Көш көлікті, көшу ерікті болса игі

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3215

Қырғызстан мен Тәжікстандағы экономикалық тоқырау Оңтүстік Қазақстан облысындағы заңсыз көші-қонды өршітіп тұр.

Көш көлікті, көшу ерікті болса игі

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда тіркелген шетелдіктердің саны 45%-ға артып, 1 миллион адамнан асқан. Олардың 92%-ы – ТМД елдерінің азаматтары болған. Бұған қоса елімізге тіркеуге жатпайтын 5 миллионнан астам шетелдік келіп кеткен. Оның ішінде 45 елдің азаматы біздің елде 90 тәуліктен аз уақыт аялдаған. Осы жағдайды ескерген үкімет көші-қонды реттеуге және заңсыз мигранттарды отанына қайтаруды қамтамасыз етуге қатысты әлемдік тәжірибені негізге ала отырып, 16 мемлекетпен реадмиссия туралы келісім жасады. Бүгінде тағы 10 елмен осы бағытта нақты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса ІІМ шетелдік туристер мен инвестор болуы ықтимал адамдарға көші-қон тәртібін жеңілдетіп жатыр. Бұл бағыттағы бірқатар шара былтыр "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі кезінде де жүзеге асырылды. Ал биылдан бастап экономикалық тұрғыдан дамыған және саяси жағынан тұрақты 45 мемлекеттің азаматтары Қазақстанды визасыз 30 күн емін-еркін аралау құқығына ие болды. Айта кетейік, тағы 18 елдің азаматтарына, соның ішінде ТМД мемлекеттеріне (Түркіменстаннан басқа) визасыз режим халықаралық келісімдермен бекітілді. Сонымен қатар Астана, Алматы халықаралық әуежайлары арқылы өтетін ҚХР азаматтары үшін 72 сағатқа арналған визасыз жүру механизмі тәжірибе түрінде қолданысқа енгізілді. Қазақстанға визасыз кіру және елде болу тәртібі Ресей азаматтары үшін де қарастырылды. Олар елге кірген күннен бастап 30 тәулік тіркеусіз жүре алатын болды. Әрі қарай тіркеу 60 күнге жасалады, ал жеке мәселелермен елде болу мерзімі 90 тәулікті құрайды. Ресейге барған Қазақстан азаматтарына да белгіленген мерзім тура осындай. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты, Ресей азаматтары арнайы рұқсат алмай-ақ, еңбек келісімшарты негізінде Қазақстанда жұмыс істей алады. Жұмыс істейтін мигранттар мен олардың отбасы мүшелерін тіркеу еңбек келісімшарты мерзіміне жасалады. Экономикалық тұрғыдан дамыған және саяси жағынан тұрақты 61 мемлекеттің азаматы, соның ішінде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен еуропалық одаққа қатысушы елдердің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Бұл ретте 56 мемлекеттің азаматтарын шекараға кірген уақытынан бастап шекара қызметінің қызметкерлері виза мерзіміне сәйкес тіркейді. Бұл жағдай оларды ішкі істер органдарында тіркелуден босатады.

Еске сала кетейік, шетелден жұмыс күшін тартуға қатысты заңға енгізілген толықтырулар 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Мигранттар мәселесіне мән берген тағы бір жаңалық – 2018 жылдың 3 қаңтарында көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығының өз жұмысын бастауы болды. Ресми ашылуы 12 қаңтарда өткен орталықта қазір 117 адам жұмыс істейді. Оның 80-і – полиция қызметкері. Енді елімізге жұмыс істеуге келетін шетелдіктер бұрынғыдай бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырмай,  құжаттарын осында рәсімдейді. Алайда әзірге арнайы ХҚКО-ға келушілердің қарасы қалың емес. Өйткені елімізге шетелдік жұмыс күші көктемде келе бастайды. Бүгінде Астана қаласының Алматы ауданы бойынша күніне орталыққа 40-қа жуық адам бас сұғады.  Ашылған уақыттан бері мұнда 2500-ден астам адамға қызмет көрсетілген. Көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығы қанатқақты жоба болғандықтан, онда тек Алматы ауданы бойынша қызмет көрсетіледі. Алдағы уақытта мұндай ХҚКО елордамыздың әр ауданында ашылуы мүмкін.

"2017 жылы шетелдіктерді қабылдау ережесін бұзғаны үшін 883 Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімін орындамағаны үшін 213 шетелдік азамат істі болды. Заңға қайшы келгендерге 104 миллион 252 мың теңге айыппұл салынып, оның 96 миллион 292 мың теңгесі өндірілді", – деді Астана қалалық ІІД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Баймұханбет.

Оның айтуынша, Астанаға еліміздің басқа өңірлерінен көшіп келушілер көп болғандықтан, бұл үдерісті де үнемі қадағалап отыру керек. Мәселен Астана қаласында тұрақты мекенжайы бойынша 2017 жылы 190 мың адам тіркелсе, одан бөлек 233 мың 461 адам уақытша тіркеуге тұрған. Ал тұрақты тіркеуден шығарылғандардың саны 52 мың 390 адамды құраған.

"Былтыр елордамызға 45 мыңға жуық еңбек мигранты келді. Бұл – көші-қон органдарына тіркеуге тұрып, жұмыс істеуге заңды рұқсат алғандары ғана. Ал бой тасалап, заңсыз еңбек етіп жүргендері қаншама?! Көші-қон басқармасында осындай заңсыз жолмен нәпақа табуға келгендермен күресетін арнайы взвод бар. Бұл взвод қала бойынша заңсыз еңбек мигранттарын анықтау үшін халық көп жиналатын орындарда, құрылыс алаңдарында үнемі рейд ұйымдастырып тұрады", – деді Арман Баймұханбет.

Еліміздің өзге өңірлермен салыстырғанда заңсыз көші-қон мәселесі Оңтүстік Қазақстан облысында өршіп тұрған көрінеді.

ОҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрдәулет Төлегенұлының мәлімдеуінше, бұл мәселеге Тәжікстан, Қырғызстан елдеріндегі экономикалық тоқырау басты себеп болып тұр. Экономикасы көш соңында қалып қойған іргелес елдердің азаматтары отбасыларына нәпақа табу үшін сырт елдерден жұмыс іздеуге мәжбүр.

"Жедел алдын алу іс-шараларының және күнделікті атқарылған жұмыс нәтижесінде, соңғы 3 ай ішінде көші-қон заңдылығын бұзған 1569 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ жергілікті 1419 тұрғынға қатысты әкімшілік шара қолданылды. Оның ішінде облыста шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 39, тіркелген мекенжайдан өзге аумақта тұратын жеке тұлғалар мен шетелдіктерді өз меншігіндегі тұрғын үйге тіркеген – 12 және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен 148 азамат жауапқа тартылып, әкімшілік айыппұл төледі. Бұдан бөлек қоғамдық орындарда қайыршылықпен айналысып жүрген 4 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды", – деді Нұрдәулет Төлегенұлы.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу