/img/tv1.svg
RU KZ
DOW J 25 771,89 РТС 1 386,20
FTSE 100 6 796,40 KASE 2 302,72
Hang Seng 26 043,35 Brent 50,36
Көше атауын өзгерту үшін мыңнан астам тұрғын жиналды

Көше атауын өзгерту үшін мыңнан астам тұрғын жиналды

Кеншілер қаласында көше атауларын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті.  

13 Қаңтар 2020 20:51 1490

Көше атауын өзгерту үшін мыңнан астам тұрғын жиналды

Автор:

Арайлым Еркебаева, Қарағанды

Қарағанды қаласында өткен қоғамдық тыңдауға мыңнан астам тұрғын келіп қатысты. Үлкен залға сыймаған халыққа шенеуніктер екінші залды ашты. Биліктегілер халықтың сұранысымен әу баста мағынасы ескірген он бір көшенің атын ауыстыруды күн тәртібіне шығарған. Алайда қоғамдық тыңдауда он көшенің атын өзгертуді ұсынды. Мамандардың айтуынша, Черкасская көшесінің атауын өзгертуді техникалық себептерге орай кейінге қалдырыпты.

Айта кету керек, өзгертуге қойылған көшелердің басым бөлігі тарихи мағынасы жағынан ескірген орыс тіліндегі атаулар. Қаланың орталық көшесінің бірі Ленинге Абай есімін беру, Защитная көшесіне Потанин, Кувская көшесін Қазыбек Нұржанов, Приканальная көшесіне Сарыарқа атауларын беру тәрізді он көшенің атауын өзгертуге дауыс берілді. Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай көшесі деп аталсын» деп ұрандап, «Көше атауларын өзгертудің уақыты келді» деп шулады.

Бес-алты қала тұрғыны ғана Ленинге араша түсті. «Ленин біздің тарихымыз. Сондықтан оның аты қалсын», –  деп сөз алған қала тұрғыны Нина Серованың сөзін халық шулап орындарынан тұрып кетіп аяқтатпай тастады. Қоғамдық тыңдалу кезінде қазақша білмеген соң орысша сөйлеген  қала тұрғыны  Ержан Рыспаев «Қаншама қаражыны құр босқа көше атын өзгертуге жұмсағанша, аялдамалар мен жолдың сапасын жақсартпайсыңдар ма?», – деп наразылығын білдірді. Бұған қарсы шыққандар көп болды. Топ арасынан ортаға шыққан кәсіпкер Ерлан Әшімов «Кәсіпкер ретінде қаншама қаражатты салыққа төлеп отырған адаммын, егер қажет болса осы көше атауларына кететін қаражатты мен төлеп берейін», – деп ұсыныс тастады.

Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша жиналған жұрттың барлығы дерлік көше атын өзгертуді құптап дауыс берді. Шенеуніктердің айтуынша, көше атауы өзгергенде сонда тұратын тұрғындар қаражат жұмсамайды. Бюджеттен бұл шығындарды өтеуге үш жарым млн теңге қаражат бөлінеді.

«Енді бұл қоғамдық тыңдаудың қорытындысын облыстық маслихаттың қарауына жібереміз. Мұндағы депутаттар қарсы болмайды деген ойдамын. Содан кейін бұл шешімді Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жібереміз. Соңғы шешім сол жерде қаралады. Бұған шамамен үш төрт ай уақыт кетеді деп ойлаймын»,  – деп мәлімдеді қалалық маслихат  хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Бір қызығы Кеңестік империяның көзін көрген бір қария қоғамдық тыңдауға қызыл ту ұстап келіп, жалғыз өзі оны жалаулатып жүрді.

Арайлым Еркебаева

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

«Аяғымыз болмаса да, жүрегімізде үміт бар»

Екі аяғы жоқ ерлі-зайыптылар мемлекеттің көмегінсіз бау-бақша өсіріп, өз күндерін көруде.  

26 Желтоқсан 2019 20:36 1450

«Аяғымыз болмаса да, жүрегімізде үміт бар»

Қарағанды қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Солтүстік-батыс ауылында Емельяновтар отбасы тұрып жатыр. Ерлі-зайыптылар әртүрлі жағдайға тап болып, екі аяқтарынан бірдей айрылған. Тағдырдың тауқыметіне тап болған Елена мен Игорь Қостанайдағы протез жасайтын зауытта танысыпты. Осылайша тағдыр табыстырған екі мүгедек жан, қалған өмірлерін бірге өткізуге шешім қабылдаған. Алғашқыда бір жыл бойы Қостанайдағы мүгедектер үйінде бірге тұрып, кейін ол жерден «мемлекетке масыл болмай, өз күнімізді көрейік» деген мақсатпен шығып кетеді. Ерлі- зайыптылар Еленаның туған жері Қарағандыға келген. Кеншілер қаласында пәтер алу қымбат болғандықтан, қалаға жақын маңда орналасқан Солтүстік батыс ауылында тұруды жөн көріпті. Бұл ауылдан өрттенген бір жер үйді  жинаған қаражаттарына сатып алған. Мүгедек жандар мемлекеттен жеңілдікпен берілетін үйден бас тартқандықтан, баспана кезегіне тұрмаған екен. Бүгінде Елена мен Игорь жазда үйлерінің жанындағы 8 соттық жерге бау-бақша  егіп, соның өнімдерін сатып күнелтуде. Қазіргі уақытта қалаға келіп, бақша өнімдерінен жасалған түрлі салаттармен жазда екен көкөністерін сатады.

«Қыс мезгіліне арнап жапқан әртүрлі салаттарымызды сатамыз, кейде адамдар мүгедектер арбасымен жүрген бізге күмәнмен қарап «мынаны сіздер жасадыңыздар ма» деп саудаласып бағаны түсірткісі келеді. Сондай кезде көңілімізге алып қаламыз. Жалпы мүгедектер үйінен кеткендегі мақсатымыз ел қатарлы еңбек етіп күн көре алатынымызды дәлелдегіміз келді. Мүгедектер үйі қарттар үшін жақсы жер, барлық жағдай бар», – дейді Елена Емельянова

Мүмкіндігі шектеулі жандар барлық жұмыстарын әлеуметтік желіге салып өзгелерге көрсетіп отырады. Еңбек сүйгіш жандардың әрекетіне тәнті болған жандар келіп көмектесіп тұрады. Жақында сондай бір қайырымды жан келіп Игорьдың қысқы киімдерін алып беріпті. Бұл отбасы жиған-тергендерін өрт кезінде бүлінген үйді қалпына келтіруге жұмсап жүр. Құрылыс материалдарын сатып алып үйді де өздері жөндейді. Мүгедектер арбасына таңылса да, армандарын аяқ асты етпеген жандар әлеуметтік желіге салған бейнежазбалары арқылы кез-келген қиын жағдайдан шығудың жолы бар екенін айтып отырады.

«Аяғымыз жоқ болса да, біздің жүрегімізде ертеңге деген сенім мен үміт бар. Біз әрбір атқан таңымыз үшін құдайға алғыс білдіреміз. Қандай қиын сәт болса да,  жабықпау керек,өмірді жақсы көрген дұрыс. Осылай жүргеніміздің өзі халықтың арқасы. Қанша дегенмен, мейірімді жандар көмек қолын созып жүреді», – дейді Игорь Емельянов.

47 жастағы Игорь Емельянов Қостанай қаласы жанындағы ауылда жұбайымен он жылдай бірге тұрған. Дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүргенде аяғы күйіп жарақат алып жүріп қалған. Кейін дәрігерлер аяғын аман алып қала алмай, кесіп тастаған. Осыдан кейін оны жұбайы мүгедектер үйіне өткізген. Ал Елена жол апатына түсіп аяғынан айрылған. Игорь мен Елена кейде қаладағы қарттар үйіне қысқа деп жапқан салаттарын апарып, қарияларды бір қуантып тастайды. Жалпы ерлі-зайыптылар «қоғамдағы зұлымдықты міндетті түрде мейірім жеңеді» деп есептейді.

Арайлым Еркебаева

Қарағандыда құлаған батутқа қатысты сот үкімі шықты

Қауіпті батут орнатқан ерлі-зайыптылар төрт және бес жылды арқалап кетті.  

24 Желтоқсан 2019 19:02 1391

Қарағандыда құлаған батутқа қатысты сот үкімі шықты

Қарағанды қаласында жазда құлаған батутқа қатысты қылмыстық іске сот соңғы нүктесін қойды. Бұл іс бойынша айыпталушы ретінде орталық саябаққа батут орнатқан Ерлан Такишев пен оның жұбайы Әлия Такишеваға жаза тағайындалды. Бұған дейінгі сотта мемлекеттік айыптаушы ерлі-зайыптылардың үш баласының бар екенін есепке ала отырып, Ерлан Такишевке 5 жыл, Әлия Такишеваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. 

Айта кету керек, батутты орнатып кәсіпкерлікпен айналысқан Ерлан Такишев Абай ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет атқарған. Қайғылы жағдай орын алғанда ресми органдар оның жұмыстан шығып кеткенін мәлімдеген болатын. Қазыбек би аудандық сотының үкімімен Ерлан Такишев кінәлі деп танылып, бес жылға сотталды. Ал батутты орнатып, кәсіпкерлік жасаған оның жұбайы Әлия Такишева 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Дегенмен Әлия Такишева 2011 жылы туған қызы 14 жасқа толған кезде ғана  жазасын өтейтін болады. Сондай-ақ бала өліміне алып келген батут жойылатын болды.

«Басында айыпталушылар кінәларын мойындамаған еді, енді мойындап отыр. Негізі маған олардың кінәсін мойындағаны керек еді. Әрі әділ жазаларын алды деп ойлаймын. Сондықтан әрі қарай шағымданбаймын», – деп мәлімдеді қаза болған баланың анасы Марина Киреева.

Еске сала кетсек, 25 мамырда қатты дауыл соғып, орталық саябаққа орнатылған батут ұшып кеткен еді. Қайғылы оқиғадан 12 жастағы Борис Рудаков қаза тауып, екі бала әртүрлі дене жарақатын алды. Батут ұшып кетіп қасындағы темір кассаға соғылған болатын. Осы темір касса 14 жастағы жасөспірімді басып қалып, оның денесі бірнеше жерден сынды.

Арайлым Еркебаева

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу: