Өзбек футболының қазіргі бір жұлдызы Абдукодир Хусановтың ұлыбританиялық "Манчестер Ситиге" трансфері осы аптадағы көп талқыланған басты бір спорт жаңалығына айналды.
Айта кету керек, бүгінде Англияның Премьер-лигасында 6-шы орын алатын "Манчестер Ситиді" 2008 жылы Abu Dhabi United Group компаниясы сатып алған болатын. Ол оған астатөк инвестиция салды. Осының арқасында клуб дүниежүзіндегі жоғары жалақылы футболшыларды өзіне тартуда.
"Ланстың" 20 жасар орталық қорғаушысы үшін клуб қожайындары – араб шейхтары бүкіл аймағымыз үшін тарихи баға – 40 миллион еуро төлеуге дайын. Sportnews.kz дерегінше, Орталық Азия футболының тарихында мұндай цифр ешқашан болып көрмепті.
Абдукодир медициналық тексерістен өтуі керек, содан кейін тараптар мәмілені жабады. Ол "Манситиге" көшкен соң, өзбектің небәрі 3 спортшысы әлемде бағалануы жөнінен бүкіл Қазақстанның футбол құрамасынан қымбат тұратын болады.
Inbusiness.kz туыстас Өзбекстанның ең қымбат ТОР-3 аяқдопшысын назарыңызға ұсынады.
1. Абдукодир Хусанов – клубы франциялық "Ланс". Трансферлік құны 12 миллионнан енді 40 миллион еуроға жоғарылады. Абдукодирдің өсу жолы таңдай қақтырып, тамсандырады. Минскінің ортанқол "Энергетика-БГУ" беларусьтік футбол клубынан бастаған ол әлемдегі ең мықты клубтармен контракт бекіту шыңына шыға алды.
Спорт сарапшыларының бағалауынша, 20 жасар Хусанов шымырлығымен, шаршауға шыдамдылығымен, ойын алаңындағы жігерлі әрі серпінді қимылымен, стандарттарды нәтижелі орындауымен және қорғаныстағы сенімділігімен ерекшеленеді. "Ланстың" бас бапкері Уильям Стилл оны Олимпиада атлетімен салыстыра келе, жан-жақты қабілеттерін аузынан суы құри әңгімеледі.
2. Аббосбек Файзуллаев – клубы "ЦСКА". Трансферлік құны 8 миллион еуро. Zamin.uz жартылай қорғаушы Аббосбекті мамандардың "өзбек Мессиі" деп атайтынын еске салады. Аяғы аяғына жұқпай жүгіре жөнелгенде, айлаға салғанда оған ере алатын қарсылас аз. 2003 жылы туған 21 жасар Аббосбек 2023-2024 жылғы маусымда "Ресей Премьер-лигасының жаңалығы" деп танылды.
Файзуллаевқа қазіргі кезде Германияның Бундеслигасында 1-ші орында тұрған "Бавария" клубы қызығушылық танытуда. Голға апарар мүмкіндіктерді қаптатып тудыра алатын, бірде ілгері, бірде кейін емес, орнықты түрде жоғары ойын машығын танытып жүрген ол бүгінде Мәскеудің ЦСКА-сының басты ойыншысына айналып, барлық ресейлік футболшыны ысырды. Аббосбек келесі маусымға дайындық аясында Біріккен Араб Әмірліктерінде жаттығуда. Оның қатысуымен ЦСКА 23 қаңтарда қазақстандық "Ордабасы" клубына қарсы ойнайды.
3. Элдор Шомуродов – клубы "Кальяри". Трансферлік құны – 4 миллион еуро. Элдор – Өзбекстан құрамасы тарихындағы ең үздік бомбардир. Ол еңбекқорлығы мен дарыны арқасында ресейлік "Ростов" клубынан италиялық "Ромаға" дейінгі жолды жүріп өтті.
Бүгінде италиялық "Кальяри" клубында, "А Сериясында" ойнайды. Өзбекстан құрамасының лидері және команда капитаны Эльдор Шомуродовтың арқасында Өзбекстан өз тарихында алғаш рет футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына шығып отыр. Жалпы, Өзбекстан осынау жаһандық топ-турнирге кіре алған Орталық Азиядағы жалғыз ел болмақ.
Transfermarkt порталы FIFA рейтингінде 110-орын алатын Қазақстанды 58-орындағы Өзбекстанмен салыстырды. Мамандандырылған порталдың дерегінше, Қазақстанның тіпті кеңейтілген құрамдағы ұлттық құрамасының ойыншыларының жалпы трансферлік құны 18,5 млн еуроны ғана құрайды. Дәл осы кезде Өзбекстанның әлгінде аталған 3 ойыншысының ғана трансферлік көрсеткіші бұл саннан бірнеше есе асып түседі.
Ал, Sportarena.kz жазуынша, "Манчестер Сити" "азиялық футбол әлемінің ғажайыбына" айналған Абдукодир Хусанов үшін 50 миллион доллар аударған соң осы жалғыз ғана өзбек спортшысының құны Азиядағы көптеген үздік командалардың құнынан асып түсетін болады.
Спорттық басылым түрлі дереккөздерге сілтеме жасап, клуб пен ойыншы арасында келісімге қол жеткізілгенін және Абдукодир таяу күндері ағылшын Премьер-Лигасында ойнауға кірісетінін хабарлады.
Сонымен, Абдукодир Хусановтің трансферлік құны Азия тарихында болмаған 40 миллион еуроға жетті. Салыстырсақ, Австралия ұлттық құрамасының бүкіл құрамының трансферттік құны – 39 миллион еуро, БАӘ-де – 35 миллион еуро, Қатарда – 18,9 млн еуро. Сауд Арабиясыныкі – 18,8 миллион еуро. Аймақтағы өзгелер де осының айналасында.
Айта кету керек, бұрынғы онжылдықтарда Азия құрлығынан тек Жапония мен Оңтүстік Кореяның ойыншыларына ғана жоғары баға белгіленетін. Алайда қазіргі дәуірде ойыншылары әлемде кең таныла бастаған Өзбекстан олардың алдын орап кетті.
Мысалы, осының алдында Элдор Шомуродов үшін италиялық "Рома" 18 миллион еуро төледі.
"Бұл екі елдегі футболдың деңгейін тамаша паш етеді. Бізде: футболға бірде бір спортқа берілмейтіндей орасан зор көлемде бюджет қаражаты төгілуде. Сондағысы – ФИФА-ның желтоқсандық рейтингіндегі 110-шы орын. Оларда: Азиададағы жеңіс, ойыншысының құны 50 миллион долларға дейін жетті және еуропалық жетекші клубтарға шақырылып жатыр. Бізде – легионерлерге қойылған лимит жойылды. Олар – жергілікті дарындарының көмегімен-ақ Орталық Азия тарихында футболдан Әлем чемпионатына шыққан тұңғыш елге айналды", – деп салыстырды Sportarena.kz.
Басылымның дерегінше, Қазақстан мен Өзбекстан 7 рет кездесіп, оның біреуінде ғана Қазақстан құрамасы жеңіске жетіпті. Бірақ бұл жеңіс 30 жыл бұрын болған.
Өзбекстанның 17 жасқа дейінгі балалар құрамасының өзі 2012 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды, 2010 жылы финалда ойнады, үш рет ширек финалға шықты. 4 рет әлем чемпионатына қатысты, ширек финалға дейін жете алды.
Қазақстанның құрамасы жастар арасындағы әлем біріншілігіне тарихта 1 рет қана – 1999 жылы қатыса алды.
"Бокстағы сияқты футболда да біздің барлық жетістігіміз – тек тарихта, артымызда қалған. Өзбек ағайындарда бәрі – бүгінде және болашақта. Қайыр-қайтарымының жоқтығына қарамастан, қазақстандық футбол елдегі ең бай, ең шығыны көп спорт болып қалуда. Мемлекеттің бүкіл спортқа жұмсайтын бюджеттік қаражаттың басым бөлігі осы бір ғана спортқа бөлінеді. Өзбекстанда бюджет әлдеқайда аз, оларда футбол қанағатшыл спорт. Бірақ жетістіктері ғаламат", – дейді спорт журналисі Нұржан Сәмитов.
Өз кезегінде Өзбекстан Абдукадир Хусановтың "Манчестер Ситиге" ауысуын футболды насихаттаудың қуатты құралы ретінде пайдалануда. Телеарналар оның қатысуымен қаптаған ролик түсіріп, жас ұрпақты футболмен кәсіби айналысуға шақырып жатыр.
Өзбекстан Олимпиадалық құрамасының бапкері Тимур Кападзенің айтуынша, Хусановтың бұл тарихи жетістігі Өзбекстандағы жас футболшылар үшін мотивацияланудың қуатты қайнарына айналды. Бұл сондай-ақ елде футбол инфрақұрылымының әрі қарай дамуына қозғау салады. Ауқатты өзбектер аулалық клубтардан бастап, төл кәсіби клубтарына дейін ашып, қаржы салып жатыр.
Ташкент сонымен қатар Хусановтың беделін Өзбекстанның әлемдік аренадағы имиджін көтеру үшін пайдаланатын болады.
Бұдан бөлек, кезінде 100 мың еуроға ғана сатып алған өзбек футболшысының трансфері француздық "Лансқа" 40 миллион еуро әкелгенін білген шетелдік беделді скауттар, селекционерлер бүгінде Өзбекстанға жаппай ағылуда. Олар өзбек дарындарын тәрбиелеуді тиімді инвестициялық жоба деп қабылдайтын болады.