Аталған рейтингіде еліміздің екі боксшы үздіктер сапына енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кіші жеңіл салмақта қазақстандық Сұлтан Заурбек ресми түрде 3-орынға жайғасты. Десе де, оның алдындағы бірінші және екінші орындар бос тұр. Демек, іс жүзінде қазақ боксшысы көш бастады деуге негіз бар.
Негізінен, бұл салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы – мексикалық Эмануэль Наваррете.
Ал орта салмақта қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша әлі де әлем чемпионы болып тіркелген. Бұл рейтинг допингке қатысты тергеу нәтижесінде IBF оның титулынан айыру туралы шешім қабылдамағанын көрсетсе керек-ті. Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан осыған дейін "IBF спортшыға қатысты шешімді наурыз айында қабылдайды" деген еді.
Бірақ, қазіргі кезге дейін IBF тек рейтингіні жаңартумен шектеліп отыр. Яғни, нақты мәлімдеме жасамады.
Еске салайық, "Қазақ стилі" қазіргі уақытта әлем чемпионы атағын иеленетін тағы бір ұйым WBO нұсқасы бойынша дисквалификацияланған.
Тізімде Жәнібек Әлімханұлымен қоса, (17-0, 12 КО) тағы бір қазақстандық боксшы Әли Ахмедовты (25-2, 17 КО) көруге болады. Ол супер орта салмақта бір саты (14-орын) жоғарылады.