Көшбасшылар жаппай жеңіске жетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3214

Қазақстан премьер-лигасының ХІІІ турында көш басындағы командалардың бәрі жеңіске жетті.

Көшбасшылар жаппай жеңіске жетті Фото: fcordabasy.kz

Ел чемпионатының ХІІІ турында ешқандай кездейсоқ нәтиже тіркелген жоқ. Турнир кестесінің жоғарғы жағындағы командалар өздерінен төмен орналасқан ұжымдарды тізе бүктірді. Тек 10-шы және 11-ші орындарға табан тіреп тұрған "Тараз" бен "Атырау" тең түсті. Асау Жайық жағасында аутсайдерлер бір-бірінен айласын асыра алмай ұпай бөлісті.

"Астана" өз алаңында "Жетісу" жігіттерін әупіріммен жеңіп, көш басындағы орнын сақтап қалды. Елорда клубы ойыншыларына гол соғу қиындап барады. Марин Томасов спорттық бабын жоғалтып алғандай. Ал басқа ойыншыларының ішінен команданы алға сүйрейтін ешкім табылмай тұр. Әйтсе де, маңызды жеңіске қол жеткізді.

"Жетісу" футболшылары екінші таймда ел чемпионына дес берген жоқ. Тайталасып бақты. Өкінішке қарай, қорғаушыларының бірі бес минутта екі рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Сөйтіп, 11 минуттан астам уақыт кем құрамда ойнады. Матчтың бірінші жартысында Талдықорған клубының ойыншыларына тәжірибе жетіспеді. Әйтпесе, олар аянып жүрген жоқ.

"Тобыл" тізгін тартпай, "Астананың" өкшесін басып келеді. Қостанайлықтар бұл турда өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, Қарағандының "Шахтерінен" басым түсті. Кеншілер клубы соңғы үш турда азулы командалармен кездесті ("Астана", "Қайрат" және "Тобыл). Оны теріске шығара алмаймыз. Десек те, "Шахтер" тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай жүр. Қостанайда тәжірибелі ойыншыларының бірі пенальти соға алмай, жаза басты.

"Ордабасы" өз алаңында "Оқжетпесті" бірінші таймда-ақ ойсырата жеңді. Екі голды Қазақстан құрамасының сапына шақыртылған Тоқтар Жаңғылышбай соғып, мұндай мәртебеге лайық екендігін көрсетті. Жалпы, Шымкент клубы үшінші рет қатарынан 3:0 есебімен жеңіске жетіп, төртінші ойында өз қақпасына гол жіберген жоқ. Ал Көкше клубының жігіттері бұл ойында пенальти де соға алмай, пұшайман болды.

"Қайсар" Қызылордада "Ертісті" жеңді. Рас, бірінші таймда гол соға алмай, біраз тер төкті. Бірақ матчтың екінші жартысында көсіле сілтеді. Қонақтар сапынан бұл ойында алаңға Карлуш Фонсека шыққан жоқ болатын (ескертулеріне байланысты). Биылғы маусымда ойындары онсыз да үйлеспей жүрген керекуліктер команда көшбасшысы жоқ та жеңіске деген жігерлік таныта алмады.

"Қайрат" Алатау бөктерінде "Ақтөбені" "алып соқты". Алайда қонақтар бір сағаттай тайталасып, есе жібермеуге тырысты. Бірақ ақтөбеліктердің жас ойыншылары алаң иелерінің бірінші голынан кейін еңселерін тіктей алмай қалды. Әсіресе, тәжірибелері енді толысып келе жатқан қорғаушылары Алматы клубының бесаспап шабуылшысы Адеринсола Эсеолаға ие бола алмай қалды. 

"Атырау" – "Тараз" – 1:1

Голдар: Лобжанидзе, 66-пенальтиден (0:1). Бьедов, 81 (1:1).

"Астана" – "Жетісу" – 1:0

Гол: Постников, 36. 

79-минутта Керімжанов ("Ж") алаңнан қуылды /екінші ескерту/.

"Тобыл" – "Шахтёр" – 2:0

Голдар:Тұрысбек, 25. Нұрғалиев, 60. 

73-минутта Шахметов ("Ш") пенальти соға алмады.

"Ордабасы" – "Окжетпес" – 3:0

Голдар: Пауло Жоао, 5. Жаңғылышбай, 14. Жаңғылышбай, 38 

73-минутта Стоянович ("Оқ") пенальти соға алмады.

"Қайсар" – "Ертіс" – 2:0

Голдар: Барсегян, 47. Ламанж, 84. 

"Қайрат" – "Ақтөбе" – 3:0

Голдар: Эсеола, 60. Эсеола, 73. Эппель, 89. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу