Яғни, Қазақстанның ұлттық валютасы Иранның валютасынан 80 есе қымбат.
Сонымен, Иран ұлттық валютасының тағдырына қатысты тарихи шешім қабылдады. Біріншіден, оны жаңа валютаға өзгертеді. Екіншіден, деноминациялайтын, яғни, көптеген нөлдерін алып тастайтын болды.
"Иран кең ауқымды ақша реформасын жоспарлап отыр. Ол купюралардан 4 нөлді жоюды қарастырады. Сондай-ақ ресми валютасының атауы қазіргі "риалдан" жаңа бірлікке – "туманға" өзгертіледі", – деп хабарлады мемлекеттік Mehr агенттігі.
Осы мақсатта Иранда "Қаржылық реформа туралы" арнайы заң қабылданды. Бұл заң жобасын елдің бір палаталы Парламенті – Меджлис Ислам кеңесіне (Маджлес-е шоура-йе эслами) республиканың жаңа Президенті Масуд Пезешкианнің өзі енгізген болатын.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл құжатты Иранның Министрлер кабинеті сонау 2019 жылы мақұлдап қойыпты. Содан бері пандемия, экономикалық дағдарыс, саяси күйзеліс, геосаяси ахуалдың ушығуы сияқты кедергілер туындаған.
Енді ел басшылығы осындай реформа жүргізу үшін қолайлы уақыт, ыңғайлы аралық кезең туындағаны туралы ұйғарым жасады. Сол себепті, Парламенттен оны "шұғыл тәртіппен" қарау сұралды.
Ирандық сарапшылардың дәйектеуінше, қаржылық реформа елді жайлаған "созылмалы" сипаттағы жоғарғы инфляциямен күреске де бағытталған. ИИР Статистика орталығының (Statistical Center of Iran) мәліметінше, 2024 жылдың қазанында инфляцияны біршама құрықтауға қол жеткізілді.
Нәтижесінде, Иранда жылдық инфляция қазан қорытындысында 34,5% болды. Бірақ соның өзінде ол әлемдегі ең жоғары инфляциялардың бірі болып қалды.
Сондай-ақ Иран үкіметінің дәйектеуінше, "туман" – елдің ұлттық валютасының төлем қабілеттілігін арттыруға септесуге тиіс. Өйткені бұлай бара берсе, ескі риалға сенімі жоғалған ел қалпымен алтынмен, бартермен, тіпті доллармен есептесуге көшіп алуы мүмкін. Америкамен қырғи-қабақ болғанымен, елде 2013 жылдан кейін шығарылған долларлар тегіс қолданыста.
Бұдан бөлек, ұлттық валютаны ауыстырудың және деноминация жүргізудің тағы бір мақсаты ретінде есеп айырысуларды жеңілдету аталды. Тіпті қарапайым затты сатып алу үшін миллиондаған цифрды атаудың өзі оңай емес.
Сонымен қатар Теһран (Тегеран) ақша реформасы арқылы халықаралық аренада төл ұлттық валютасының имиджін жақсартуға ниетті.
Заңға сәйкес, жаңа валюта – "туман" ескі 10 000 риалға және 100 парсэге тең болады. Ескі ұлттық валюта екі жыл бойы жаңасымен қатар қолданыста жүреді.
Осы мақсатта жаңа есептесу жүйесіне көшу үшін 2 жылдық өтпелі кезең бекітілді. Бірақ көп нөлі бар болғанымен, құны жоқ ескі риалдардан шаршаған бұқара мен бизнес тез-ақ жаңа ақшаға көшіп алуы мүмкін.
Оған дейін, қазіргі кезде ирандық риал – әлемдегі ең арзан валюталардың бірі болып қалуда. Иран Орталық банкінің ресми бағамы бойынша бірқатар банктер 1 доллар үшін 50 мың риал береді. Алайда халық арасында кең сұраныс болғандықтан, біраз базарда 1 доллар берсеңіз, делдалдар, алыпсатарлар 77 мың риал ұстата салуға дайын. Тек алаяқтарға алданып қалмаңыз.
Айта кеткен жөн, халықаралық деңгейде "туман" (түпнұсқасында, تومان, томан) аталған ресми ұлттық валюта Парсы мемлекетінде 1825 жылдан бастап, 1932 жылға дейін айналымда болды.
Бұл валюта әлемдегі ең құндыларының бірі саналды. Мысалы, ХІХ ғасырда 1 туман Ресей империясының алтынмен кепілдендірілген 4 рубліне тең болған. Яғни, өзге жаһандық державалармен бірге Еуропа мен Азияны өзара бөліске салған Ресей патшалығының дәуірлеп тұсында да оның валютасы ирандық валютадан 4 есе арзан бағаланды.
1932 жылы Иранда зайырлы мемлекет орнап, жаңа өкімет ақша реформасын жүргізді, туманды ирандық риалға ауыстырды. Алайда Иран жұртшылығының бір бөлігі сол дәуірді аңсайтыны байқалады. Иран Ислам Республикасының ұлттық валютасы риал болғанымен, базарларда, дүкендерде, яғни, бөлшек саудада тауар бағасы туманда көрсетіледі. Бұл қолайлылық үшін жасалған және есептесу кезінде қаптаған артық нөлдерге назар аудармауға мүмкіндік береді.
Дегенмен, бұл елге саяхаттаған қазақстандықтар абай болғаны жөн. Жағдайына қарай "1 туман" дегені не 10 мың риалға, немесе тіпті 10 миллион риалға тең болуы мүмкін. Бұл көршіміз толығымен жаңа туманға көшіп алғаннан кейін ондай жаңылысулар болмауға тиіс.