Иран Ислам Республикасы Ауғанстан Ислам Әмірлігінің территориясы арқылы Қытай Халық Республикасымен тікелей байланысатын болды. Бұған дейін ол негізінен Қазақстан аумағындағы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автокөлік дәлізі мен Каспийдегі Ақтау, Құрық порттарын пайдаланып келген еді.
Әлемде дәліздер үшін тайталас қызып жатқанда ирандық ақпарат құралдары "Иран – Ауғанстан – Қытай" жаңа дәлізі іске қосылғанын жариялады.
"Иран – Ауғанстан – ҚХР жаңа теміржол маршруті ашылды. Datvan компаниясы Ираннан Ауғанстан жері арқылы Қытаймен тікелей қатынасты жолға қоятын жаңа бағыттың таяуда толыққанды қолданысқа берілетіні туралы хабардар етті. Қытайдан Иранға қарай теміржол дәлізіне Datvan теміржол компаниясы қызмет етеді", – деп хабарлады "Свободный Иран" орыстілді жергілікті басылымы.
Ирандық халықаралық журналист Хаял Муаззин бұл бағытпен аттанған алғашқы теміржол құрамын – қара алтын тиелген цистерналардың видеосын таратты.
"Жақын арада Datvan теміржол флоты Қытайдың шойын жолдарын біздің қымбатты отанымыз – Иранмен байланыстыратын болады. Бұл жол экспортымызды, импортымызды және еліміз арқылы өтетін транзитті дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ аймағымыздағы сауда-саттықтағы Иранның орнын нығайтады", – деп мәлім етті Муаззин.
Жалпы, картаға қарасаңыз, Ауғанстан территориясының солтүстігі сиырдың құйрығындай шұбатыла созылған ұзындығы 91 шақырымдық "шашақты жолаққа" айналып кетеді. Ол екі қапталда қалатын Тәжікстан, Пәкістан шекараларын бойлай, сұғына отырып, Қытай шекарасына барып тіреледі. "Вахан дәлізі" аталатын осы жолақтың арқасында ауған елі ҚХР құрамындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданымен тікелей байланысып жатыр.
Сондықтан Иран бағзы замандарда болған, ауған жері арқылы шың елімен тура барыс-келісін қалпына келтіруді бұрыннан аңсап келеді. Бұл мұратын жүзеге асыруына Ауғанстанда азды-көпті тыныштық пен тұрақтылықтың орнауы септесті.
"Соның ішінде көрші екі ел арасындағы Хаф-Герат теміржол желісінің Ауғанстандағы төртінші телімінің құрылысы жеделдетілді. Бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасында Иран территориясы арқылы өтетін жаңа стратегиялық маршрутке жаңа дем береді. Тиісінше, ҚХР мен Еуропа арасындағы Әзербайжан, Қазақстан сияқты делдалдарды алып тастайды. "Фарс" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып, "Тасним жаңалықтар" хабарлағандай, Иран және Ауғанстан арасындағы теміржол қатынасы Хаф-Герат теміржолы бойынша жүзеге асырылады", – деп мәлімдеді Tasnimnews.com.
Қоңсы қонған қос елдің арасын жалғайтын Хаф-Герат теміржолының ұзындығы 225 шақырымды құрайды. Оның 78 шақырымы – ирандық территорияда, қалған 147 шақырымы – ауғандық аумақта жатыр.
Tasnimnews мәліметінше, ирандық ірі Хаф қаласынан ауғанстандық Герат шаһарына дейін жететін теміржол желісінің құрылысы 2007 жылы бірден төрт телімде басталған болатын. Сайланған Президент басқарған бұрынғы ауғандық үкімет кезінде соның 140 шақырымдық үш желісі салынып бітті. Бұл үш телім Иранның жетекшілігімен тұрғызылды. Ал, Ауғанстанның жауапкершілігіндегі 85 шақырымдық желі сол бойы аяқталмай қалған еді.
Осы төртінші желінің құрылысы толық тәмамдалып, түпкілікті қолданысқа берілген соң, Иран – Ауғанстан арасында жыл сайын бұл жолмен 3 миллион тонна экспорттық-импорттық тауар және 1,7 миллион тонналық транзит өткізілетін болады. Бұл желі "Иран – Ауғанстан – Қытай" халықаралық дәлізі мақсатында толыққанды пайдаланыла бастағанда, транзит көлемі еселеп артуы мүмкін.
Ирандық сарапшылардың түсіндіруінше, өзге делдал елдер алып тасталатын тікелей маршруттің экономикалық артықшылықтары көп. Біріншіден, жүк тезірек жетеді. Екіншіден, елдер арасында тікелей экономикалық қатынастар аясы кеңейеді. Үшіншіден, қазіргі автомобильмен тасымалдаулар теміржол көлігіне көшіріледі. Төртіншіден, Ауғанстан өзі өндіріп жатқан минералды шикізатын – қазба байлықтарын Қытайға және Иранға, тіпті ирандық Чабахар порты арқылы алыс шетелге тіке жеткізе алады.
Қазіргі кезде осы үш ел арасындағы құрлықтағы дәліз – теміржол маршруті кейбір тұсында тар өтпелерге тіреліп, тығындалады. Дегенмен, бұл бағыт болашақта жүк тасымалы арындаған өзендей тоқтаусыз тасқындайтын кең "күретамырға" айналу әлеуетіне ие.
Иранның Жолдар министрінің орынбасары Хушанг Базванд Хаф-Герат теміржол желісінің төрт телімінің екеуі – Иран, екеуі – Ауғанстан аумағында орналасқанын, соның ішінде Тегеран өз мойнындағы үш телімнің құрылысын бітіріп, 2020 жылы тапсырғанын еске салды. 2021 жылы Ауғанстанның сайланған президенті елден қашып, билік басына тәліптердің келуі бұл құрылысты да дағдартты.
Әйтсе де, вице-министр Базванд енді екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Иран төртінші телімдегі қосымша жұмыстарды да өзі аяқтап, теміржол желісінің ақауларын жойды. Осылайша, теміржол биылғы күзде механикаландырылған техниканың жүруіне жарамды күйге келтірілді.
Базвандтың мәліметінше, бұдан бөлек екі ел арасындағы Захедан – Милак жаңа теміржол желісі де стратегиялық сипатқа ие болды. Оның бірінші телімі – Чабахар–Захедан теміржолы 2025 жылдың соңына дейін салынып болады.
Ирандық көлік және транзит жөніндегі эксперт Кәрім Наинидің пікірінше, қазіргі Хаф-Герат теміржолы тек Иран және Ауғанстанды теміржолмен байланыстырумен шектелмейді. Ол сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанды айналып өтетін, "Қытай – Өзбекстан – Ауғанстан – Иран – Түркия – Еуропа" арасын қосатын жаңа 2 000 шақырымдық "Шығыс – Батыс" континентаралық теміржол маршрутін жүзеге асыруды аяқтайды.
"Мұның тарихи маңызы бар. Теңізге шығар жолы жоқ, әлемдік мұхиттарға қол жеткізе алмаған, дамуда кенжелеп қалған Ауғанстан енді өз аумағы арқылы өтетін қауіпсіз жолды иеленеді, сол арқылы өзге елдермен ашық сауда-саттық жасай алады, транзиттен табыс тауып, елінің әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік алады", – деді Наини.
Ирандық сарапшы бұл жаңа континентаралық дәліздің бір тармағы ирандық теміржол желісі арқылы Каспийге жететінін, содан соң ирандық порттардан тікелей Ресей порттарына шығатынын, яғни, "Солтүстік – Оңтүстік" (Каспий айдыны – Ресей – Солтүстік Еуропа) дәлізіне қосылатынын болжады.
Келесі бір бұтағы "Шығыс – Батыс" ТРАСЕКА (Түркия мен Оңтүстік Европа) халықаралық дәлізімен үйлесуі ықимал. Тағы бір саласы Қытай, Ауғанстан және Иран теміржолдары арқылы тасылатын жүкті Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас порты арқылы Парсы шығанағына, сондай-ақ Чабахар порты арқылы Үнді мұхитына әкетеді.
Байқап тұрсыз, мұның бәрі Қазақстан аумағын айналып өтеді, оны халықаралық маршруттан тыс қалдырады. Сондықтан шет қалып қоймау мақсатында Қазақстан да бұл жаңа бағыттарға қосылудың амалын іздеп жатыр.
Таяуда Қазақстан мен Ауғанстан Тургунди-Герат теміржолын салу туралы уағдаластықтарға қол жеткізді. Тургунди (құжатта солай жазылған, тұпнұсқада – Торгунди) Түрікменстанмен шекарадағы Кушки жағалауында орналасқан. Ол түрікмендік Серхетабад қаласымен теміржолмен байланыстырылған.
Осы ауғандық Торгунди шаһарын ауғандық ірі Герат қаласымен қосатын жаңа теміржолды Қазақстан салып беруге ниетті. Бұл туралы уағдаластық Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапары аясында бекітілді.
Биылғы 2025 жылғы сәуірде Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында "Тургунди – Герат – Қандағар – Спин-Болдак" теміржолы құрылысына қатысуға ниет білдіру туралы хаттамаға қол қойылды.
"Алда көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық келісімі – осы қол жеткізілген уағдаластықтың жалғасы болады. Оның шеңберінде "Тургунди – Герат" учаскесінде теміржол желісі және оған қажетті инфрақұрылым, сондай-ақ Герат қаласында көлік-логистикалық орталық салуды бастау айқындалады", – деп мәлімдеді Қазақстан Үкіметі.
Жоба өзара аймақтық транзиттік байланысты кеңейту, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-логистикалық байланысты нығайту, Үнді мұхитының порттарына қол жеткізуде Қазақстан үшін ерекше маңызға ие.
Үкіметтің дерегінше, жаңа теміржол желісі Ауғанстан аумағы арқылы өтетіндіктен әрі оңтүстік бағытта жүк тасымалдауда ең қысқа маршрут болғандықтан, болашақ трансұлттық дәліздің негізгі буыны саналады.
Қол қойылған хаттама АХҚО юрисдикциясында істейтін "Қазақстан темір жолы", "Ауғанстан темір жолдары" мен "Түркіменстан темір жолдары" (Türkmendemirýollary) арасында бірлескен кәсіпорын құруды көздейді. Өйткені Қазақстан жері Ауғанстанмен шектеспейді, оған Түрікменстан арқылы шығады.
Теміржол желісін салу кезінде талшықтық-оптикалық кабельді қоса төсеу қарастырылады. Бұл талшықты-оптикалық байланыс желісі телефон және интернетті қосу арқылы теміржол бағытындағы қозғалысты басқаруды жақсартуға бағытталған, әрі көлік дәлізі бойындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытады. Сонымен қатар, тек теміржол желісімен шектелмей, болашақта оның бойында орын тепкен елді мекендерді де жоғары жылдамдықты интернетке қосу мүмкіндігі артады.