The Moscow Times хабарлауынша, "Аэрофлоттың" ІТ-инфрақұрылымының ізінен "Госуслуги" да "жайрап" қалды.
Түсіндіре кетер жайт, Қазақстандағы eGov порталының үлгісімен бұқара мен бизнеске көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерге жинау үшін РФ үкіметі 2010 жылдан gosuslugi.ru порталын өрістетті. Онда бертінде ғана барлық ведомстволардың қызметтері ұсыныла бастады. РФ азаматтары және елде тұратын шетелдіктер соған тіркеліп, жеке кабинетіне қол жеткізе алады.
"Госуслуги" деп қысқа айтылғанымен, ресми тілде оның "Мемлекеттік және муниципалдық қызметтердің және функциялардың бірыңғай порталы" федералдық мемлекеттік ақпараттық жүйесі" деген ұзынсонар атауы бар.
"Downdetector деректерінен белгілі болғандай, Ресейде мемлекеттік қызметтердің бірыңғай порталы жұмыс істеуін доғарды. Бұл қоғамда резонанс тудырып, заңды және жеке тұлғалардың шағымының тасқынына себепкер болды. Арыз-шағымның ең көп көлемі Мәскеуден (жалпы көлемнің 23%-ы) және Санкт-Петербургтан (11%-ы) түсуде. Сондай-ақ, "Госуслугидегі" проблемалар туралы Ямал-Ненец автономды округінің, Нижегород, Калуга, Тверь, Свердлов облыстарының және басқасының тұрғындары хабарлауда", – деп мәлім етті "Москоу Таймс".
Ауқымы артып бара жатқан шағымдар легінің негізгі бөлігі порталдың жұмыс істемейтіндігімен, мемқызметтердің қолжетімсіз болып қалуымен байланысты. Ресейліктерді электронды үкіметті жүктеу кезінде, "қате" деп шыға беретіні, жеке кабинетке кірудің мүмкін болмай қалғаны ызаландырды.
Қазіргі кезде пайдаланушылардың 60%-ы порталдың веб-версиясының жүктелмейтінін хабарласа, тағы 23%-ы оның мобильді нұсқасының қызметін пайдалана алмағанын жеткізді.
Жүйенің "жатып" қалуы кесірінен РФ тұрғындары шұғыл қажет болған анықтаманы ала алмаған, құжаттарын рәсімдеу мүмкін болмаған. Ресейліктердің тағы бір бөлігі соның салдарынан шетелге саяхатын іске асыра алмапты. Мемлекеттік алым-салықты, бажды төлеу, жүргізушілердің айыппұлдарын өтеуі және басқасы да уақытша тоқтатылды.
Жалпы, "Госуслуги" бағыттары азаматтық пен виза, отбасы, әлеуметтік қамсыздандыру, жер және мүлік қатынастары, алым-салық, құқық қорғау қызметі, еңбек пен жұмысқа орналастыру, табиғат қорғау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім мен ғылым, сақтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және басқа салаларды қамтиды. Яғни, РФ өмірінің барлық қырына қатысы бар.
Әзірге "Госуслуги" порталында федералдық және жергілікті мемқызметтер сол бұрынғыдай қолжетімсіз күйде. Портал тестілік режимде істеп тұр. Ресейлік ақпарат құралдары сервистің толыққанды жұмысының қалпына келу мерзімі белгісіз екенін жария етті.
"Госуслуги" "Аэрофлоттың" айти-жүйелерінің жолын құшқанға ұқсайды. Осыдан бір күн бұрын хакерлер оның ІТ-инфрақұрылымын бұзып тастады. Салдарынан, ресейлік ұлттық тасымалдаушыға жүзден астам рейстерінен бас тартуға тура келді. Бұл солтүстік көршіде кезекті рет көлік "коллапсын" туындатты. "Аэрофлотқа" хакерлік шабуыл үшін жауапкершілікті РФ және Беларусь айтишілерінен тұратын, оппозициялық ұстанымдағы Silent Crow мен "Киберпартизаны BY" өз мойындарына алды.
Бұл топтардың өкілдері ресейлік авиациялық алпауыттың корпоративтік желісіне 2024 жылғы шілдеде жасырын еніп, содан бері біртіндеп барлық сындарлы сервистері мен жүйелеріне бұзып кіргендеріне, басшылар мен қызметкерлерінің дербес компьютерлерін бақылауға алғанына сендіреді.
Хакерлердің мәлімдеуінше, олар жалпы көлемі 12 террабайтқа тартатын маңызды деректерді, соның ішінде "тың тыңдау деректерін" (данные прослушки), ішкі құжаттарын көшіріп алып, ақырында "Аэрофлоттың" ІТ-жүйесін жойып жіберіпті.
Хакерлер өздерінің "Аэрофлот", "Россия" және "Победа" әуе тасымалдаушыларын біріктіретін компанияның корпоративтік желісіне кіре алуына "Аэрофлоттың" бас директорының 2022 жылдан бері құпиясөз-паролін ауыстырмауы себепші болғанын түсіндірді.
Бұған қоса, авиакомпания өз желілерінде ескірген және жаңартылмаған Windows XP және Windows 2003 операциялық жүйелерін пайдаланатыны әшкереленді. Ізінше жүйенің бұзылу фактісін РФ Бас прокуратурасы мойындады. Компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"РИА Новости" агенттігінің мәліметінше, "Аэрофлотты" бұзу салдарларын жоюға бірнеше ай кетуі мүмкін. Мұны сарапшылар растады.
"28 шілденің таңындағы "Аэрофлоттың" ІТ-жүйелері жүйесінде болған ақаудың салдарларын жоюға бірнеше ай қажет болатынын эксперттер куәландырды. Олардың пікірінше, "Аэрофлот" жүйелерін қалпына келтірудің мерзімі бұзудың ауқымына тікелей байланысты. DLBI даркнетке мониторинг жүргізу және деректердің ағып кетуін барлау сервисінің негізін қалаушы Ашот Оганесян Hi-Tech Mail ресурсына сұхбатында "рейстерден жаппай бас тартылғанына қарағанда, әуе тасымалдаушысының ІТ-инфрақұрылымына айтарлықтай залал келтірілгені байқалатынын" мәлімдеді", – деп жазды 3dnews.ru.
"Новости" агенттігінің дерегінше, тек бір ғана мәскеулік Шереметьевода 80-нен көп рейс кешікті және шамамен 60 рейстен бас тартылды.
Оганесянның байламынша, егер компания резервтік көшірмелерін құнттап сақтап қойса, онда ІТ-жүйелерді бір апта ішінде қалпына келтіруге болады. Егер көшірмесі жасалмаса, немесе онысы толық болмаса, қалпына келтіру бірнеше айға ұзайды.
Оның үстіне, сарапшының ескертуінше, егер хакерлер өздері мәлімдегендей, "Аэрофлоттың" ішкі желісінде бір жылдан астам уақыттан бері "тайраңдаса", онда оның бэкаптары қайталай бұзып кіруге жол ашатын "сыртқы есіктермен" (бэкдорлармен) ласталған.
"Информзащита" компаниясының IZ:SOC кибершабуылдарға қарсы тұру және мониторинг орталығының директоры Александр Матвеевтің пікірі де осы арнада тоғысты. Ол әскерилерге де қызмет ететін "Аэрофлоттың" стратегиялық маңызын ескере отырып, мемлекет оның жұмысын таяу тәуліктерде қалпына келтіруге бар күші мен ресурсын жұмылдыратынын жеткізді.
"Алайда жұмысын толыққанды жолға қоюға, барлық жүйелерін қауіпсіздікке жан-жақты тексеріп шығуға, мыңдаған сервисінің күйін келтіруге әлдеқайда көп уақыт талап етіледі. Мамандар топтары ауысыммен, күндіз-түні, қарқынды жұмыс істегеннің өзінде бұған бір айдай уақыт керек. Жалпы, салмақты кибершабуылдар кезінде жолаушылар да зардап шегеді. Олар ешқайда ұша алмайды, рейстерден жаппай бас тартылады. Өйткені бұл жерде ұшулардың қауіпсіздігі жөнінде әңгіме болып отыр", – деді Матвеев.