіздік және бөртпелердің пайда болуы жатады.
"Риа Новости" басылымының жазуынша, биыл әлем бойынша 445 мыңнан астам адам маса арқылы таралатын Чикунгунья безгегіне шалдыққан.
"2025 жылғы 1 қаңтар мен 30 қыркүйек аралығында әлемнің 40 елінде жалпы саны 445 271 болжамды және расталған жағдай, сондай-ақ 155 өлім жағдайы тіркелді", – деп хабарлады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.
Чикунгунья безгегін тарататын Aedes масаларының популяциясы әлем бойынша 27 аймақта таралған.