Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның медальдық есебі әртүрлі жарияланды. Медаль санына қатысты ұйымдастырушы тарап мәлімдеме жасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола, барлығы 74 медаль жеңіп алғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан бірінші орынға шыққан. Ал Қырғызстан 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медальмен екінші орында тұр.
Алайда Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ресми Instagram парақшасында жарияланған кестеде Қырғызстан 30 алтын медальмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтынмен екінші орынға қойылған.
Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та пікірталас туындады. Ұйымдастырушылардың Instagram парақшасындағы жарыстың қорытынды жазбасы жойылып, ресми сайтындағы медальдық кесте де алынып тасталған. Ұйымдастырушылар қорытынды медальдық есеп Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат алынғаннан кейін жарияланатынын мәлімдеді.
"VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қорытынды медальдық есебі Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат түскеннен кейін жарияланады. Ресми растауға дейін жиынтық кесте жарияланбайды. Жарыс нәтижелері мен спорт түрлері бойынша берілген марапаттар тиісті бөлімдерде қолжетімді", – делінген хабарламада.
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі де өз ұстанымын білдірді.
Агенттік ойындардың тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін атап өтті.
"Дүниежүзілік көшпелілер ойындары – ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттау, мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы елдердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде бірігуіне негізделген", – делінген агенттік мәлімдемесінде.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Жарысқа 100-ден астам елден спортшылар қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады.