Қос Владимирдің қылығы неден хабар береді

3228

Сарапшылар Украина Президенті Владимир Зеленский мен РФ көшбасшысы Владимир Путиннің бір аптадағы қызметін салыстырды. Бұл саясаттануда жаңа бағыттағы зерттеулерге жол ашпақ. 

Қос Владимирдің қылығы неден хабар береді Фото: www.delfi.lt

Қос мемлекет қарулы қақтығысқа килігіп, оның армиялары майданда сұрапыл шайқасқа түсіп, алапат қантөгіс пен тайталас жүріп жатқанда ел билеушілер не туралы ойлауы мүмкін? Бұл үшін тіпті бал ашудың да, болжаудың да қажеті жоқтай. Әрине, қисынға салсақ, қос қарсыластың көшбасшылары жатпай-тұрмай, күлмей-ұйықтамай, соғыстың қамына бас қатырады, қайтсе, жеңіске жетудің амалын ойластырады. Солай ғой? Осы мәселені талдаған шетелдік сарапшылар тосын тоқтамға келді.

Украинаның Володимирі

Владимир Зеленский өткен аптаны Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының кезекті отырысын өткізуден бастады. ЗСУ бас қолбасшысы Валерий Залужный, әскерлер қолбасшылары оған операциялық бағыттардағы өзекті ахуалды, майдан даласында күтіліп отырған өзгерістерді, Украинаның территориясын деоккупациялау және қорғау шараларын егжей-тегжейлі баяндаған. Ставка мүшелері сондай-ақ барлау басшыларының жаудың таяу перспективадағы жоспарлары туралы баяндамаларын тыңдап, оған қарсы ден қою шаралары мен жолдарын талқыға салған. Бұдан бөлек, энергетикалық жүйені қалпына келтіру және оны ресейлік шабуылдардан қорғау амалдары пысықталды.

Сол күні, 28 қарашада Украина лидері Балтық және Солтүстік Еуропаның жеті елінің сыртқы істер министрлерін қабылдады. Онымен кездесу үшін Норвегия, Финляндия, Швеция, Эстония, Исландия, Латвия, Литва сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Киевке сапарлады. Осы арқылы Еуропа азаттық үшін алысып жатқан Украинаға қуатты қолдау көрсете беретінін паш еткен. Әрине, құр сөзбен шектелмей, қорғаныс, әскери, қаржылық және гуманитарлық көмек жайын пысықтаған. Украина жауынгерлері мен зардап шеккен бейбіт тұрғындарға медициналық және реабилитациялық жәрдем көрсету үшін қабылдау, қолына жаңа ғана қару алған азаматтарды оқыту, жаттықтыру миссиялары, босқындарды жайластыру жайы қаралған. Президент осы елдерді өзінің Grain from Ukraine гуманитарлық бастамасына қатысуға шақырды. Оның аясында Украина экспортын өзге елдер қолдап, оның азық-түлігін, астығын Азия мен Африка елдеріне жеткізуге көмектеседі. Бастаманы АҚШ, Түркия, Еуропа елдері қолдап, 180 млн доллардан астам қаржы аударған. Осы бастама аясында 3 желтоқсанда 25 мың тонна украиналық гуманитарлық астығы (оның шығынын бай елдер көтереді) бар тұңғыш кеме Эфиопияға жетті. Екінші кеме таяуда 30 мың тонна бидаймен Эфиопияға, үшінші кеме 25 мың тонна астықпен Сомалиге жол тартады. Украина бастамасы аясында Эфиопия, Судан, Оңтүстік Судан, Сомали, Конго, Кения, Йеменге азық-түлік артқан жалпы саны 60 кеме барады.

29 қарашада Владимир Зеленский өзі бастамашы болған United24 платформасының амбассадорларымен кездесіп, Украинаны қолдау, соның ішінде ауруханаларға генераторлар жеткізу үшін фандрейзинг арқылы жылу жинау мәселелерін талқыға салды. Сол күні Зеленский 2016 жылғы "Еуровидение" байқауының жеңімпазы, украиналық, татар әншісі Джамаламен кездесіп, оған аманат арқалатқан. АҚШ-қа аттанған Джамала америкалық биік лауазымды тұлғалармен кездесіп, түрлі қоғамдық және мәдени шараларға қатысып, Украина халқының талап-тілегін жеткізбек. Жалпы, Украина басшылығының елді қорғау мен қолдауға зиялы қауым, мәдени сала өкілдерін жаппай жұмылдырып, оның әрбір өкілінің әлеуетін тиімді пайдалана алғаны сүйсінтеді. 

Сәрсенбі, 30 қарашада Зеленский NYT DealBook саммитіне онлайн қатысып, сөз сөйледі. "Егер агрессорды Украина тоқтата алмаса, онда басқа территорияларды, тіпті континенттерді соғыс өрті шарпитынын" түсіндірді. Бұған қоса, бейнебайланыс режимінде саммиттің беделді қатысушыларымен жеке жүздескен. Шапқыншылық басталғалы, Зеленский елді тастап шыққан емес, барлық саммитке онлайн қатысады.

Форум қатысушылары оған басты сұрақты қойды: соғыс қашан бітеді?

"Біз жеңгенде, не соны Ресей шынымен қалағанда, соғыс бітеді. РФ нашар екенін, әлемнен оқшауланғанын, серіктесі қалмағанын нақты түсінгенде ғана мәнсіз соғысты тоқтатуды қалауы мүмкін. Әйтпесе, РФ билігі мен қоғамы үшін бұл – адамдарды қырып жатқан соғыс емес, жай ғана "арнайы операция" болып қала береді", – деді В.Зеленский.

2 желтоқсанда Украина Президенті Переяслав қаласындағы Григорий Сковороданың Мемориалдық музейін қайта ашты. Басқыншылар бұл нысанды бұзып, тонаған еді. Оның қалпына келтірілуі елдің рухын көтеріп, бойына жеңіске деген сенім құюға арналған шара болды. Киев облысына сапары аясында ол украиналық философ, ақын, педагог Г.Сковороданың 300 жылдығына арналған мерейтойлық шараларына қатысып, 3 университет жастарымен кездесті.

3 желтоқсанда Украина көшбасшысы Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының кезекті отырысын өткізген. Оның барысында зақымдалған және қолға түскен әскери техниканы қалпына келтіру қарқынын арттыру мәселелері де талданыпты. Бұған қоса, "Украинаның рухани тәуелсіздігін нығайту шаралары" жеке қаралған. Одан кейінгі күндері В.Зеленский Черногория басшысымен Украинаның НАТО-ға мүше болуына қатысты Бірлескен декларацияға қол қойды. 6 желтоқсан – Украина Қарулы күштері мерекесінде майданның алғы шебіне аттанып, Донбастың Украина қолындағы бөлігінде әскерилермен кездесті, мемлекеттік наградаларды өз қолымен табыстады. Алдағы кездесуін Қырымда өткізуден үмітті екенін мәлімдеді. Оның соғыс жүріп жатқан өлкеге батыл сапары ресейлік пропаганданың зығырданын қайнатты.

Ресейдің Владимирі

Кремльдің қожайыны Владимир Путиннің апталық қызметі қорытындысын The Washington Post сарапшылары шығарды. Олар да Кремльдің ресми сайтында және РФ федералдық арналарында паш етілген ресми жаңалықтарды шолыпты.

"Путиннің жұмыс күнтізбесіне мұқият үңілгенде, одан Ресей өмірінің әрбір қырын бақылауда ұстап отырған лидер бейнесі сомдалады. Оның жұртшылыққа жария жұмыс бабы қол алысуларға, брифингтерге, фермерлермен, салық жинаушылармен, дипломаттармен және басқасымен кездесулерге толы. Оның ішкі аудиториясына бағдарланған бұл презентациялары соғыс жүргізіп жатқанынан, оның көрші елге басып кіруі миллиондаған босқындардың басы ауған жаққа қашуына, ондаған мың украиналықтар мен ресейліктердің өліміне соқтырғанынан көп хабар бермейді. Путин Ресейдегі қалыпты өмір көрінісін сақтау үшін тынбай еңбек етуде", – деп қайран қала сараптады америкалық басылым.

РФ басшысы дүйсенбіні Ресейдегі ауыл шаруашылығы және құс шаруашылығы ахуалына арналған бейнеконференциядан бастады. Бұл кездесудің алтын арқау Сібірдегі Түмен облысында күркетауық өсіретін ферманың ашылуы болды. Осыған орай РФ басшысы құстарды селекциялау, олардың гендік резервін құру туралы толғады. Бұған қоса, ол өзін шошқа шаруашылығы, жұмыртқа өндірісі және басқасы толғантатынын білдірді. Осы күні ол Федералдық салық қызметінің басшысы Даниил Егоровты қабылдап, 10 айда әр саладан қанша салық жиналғанын егжей-тегжейлі сұрастырды. Салық жинау былтырғыға қарағанда 18% артыпты.

Сейсенбіде В.Путин Урал және Якутия аталған қос, жаңа атом мұзжарғыштарының қатарға қосылғанына арналған салтанатқа қатысты. Ресми рәсім Петерборда өткен, РФ басшысы оған Мәскеуден бейнебайланыс арқылы қатыса салды. Ол қос кеме "Ресейдің ұлы арктикалық держава мәртебесін нығайтатынын" мәлімдеді. Осы күні ол Мәскеуде Куба лидері Фидель Кастроға арналған ескерткішті өзі барып ашты. "Кастроның күші, қуаты, қайыспас жігері әлі күнге өзін магниттей тартып тұрғанын" жеткізді. Бұл күннің шымылдырығын Путин бітімгер бетпердесінде жапты: Таулы Карабахты толықтай қайтаруға жақын Әзербайжанның лидері Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.

Сәрсенбіде күн тәртібіне тыңайтқыш шықты: Кремльдің қожайыны Минералды тыңайтқыштарды өндіру және өткізу комиссиясының төрағасы Дмитрий Мазепинді шақырып, одан осы өнімнің өндірісі қалай жүріп жатқанын сұрады. Бұл ретте Путин де Африка туралы ойлайтынын аңғартты: оның айтуынша, батыстың Ресейге санкциялары салдарынан қара құрлық елдері тыңайтқыштан тарығып, оларға азық жетпей жатыр. Бірақ шынында Батыс РФ тыңайтқышына санкция салған жоқ.

Бейсенбідегі кесте де соғыс болып жатқанын еске салмайды. В.Путин үлкен іс-шара өткізіп, онда "экономикалық өсімге қызмет ететін жасанды интеллект технологиялары" туралы асықпай отырып, ұзақ сөз сөйледі. Оның бүкіл сөзін таспадан қағазға түсірген журналистер айран-асыр болды: Путиннің форумдағы баяндамасы және ескертпе, қыстырма сөздерінің бәрі 42 компьютерлік бетті алып кеткен. Форумда жасанды зердені зерттеушілердің бірі уәде берді: "Біз міндетті түрде бәрін жасаймыз". В.Путин оған тесіле қарап, ескерту жасады: "Мені бірден мазалағаны да осы: "Біз бәрін жасаймыз" дегеніңіз...". Сөз естіген ресейлік ғалым кірерге тесік таппай қысылып, кеңес кезіндегі ұран-уәдені қайталады: "Біз бәрін асыра орындаймыз".

Жұмада, жұмыс аптасын РФ басшысы Украинадағы "арнайы операцияға" балалары қатысып жатыр деп таныстырылған әйелдермен кездесумен тәмамдады. Соғыспен байланысты кездесуде В.Путиннің айтқан оғаш ойларын сарапшылар цитатаға таратып әкеткені мәлім.  

Одан бергіде РФ басшысы қалпына келтіріліп жатқан Қырым (Керчь) көпірін аралап көрді. Өзге де бейбіт өмірге қатысты кездесулер, салтанатты рәсімдер өткізді. Әрине, ол да Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген. Бірақ онда не талқыланғаны хабарланбады.

"Апта ішінде В.Путин көрші елде қан төгіп жатқанын бірде бір рет мойындамады, соған тіпті еш ым-ишара да жасамады. Оның орнына рухани тазару, еңсе тіктеу туралы көп сөз етті. Ол барлық жерде болды, барлық салада, тіпті күркетауық фермасында қожайын кім екенін паш етті. Осының арқасында, мемлекеттік пропаганда көмегімен әккі саясаткер Украинадағы жеңілісіне қарамастан, өз халқының қолдауына ие болып қалды. Путин жұмыс күндерін әдеттегі, үйреншікті кездесулермен, салтанатты рәсімдермен толтырып, әбден қанықтырып, халыққа қорқынышты ештеңе болып жатпағандай сыңай танытады, өзіне деген сенімді нығайтуға күш салады. РФ жұртшылығы соған қарап байыз табады. Қолынан бәрі келетін "құдыретті" қожайын-көшбасшы елді жарға жықпайды, жеңіске жеткізеді деп риясыз сенеді", – деген байлам жасады америкалық сарапшы Дэвид Игнатиус.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, күн тәртібін зерттеу диктаторлардың елді басқару стилін ұғынуға жол ашады. Ал бұл заманауи саясаттану үшін жаңа, жұмысы аса ауқымды бағыт көрінеді.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу