Көшбасшылар жеңіске жетті

2154

Қазақстан премьер–лигасының бірінші турындағы кездесулердің нәтижесі бойынша "Астана", "Қайрат", "Ордабасы" және "Тобыл" жеңіске жетіп, олар турнирлік кестенің жоғарғы сатыларына жайғасты. 

Көшбасшылар жеңіске жетті

ҚПЛ-ның турнирлік кестесінде қазіргі чемпион "Астана" 1-орынға шықты. Биыл премьер-лигаға қайта оралған Петропавлдың Қызыл-Жар командасымен өз алаңында емес, Алматыда ойнауға мәжбүр болғанына қарамастан "Астана" кездесудің фавориті екені айқын еді.

Алматының ауа-райы біз күткендей болған жоқ. Қар жауып, алаң тайғақ болғандықтан доп тебудің өзі біршама қиындық туғызды. Бұған дәлел алғашқы таймда ойын тең аяқталып, есеп ашылған жоқ.

Бірақ, екінші таймдағы ойын басқаша өрбіді. Кездесудің 52-минутында "Астананың" жаңа ойыншысы Пиерос Сотириудің қақпаға бағыттаған соққысы голға айналды. Алайда, офсайд орын алғандықтан, гол есепке алынбады. Оған қарамастан кипрлік екінші таймның ортасында дубль жасап, "Астананы" алға шығарды. Ал кездесудің соңғы 3 минутында Рунар Мар Сигурьонссон мен Марин Томасов есепті 4:0-ге жеткізіп, чемпиондар ойынды осылайша қорытындылады.

"Ойын барысына ауа-райы әсер етпей қоймады. Қар жауғандықтан алаңда ойнау қиын болды. Қалай болғанда да жеңіске жеттік. Бірінші таймда да, екінші таймда да гол соғуға мүмкіндіктер көп болды. Нәтижесінде қарсыластарымызды жеңдік. Енді ары қарай алға жылжимыз, - деді ойыннан кейін "Астана" капитаны Ненад Эрич.  - Келесі кездесу "Ордабасымен" өтеді. Бізді өте маңызды әрі қиын ойын күтіп тұр. Өкінішке орай "Астана Аренада" ойнай алмаймыз. Дегенмен, бүгін жанкүйерлеріміз жақсы қолдау көрсетті. Матчқа келгендері үшін алғыс айтамыз. Бұдан кейін де оларды жеңістерімізбен қуантуға тырысамыз, -деп қоса кетті Эрич.  

Алматыда тағы бір кездесу өтіп, "Қайрат" 2:1 есебімен "Таразды" ұтты. Ойынның 24-минутында Конрад Вржещиньскидің алыстан бағыттаған соққысы голға айналды. Бірақ, 29-минутта Нилс Цатл есепті теңестірді. Алғашқы тайм 1:1 есебімен аяқталып, екі команда үзіліске кетті.

Екінші таймда алаң қожайындары қарсыластарына қысым көрсете бастағанымен, тараздықтардың осал тұсын табу қиынға соқты. Дегенмен, 83-минутта пенальтиде "Тараз" қақпашысы допты қайтарғанымен, Абат Айымбетов допты қақпаға қайта бағыттады. Нәтижесінде, кездесу 2:1 есебімен аяқталып, алматылықтар жеңіске жетті.

Сенбі күні Қостанайдың "Тобылы" қарағандылық "Шахтерды" қабылдады.  Ойынның 18-минутында "Астананың" бұрынғы шабуылшысы Роман Муртазаев "Тобылды" алға шығарды. Үзілістен соң қарағандылық қорғаушы Андрей Буйволов бұрыштамадан кейін есепті теңестірді. Одан кейінгі уақытта ойын бірқалыпты өтіп жатты. Кездесудің 87-минутында Азат Нұрғалиев  алаң қожайындарын алға шығарды. Ал, бір минуттан кейін Лука Зарандия есепті 3:1 ге жеткізіп, нәтижесінде "Тобыл"  қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңді.

Сондай-ақ, "Ордабасы" Шымкентте көкшетаудың "Оқжетпесін" қабылдады. Екі команда арасында өткен ойында тек бір ғана гол соғылды. 2-таймдағы Рубен Бриджидоның қақпаға бағыттаған соққысы кездесуге нүкте қойды. Нәтижесінде 1-турдың алғашқы күні өткен ойындардан кейін турнирлік кестеге командалар келесі ретпен орналасты: "Астана", "Тобыл", "Қайрат" және "Ордабасы". Жексенбі күні "Қайсар" – "Ертіс" және "Каспий" - "Жетісу" командаларының ойындары аяқталған соң жеңімпаздардың қатарына тағы екі команда қосылады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу