Көршіні жаппай коммуналдық авария жайлады: жүздеген мың адам жылусыз қалды

306

Ұланғайыр ел ғаламат ауқымдағы коммуналдық дағдарыстың құрсауында: халқы жаппай жаурап жатыр.

Көршіні жаппай коммуналдық авария жайлады: жүздеген мың адам жылусыз қалды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Ондаған қаласында жылу, жарық пен су беру тоқтап, тұрғындар қақаған аязда жан бағудың амалын өздері іздеуге мәжбүр. Ресейде 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы елді толқын-толқынмен жапқан төтенше жағдайларға ұласып барады.

Елдің әр өңірінде жылу магистралдары істен шығып, қазандықтар тоқырап, су құбырлары жарылып, электр желілері үзіліп жатыр. Мұндай хабарлардың әрқайсысының артында "қатып" қалған мыңдаған баспана, қашықтан оқуға көшкен шәкірттер, ауызсу тапшылығына тап болған тұрғындар және аяздан аман шығудың жолын өз бетінше амалдаған халық тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Жағдайдың қауіптісі – апаттардың РФ-тің барлық аумағында ауа райы күрт суыған кезде орын алуы. Ауа температурасы нөлден төмен түскенде жылудың аз уақытқа ғана жоғалуының өзі тұрмыстық қолайсыздықты төтенше жағдайға айналдырады. Оның үстіне апаттардың қайталануы Ресейдің коммуналдық инфрақұрылымының қысқы маусымға дайындығына деген күмәнді күшейтті.

Владивосток: 25 мыңнан астам адам жылусыз

Владивостокта коммуналдық желілердің зақымдануы салдарынан 25 мыңнан астам тұрғын жылу мен ыстық судан ажыратылды. Апат 100-ден астам көпқабатты тұрғын үйді, 7 әлеуметтік нысанды қамтыды.

Бұған қоса, қаланың іргелес аумақтарында электр қуаты апатты жағдайда өшірілді. Салдарынан 1 500-ден астам адам, 10 көпқабатты және 393 жеке үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар жарықсыз қалды. Прокуратура коммуналдық желілердің техникалық жағдайы мен оларды күтіп ұстау сапасына қатысты тексеруін бастады.

780 мыңдай адам өмір сүретін Владивостокта бұған дейін де электр қуатының жаппай үзілуі тіркелген. Мысалы, Первореченск ауданында болған авариядан 20 мыңнан аса адам тоқсыз қалған.

Иваново: басқарушы компаниялар тұрғындарды тағдыр тезіне тастаған

"Қалыңдықтар қаласы" деген бейресми атауымен танымал Ивановода "Строители" даңғылындағы жылу құбырының зақымдануы салдарынан бірден 23 көпқабатты үй қатып қалды. Бұл үйлерде 4 168 адам тұрады, олардың 832-сі – бала. Мектептер мен балабақшаларға да жылу беру доғарылған.

Прокуратура апат салдарын жою мерзімін бақылауға алды. Алайда бұл қаладағы коммуналдық ахуалдың ушыққанын көрсеткен жалғыз оқиға емес. Ивановоның едәуір бөлігі бұған дейін де ЖЭО-3 жылу жүйесіндегі ақауларға байланысты жылусыз қалған. Тағы 16 көпқабатты үйге жылу берілмей тұр.

Оның үстіне, жылуды қайта қосу желілердің зақымдануы және ғимараттарға қызмет көрсетуге қатысты түйткілдердің салдарынан қиындаған. Басқарушы компаниялар сол қатып қалған үйлерге қызмет көрсетуден бас тартты. Жергілікті журналистер тұрғындардан жылусыз қалған баспаналардың мекенжайын жинап, "Суық пәтерлер картасын" іске қосты. Оған күн сайын жаңа мекенжайлар қосылуда.

Тверь: тұрғын аудандар аяз қоршауында

Тверь қаласында болған коммуналдық апат салдарынан көптеген тұрғын жылу және ыстық сусыз қалды. Қала тұрғындарынан, Соминка мен Вагонзаводты қоса алғанда, бірнеше шағынауданнан шағым түсті.

Жылумен жабдықтаушы ұйым тұйық магистралда шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оқиға орнына үш бригада – 17 маман мен үш арнайы техника жұмылдырылған. Жылу беруді қалпына келтіру мерзімі әр учаске бойынша бөлек белгіленді.

Тверде түнгі ауа температурасы небәрі –1°C-қа дейін төмендегеніне қарамастан, бір ғана магистралдағы ақау тұтас тұрғын аудандарды қалыпты тұрмысынан айыруға жеткілікті болды. Бұл коммуналдық жүйенің қаншалықты тозғанын тағы бір мәрте аңғартты.

Бодайбо: коммуналдық апат тағы қайталанды

Иркутск облысында шамамен 12 000 адам тұратын Бодайбо қаласында жылыту маусымының қайтадан төтенше жағдай сипатында өту қаупі туды. Ауа температурасы шамамен –20°C-қа дейін түскенде, қала жылусыз және ыстық сусыз қалды. Апатты жоюға бар болғаны бес маман мен бір техника жұмылдырылған.

Ең алаңдатарлығы сол, өткен қыста қала басынан өткерген төтенше жағдай қайталануда. Былтыр су құбырының қатып қалуы салдарынан төрт қазандық тоқтап, 196 тұрғын үй және мектептер жылусыз қалған еді. Қалада ТЖ режимі енгізіліп, қылмыстық істер қозғалған.

Жаңа жылыту маусымы қарсаңында билік қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, 4 шақырым желі жөнделіп, 8 қазандықтың дайындығы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Жабдықтарды жаңғыртуға 16 миллион рубль бөлінген, деп жазды Interfax.ru.

Алайда Бодайбо қайтадан қысқы коммуналдық күйреудің аз-ақ алдында тұр. Құбырлар "жөнделді", көркем есептер әзірленді, бөлінген қаржы игерілді. Соған қарамастан, қала сенімді жылумен жабдықтау жүйесіне әлі де қол жеткізе алмаған.

Белгород: бүлінген үйлер қысты жылусыз қарсы алуда

Белгород тұрғындары коммуналдық мәселемен қатар, тағы бір қауіпке тап болды. Таяудағы дрондар шабуылынан кейін көпқабатты үйлердің терезелері қирап, ғимараттардың жылу сақтау жүйесі бұзылған "Жилищный фонд" басқарушы компаниясы терезелерді қалпына келтіруге қажетті қаржы желтоқсаннан ерте бөлінбейтінін мәлімдеген.

"Басқарушы компаниядағылар терезелерді тіпті мөлдір пленкамен де жауып бермейтінін, жылу оқшаулағышы бар ДСП қалқандарын да орнатпайтынын мәлімдеді. Салдарынан далаға кетпеуі үшін деп, жылу беру де өшірілді. Өйткені бұл жұмысқа қажетті қаражат желтоқсаннан ерте бөлінбейді", – деді тұрғындар Incidentia.ru порталына.

Амалы таусылған тұрғындар Ресей Президентінің әкімшілігіне шағымдануды жоспарлап отыр.

Ростов-на-Дону: ЖЭО-дағы апат үйлерді "үсітті"

Ростов-на-Донудағы жылу электр орталығында болған апат қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындарды жылу мен ыстық сусыз қалдырды (Батыс тұрғын алабында шамамен 180–187 мың адам тұрады). Коммуналдық қызметтердің қашан қалпына келетіні әзірге белгісіз.

Қала тұрғындары әлеужелілерде жаппай шағымданып, көрсетілмеген қызметтер үшін есептелген төлемдерді қайта қарауды талап етуде. Жергілікті жұртшылықтың шағымдануынша, онда да апаттар жүйелі түрде қайталана беретін болыпты. Бір жыл бұрын дәл осы ЖЭО-да болған апат шамамен 1 500 көпқабатты тұрғын үйге және әлеуметтік нысандарға кері әсер еткен еді.

Сонымен қатар жылу желілерінің зақымдануына байланысты Ростовтағы тағы жеті тұрғын үй жылусыз қалғаны хабарланды. Жөндеу жұмыстары бірнеше күнге созылғалы тұр.

Иркутск: түнгі құбыр жарылысы 8 700-ден астам адамды "зарлатты"

Иркутск қаласының Октябрь ауданында магистральдық құбырдың зақымдануы салдарынан 8 700-ден астам тұрғын жылусыз, ыстық сусыз қалды. Апат 71 көпқабатты тұрғын үйге, 4 әлеуметтік нысанға және 16 әкімшілік ғимаратқа залал келтірді.

Ақауды диспетчерлік қызмет анықтады: түнгі кезекші желідегі судың шамадан тыс шығындалып жатқанын байқап қалыпты. Оқиға орнына 15 маман мен жеті арнайы техника жіберілді.

Басқа қалалар: коммуналдық апаттар күнделікті құбылысқа айналуда

РФ-тің өзге өңірлерінде де жағдай мәз емес. Коммуналдық желілердегі ақаулар, жарықтың жаппай сөнуі және жылу берудің тоқтауы тұрғындардың күнделікті тірлігінің бір бөлігіне айналып барады.

Мәскеу облысындағы Серпухов қаласында "Труд" стадионы маңында диаметрі 377 миллиметр болатын жылу құбыры жарылды. Салдарынан 77 көпқабатты тұрғын үй, бірнеше балабақша, төрт мектеп және тағы 11 нысан жылусыз, ыстық сусыз қалды. Бұған қоса, суық су беру де тоқтатылуда.

Екатеринбургтің Эльмаш ауданында да тұрғындар суықтан бүрсең қағуға мәжбүр. Жылудың жоқтығынан жұрт жаппай электр жылытқыштарын, кейбірі тіпті қолдан жасалған (мысалы, қызыл кірпішті ойып) жылыту құрылғыларын пайдалануға көшкен. Алайда мұндай амал электр желілеріне қосымша салмақ түсіріп, соның кесірінен электрмен жабдықтау жүйесінде де апаттар туындаған.

Пенза қаласындағы жарықтың жаппай сөнуі "Жеңіс монументі" шағынауданын қамтыды. Ворошилов және Коммунистическая көшелерінде электр қуаты, жылу мен ыстық су бір мезгілде жойылған.

Қолайсыз ауа райының зардабы Хабаровск өлкесінде айқын сезілді. Қарлы боран мен екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен дауыл шамамен 100 электр беру желісінің тірегін құлатты. Төрт муниципалитетте 21 315 адам, оның ішінде 7 103 бала және 49 әлеуметтік нысан электр қуатынсыз қалды. Бес елді мекенде электрмен жабдықтау қалпына келтірілгенімен, қысқы дауылдың қайта күшеюі салдарынан жаңа ақаулар пайда болып, жарық тағы сөніпті.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райы елдің тағы төрт өңірінде 40 мыңға жуық адамды электр қуатынсыз қалдыруда.

"Төрт субъект аумағында 38 мыңнан астам адам электрмен жабдықтаусыз қалды. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды", – деп хабарлады ведомство.

Алайда зардап шеккен нақты өңірлердің атауы жарияланған жоқ.

Рязань қаласында ұшқышсыз аппараттар шабуылынан кейін электр беру желілерінің зақымдануы жарық, жылу және су жүйелерінің жұмысына зиянын келтірді. Қазандықтар да, сорғы станциялары да тоқтап қалған.

Түнгі аязда тұрғындарға қолдан келген амалмен жылынуға, су қорын жинап алуға және балама жылыту көздерін іздеуге тура келуде.

Ресей өңірлерінде, бірінен соң бірінде тіркеліп жатқан бұл апаттар жекелеген техникалық ақаулардың жиынтығы ғана емес, коммуналдық инфрақұрылымның жүйелі әлсіздігін көрсететін дабылға айналды. Бір қалада жылу магистралі жарылса, екіншісінде қазандық тоқтайды, үшіншісінде электр бағаналары шетінен күйреп, мыңдаған адам жарықсыз қалады.

Тозығы жеткен коммуналдық жүйені жаппай жаңарту орнына шенеуніктер тұрғындарды жаңа шығынға отырғызғалы тұр. 2026 жылы коммуналдық қызметтердің ақысы шамамен 17%-ға өсті. Бұл – 2009 жылдан бергі рекордтық өсім. Қазан айынан бері электр энергиясын жеткізу тарифтері тағы 15,2%-ға қымбаттады.

Ресейдің Құрылыс және ТКШ министрлігі қазандықтарды, жылу, су құбырлары мен кәріз жүйелерін жөндеуге қосымша үстемеақы енгізуді ұсынды. РФ Үкіметі бұл ұсынысты желтоқсанға дейін қарауға тиіс.

Бұған қоса, РФ Экономикалық даму министрлігінің болжамынша, алдағы үш жылда коммуналдық тарифтер тағы 27,2%-ға өседі. Нақтылағанда, 2027 жылы – 11%, 2028 жылы – 8,6%, 2029 жылы 7,6%-ға жоғарылайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу