Ресейлік компаниялардың табысы бірден 40%-дан астамға құлаған. Ел тарихында ХХІ ғасыр басынан бері кездеспеген антирекорд әсіресе, өңірлік бюджеттерді үлкен табыстан, күнкөріс қайнарынан айырды және жүйелі дағдарысқа серпін беруде. Бұған "Коротко по делу" телеграм-арнасы назар аудартты.
Ресей экономикасының ахуалы тағы да күрт нашарлады. 2025 жылғы мамыр айының қорытындысында (РФ статистикасы кеш шығарылады немесе мүлдем құпияландырылады) барлық ресейлік компанияның жиынтықты табысы бірден 40,2%-ға қатты кеміп кетті.
Бір жыл ішіндегі құлдырау – 38,7%-ға жетті. Бұл да ел тарихындағы антирекорд.
Салдарынан, РФ-та тіркеліп, РФ бюджетіне салық төлейтін бүкіл компаниялардың биылғы мамырдағы жиынтықты табысы небәрі 1,76 триллион рублді (шамамен 20,7 миллиард долларды) құрады.
Салыстырсақ, америкалық бір ғана Apple компаниясының 2025 жылғы мамырдағы таза табысы 24,8 миллиард доллардан асты. Биылғы екінші тоқсандағы оның кірісі 95,4 млрд доллардан жоғары болды.
"Барлық ресейлік компаниялардың табысы бір айда, сәуірге қарағанда, мамыр айында 40,2%-ға құлады! Бір жылда, 2024 жылғы мамырмен салыстырғанда, 38,7%-ға кеміді. Бұл енді жай ғана төмендеу емес, нағыз құлдырау! Үкімет табыс салығын жыл басында бұрынғы 20%-дан 25%-ға дейін арттыру арқылы жүздеген миллиард рубль қосымша түсім табуды қатты қалады. Бірақ егер сіз салықты 5 пайызға көтерсеңіз, ал, салық салынатын база 40%-дан артыққа құласа, онда бұл сусыз сақылдап қайнаған бос шәйнекті елестетеді, мұндай жағдайда өрттен құтылу мүмкін емес", – деді ресейлік белгілі бизнесмен, экономист Вячеслав Ширяев.
Осынау өте маңызды көрсеткіштің ғаламат құлдырауы өңірлердің бюджеттеріне жойқын соққы болды. Өйткені олар табыс салығы сияқты алым-салық есебінен тіршілік етіп, күнін күнге жалғап отыр.
Осы ауанда дотациялық тәуелділік дағдарысы ушықты. Салық түсімі күрт төмендегендіктен, дефицитті өңірге айналған РФ субъектілерінің – республика, өлке, округ, облыстардың қатары барған сайын көбеюде.
Дәл осы кезде Мәскеу, керісінше, салық ставкасын көтеру арқылы өңірлерден және бизнестен орталық қазынаға көбірек алым жинаудан үміттенген еді. Осы мақсатта федералдық бюджетті толтыратын табыс салығының ставкасы тағы 5 пайызға, 25%-ға дейін жоғарылатылды.
Алайда, экономист Ширяевтің байламынша, салық салынатын база, яғни, компаниялардың табысы тоқтаусыз құлдыраған жағдайда Үкіметтің бұл қадамы күтілген тиімділік әкелмеді, қайта жүрелеп қалған бизнеске қосымша соққы болады.
Сондықтан сарапшылар шәйнекті "сусыз қайнатуды" доғарып, суытуды, яғни, бизнес субъектілеріне салықтық жүктемені азайтуды ұсынады.
Ендеше, экономистердің тұжырымдауынша, ағымдағы үрейлі үрдіс кең ауқымды дағдарыстың бір алғышартына айналуы әбден мүмкін. Себебі, соғыс шығындары үздіксіз артуда, сонымен бірге халықаралық санкциялық қысым да күшею үстінде.
Ресейлік бизнес орнықтылығын жоғалта бастады. Үкімет мүшелері компаниялардың, инвесторлардың жаңа жобаларын бастаудан бас тартып, бұрынғыларын аяқтаумен ғана шектеліп жатқанына назар аудартып, дабыл қағып жүр.
Осы орайда ресейлік "Новые Известия" дотациялық өңірлердің саны артқанын жеткізді. Жерінің асты-үстіндегі есепсіз ен байлыққа қарамастан Ресейдің төл 83 субъектісінің 63-і дотацияға тәуелді аймаққа айналған. Тек 20 шақтысы ғана өзін-өзі асырайды.
"2025 жылдың бір ғана шілде айында мемлекеттік бюджетке өңірлерден түсім 25,82 миллиард рублге кеміді. Мемлекеттік қазына түгесілуге таяды: маусым айында мұнай-газ табыстары үштен бірге азайды. Бұл – федералдық ақша есебінен өмір сүретін дотациялық өңірлердің мазасын қашыратын жаңалық. Енді біраз өңірдің тұрғындарына аш қарнындағы белбеуін ары қарай тарта түсуге тура келеді", – деп жазды "Новые Известия".
РФ қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы маусымда федералдық бюджеттің мұнай мен газдан түсетін табысы жылдық мәнде алапат 33,7%-ға қысқарды. Бұған әлемдік нарықта ресейлік Urals маркалы қара алтын құнының арзан бағалануы, сондай-ақ долларға шаққанда рубльдің нығаюы кері ықпал еткен екен.
"Ресей өңірлерінің басым көпшілігі – дотациялық. Олардың әл-ауқаты федералдық бюджеттің жағдайына тікелей тәуелді. 2025 жылғы бюджет туралы заңда РФ-тің 63 субъектісі қаржылық қолдауға мұқтаж екені көрсетілген. Олар әлеуметтік төлем төлеу, аграршыларды, басқасын субсидиямен қолдау, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын төлеу және басқасының бәріне федералдық бюджеттен ақша алады. Демек, өзін де, өзгені де асырауға мәжбүр жиырма шақты өңір ғана қалды. Дәстүрлі түрде орталықтан ақшаны бәрінен көп Дағыстан алады: 107 миллиард рубльге жуық. Республикадағы туризмді дамыту оның өз күнін өзі көруіне еш септесе алар емес", – деп мәлім етті ресейлік экономикалық шолушы Мария Соколова.
Ең дотациялы өңірлердің көшінің басында Шешенстан да тұр. Бұл республика Еуропадағы ең биік деп танылуға тиіс заңғар ғимаратты салуды жоспарлап отыр. Ол сондай-ақ таулы күрделі жағдайда бой көтеруімен де ерекшеленуі мүмкін. Бірақ бұл нысансыз да, ағымдағы шығындарына республика 53,6 миллиард рубль сұратып алды.
Соколова бір маңызды жайтқа назар аудартты: тіпті дотациялық болып саналмайтын өңірлер де федералдық бюджетке масыл болып отыр. Жиынтығында бұлар алатын "қайтарымсыз түсімдері" дотациялардан ондаған есе асып түсуі мүмкін.
"Кейде донор өңір делінетіндердің орасан зор қолдау алатыны сонша, оларға ең құрдым түбінде жатқан дотациялық облыстардың өзі қызыға да қызғана қарар еді. Салдарынан, федералдық бюджетті абсолютті түрде барлық өңір "сорып" отыр. Дәл қазір менің айтқаныма таңғаласыз, бірақ Ресейде ең ірі көлемде қайтарымсыз көмек алатыны... Мәскеу! Қазынашылықтың дерегінше, федералдық бюджет астанаға көмек түрінде 487,3 миллиард рубль аударды! Екінші орында тіпті де ашығып отырмаған Мәскеу облысы: 279,2 миллиард рубль алды", – деді ресейлік экономикалық шолушы Соколова.
Егер жан басына шаққанда, лидерлер қатары өзгереді. 2025 жылы мемлекеттік қолдау алу жөнінен пайдалы қазбаға бай Чукотка автономды округі көшбасшы атанды. 1 тұрғынына шаққанда оған федералдық бюджеттен 681 240 рубльден берілген.
Екінші орынға Камчатка шықты: әрбір тұрғынына дотация 369 868 рубльден келеді. Үштікті Тыва республикасы тұйықтады: әр тұрғынына шаққанда мемлекеттен 182 639 рубльден иеленген.
Өз кезегінде "Новые Известия" байламынша, қазіргі салықтық жағдайда РФ-тің бірде бір субъектісі өзін өзі асырай алмайды.
Бұдан бөлек, The Moscow Times Ресейде төлем төлеу бойынша соңғы 5 жылдағы ең нашар ахуал тіркеліп, дағдарыс басталғанын хабарлады. Промсвязьбанк, "Опора России" қауымдастығы және НАФИ аналитикалық орталығы бірлесе жүргізген зерттеу қорытындысы көрсеткендей, 2025 жылғы маусымда бизнесте контрактілік шарттарды бұзу және төлем енгізбеу көлемі күрт артқан.
Зерттеуде ресейлік компаниялардың 79%-ы жеткізген тауары мен көрсеткен қызметі үшін ақысын ала алмай жатқаны жазылған. Компаниялардың 58%-ының контрагенттері жеткізілім үшін ақы төлеуден мүлдем бас тартыпты.
Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының (РСПП) төрағасы Александр Шохин тауар және қызмет ақысын төлеудің кешіктірілуі шағын және орта ғана емес, енді ірі компаниялар арасында да кең таралып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Бұрын олар беделіне селкеу түсірмей үшін төлемді кідіртпеуге тырысатын. Енді бедел түгіл бас қайғы жағдайға түссе керек.
"Төлем тізбегі күйреуде. Орталық банктің әлі де жоғары шешуші ставкасының толқыны барлығын жауып қалды. Бұл бизнесті есепайырысуды кідіртуге итермелейді. Клиенттер бірден есептеспей, қаржысын қолында ұстай тұруды жөн көреді. Шұғыл қажет болып қалуы мүмкін. Тіпті кешіктіргені үшін айыппұл төлейтіні де райынан қайтара алар емес", – деді Шохин.
Ал, Промсвязьбанк сарапшылары біраз жағдайда проблема төлем жасауға қасақана асықпайтын бизнестің қарау ниетімен байланысты емес екенін, әңгіме компаниялардың ауыр қаржылық жағдайы турасында болып отырғанын қаперге салды. Төлегісі келеді, төлеуге қауқары жоқ.
РФ орталық банкінің дерегінше, 2025 жылдың бірінші 5 айында бизнестің төлеу мерзімі өтіп кеткен, қайтарылмайтын борышының көлемінің өзі бірден 20%-ға өсім, 766 миллиард рубльге (шамамен 5 триллион теңгеге) жеткен.