Көршіміз Каспийге қатысты жағымсыз жаңалығын жария етті

1624

Ресей Еділ-Каспий каналының түбін тереңдетуді әрі қарай жалғастырудан бас тартты.

Көршіміз Каспийге қатысты жағымсыз жаңалығын жария етті Фото: pinterest.com

Мұны ресейлік ақпарат құралдары жазды. "Финансирование село на мель" атты мақаласында "Коммерсантъ" газетінің жазуынша, РФ үкіметі Еділ-Каспий теңіз кеме жүру арнасын (ЕКТКА) 4,2 метрден 4,5 метрге дейін тереңдету жөнінде өз мойнына міндеттеме алған болатын, алайда енді бұл жобаны әрі қарай жалғастырудан бас тартып, орта жолдан тастауға ұйғарды.

"Каспийге құятын басты қайнар – Еділ өзенін және Каспийдің бір бөлігін, жалпы ұзындығы 188 шақырымдық арнаның түбін тереңдету жұмыстары сондай-ақ "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін дамыту жобасы үшін аса қажет. Бұған дейін, 2023 жылы 10,2 миллион, ал, 2024 жылы – 6,8 миллион текше метр ғана лайлы топырақ шығарылған. Алайда соңғы 2 жылда Каспий теңізі деңгейінің аса қауіпті төмендеп кетуі шығарылуға тиіс балшық көлемінің артуына соқтырды", – деп мәлім етті "Коммерсантъ".

Ресейлік газеттің нақтылауынша, Еділ мен Каспий арнасын бұрынғыдан да көбірек тереңдетуге тура келеді. Ал, бұл тиісті жұмыстардың құнын қымбаттатып жібереді.

Оның үстіне, бүгінде осы іске жауапты "Росморпорт" қаржы тапшылығына тап болды. "Ъ" дереккөзі хабарлағандай, ЕКТКА түбін тереңдету жұмыстарына 2023 жылы 4,08 миллиард рубль жұмсалған. Соның ішінде 2,08 миллиарды ғана мемлекеттік бюджеттен берілген, қалған 2 миллиардын "Росморпорт" өз "қалтасынан" шығаруға мәжбүр болыпты.

Салдарынан, 2024 жылы бұдан да аз – 3,51 миллиард рубль ғана бөлінді. Оның бәрі – "Росморпорттың" қаржысы. Яғни, іс жүзінде РФ үкіметі бұл істі қаржыландыруды былтыр доғарды. Бар жүк компанияға артылды.

Кемелер қайраңға отырып қалмай, жүзе алуы үшін Еділ-Каспий арнасының түбін тереңдетуге аталған компания 2025 жылы кем дегенде 3,53 млрд рубль бағыттауға тиіс еді. Бірақ "Росморпорттың" қаржылық ауыр жағдайы мұны беймүмкін еткен. Оның үстіне бұл компанияның кемелерден жинай алған "арналық алымы" (канальный сбор) 2024 жыл қорытындысында небәрі 310 млн рубльді құрады.

Салдарынан, Қазақстан, Орталық Азия елдері, Ресей, Иран және Үндістан сияқты 11 елді қамтитын "Солтүстік – Оңтүстік" (NS) халықаралық көлік дәлізінің осы бөлігінде, төменгі жағы 4,2-4,5 метрге дейін бататын (осадка) кемелер жүре алмайды, олар Астрахан және Оля порттарына кіре алмайды. Демек, халықаралық бағыт ортанқол кемелерге немесе толық тиелмегендеріне ғана қызмет етуі мүмкін.

Бұл процесс басталып та кетті. "Росморпорттың" дерегінше, бүгінде ЕКТКА-да түбі суда 4,5 метрге дейін шөгетін алып кемелердің жалпы сандағы үлесі 6%-ға дейін құлдырады. 2024 жылы Астрахан мен Оля порттарына осындай бар-жоғы 2 кеме ғана кірген.

Ресейлік сарапшылар Каспийдің жоғары қарқынмен құрғауы оның басқа да бөліктерінде түпті тереңдету жұмыстарының қажеттілігін туғызғанын, алайда бұл салаға мемлекеттің бағыттайтын қаражаты да күрт сұйылғанын қаперге салды.

"Нарық қатысушылары түпті тереңдетудің аса маңызды екенін ескертті. Өйткені қазіргі кезде кемелер осы дәлізде жүкпен жарым-жартылай ғана артылған күйде жүзуге мәжбүр. Ал, жүк айналымының өсу перспективасы бар. Иран каспийлік порттары арқылы астық сатып алу көлемін 2-3 млн тоннаға дейін арттырғысы келеді. Дәл осы кезде бағыттың өткізу қабілетін арттыру орнына РФ үкіметі Еділ-Каспий теңіз кеме жүру арнасын ең құрығанда 4,2 метрден 4,5 метрге дейін тереңдету бойынша ескі жобадан да бас тартуды жоспарлап отыр", – деп жазды ресейлік экономикалық шолушы Наталья Скорлыгина.

РФ экология министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин тоқтаусыз таязданған Каспий теңізінің су деңгейі 2024 жылы сындарлы "минус 29 метр" межесіне дейін түсіп кеткенін мәлімдеді. Бұл теріс құбылыс әсіресе, Қазақстанға тиесілі Солтүстік Каспий бөлігіне барынша көп ықпал етіп отырған көрінеді.

"Росгидрометтің" мәліметінше, алдағы 10-15 жылда Каспий теңізінің тартылуы тоқтамайды, жалғасады. Бұл процесс жаһандық жылынумен, теңізге нөсерлете төгер жауын-шашынның азаюымен, ауа температурасының күрт қызуымен байланысты. Ол бүгінде нормадан орта есеппен 2 градусқа жоғары.

Нәтижесінде, ресейлік шенеуніктер президентке хатта "түбі 4,5 метрден кем емес тереңдікке дейін шөгетін ірі кемелердің өтуін қамтамасыз ететін түпті тереңдету жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайды және маңызсыз" деп тапты.

Каспий теңізінің түбін тереңдету жұмыстарына былтырдан бастап Қазақстан да кіріскен болатын. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың хабарлауынша, әзірге тек шағындау Құрық портының акваториясының түбі ғана тереңдетілді.

Биылғы маусымда Үкімет "Ақтау портында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын 2025 жылғы шілдеде бастау жоспарланып отырғанын" жариялады.

Көлік министрлігі әзірше Транскаспий бағытында соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артқанымен мақтануда.

"Мемлекет басшысының жолдауында серіктес елдер – Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен ТХКБ дәлізін дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде. Соңғы 5 жылда бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі 6 есеге ұлғайды: 2020 жылғы 800 мың тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Тек былтырдың өзінде тасымал көлемі 62%-ға артып, контейнерлік тасымал 2,7 есеге көбейген еді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тасымал көлемі 2,3 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық", – деді көлік вице-министрі Қалиақпаров.

Сарапшылар Каспий таяздана берсе, әрі оның жағалауында түпті тереңдету жұмыстары дағдарса, бұл дәліздің өткізу қабілеті одан сайын құлдырайтынын айтып жүр.

Теңіздің әрі қарай тартылатын түрі бар. Ғалымдар да осыған қатысты мазасыз болжам жасады.

"Каспийдің су деңгейі 2025 жылдың соңына қарай тағы шамамен 25 сантиметрге түсіп кетуі мүмкін. Бұған өңірде жауын-шашынның тапшылығы әсер етуде. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең қатты құрғау болғалы тұр. Зерттеушілердің осы үрейлі болжамын Бүкілресейлік балық шаруашылығы және океанография ғылыми-зерттеу институтының Еділ-Каспий филиалы басшысының орынбасары Сергей Шипулин X Каспий медиафорумында жария етті", – деп хабарлады Baku.ws.

Шипулин теңіздің су деңгейі сонау 1995 жылдан бері тұрақты түрде құлап бара жатқанын жеткізді. Соның ішінде ең қатты төмендеу соңғы 5 жыл ішінде тіркеліп отыр.

Ғалымдардың болжамынша, егер жауынның сирек жаууы сақталса, онда 2030 жылға қарай, яғни, осы онжылдық түгесілер тұста Каспий шамамен тағы бір метр деңгейін жоғалтуы ықтимал. Онда бұл теңізбен ірі кемелер жүзе алмай қалады.

Шипулин қазірдің өзінде Каспийдің Қазақстан және Ресей бөлігі барынша тез таязданып жатқанын, тек оңтүстігі, Иран бөлігі мейлінше терең қалпында қалғанын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу