Қоржынымызға тағы 2 медаль түсті

889

Лейк-Плэсид Универсиадасынан жағымды жаңалық. Сәрсенбі биатлоншыларымыз үшін сәтті болды. 

Қоржынымызға тағы 2 медаль түсті

Жігіттеріміз Қазақстан қоржынына тағы бір алтын және қола медаль салды. 10 шақырымдық спринтте Бекентай Тұрлыбеков жеңімпаз атанса, Александр Мухин қола жүлдеге қол жеткізді. Жалпы алғанда биатлоншылардың бағы жанған күн болды. Әттең араға Америкалық спортшы кіріп кетті. Болмаса жеңіс тұғырында тек Қазақстандықтар тұратын еді. Өйткені Кирилл Бауер мен Вадим Куралес те жеңімпаздардан кейін  іркес-тіркес келді. Бекентайдан біз түгілі бапкерлер де үміт күтпеген.  Бірінші Универсиадасына келген Тұрлыбеков талайға таңдай қақтырды. Нысана көздеуде 41 үміткердің арасынан мүлт кетпеген жалғыз Бекентай еді. Жүгіруде де жанын салды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Универсиада чемпионы атанды.

Қазақстан құрамасы сапындағы ең тәжірибелі биатлоншы Александр Мухин болатын. Алғашқы күннен бастап Александрды бәйге төбенің басынан күттік. Аралас эстафетада және жекелей жарыста жолы болмаған Мухиннің осы жолы бағы жанды.

Енді із қуу жарысында жерлестерімізге жеңілдеу болады. Өйткені сөреден бүгінгі уақыт көрсеткіштері бойынша шығады. Ату айлағында қателеспесе жүлденің ауылы алыс емес.  Өкінішке орай биатлоншы қыздарымызға жүлде бұйырмады. Ең үздік нәтиже көрсеткен Полина Егорова бесінші сатыға табан тіреді. Сәрсенбілік жарыс күнін конькишілер қортындылады. Ауа-райының әсері болды ма командалық сайыста көш соңында қалып қойдық. Ал бейресми командалық есепте Қазақстан құрамасы 4-ші орынға көтерілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу