"Қосмекенді" Олег Почивалов сотта ұтылды

4643

Ресей азаматы Шымкенттегі мемлекеттік қызметтен айырылғысы келмейді.

"Қосмекенді" Олег Почивалов сотта ұтылды

Былтырдан бері Ресей мен Қазақстанның азаматтығын қатар иеленген Олег Почиваловтың білдей бір басқарманы басқарып келгені туралы мәлімет тараған еді.

2020 жылдың 20 наурызынан бері Шымкент қалалық  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған Олег Почиваловтың Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы екенін қалалық полиция департаменті анықтап,  Қазақстан азаматтығынан айырған болатын.

Бұған дейін әлеуметтік желіге тараған осы мәндегі айыптардың бәрін ауызша жоққа шығарып келген экс-шенеунік ақыры Шымкент қаласының көші-қон полициясын сотқа берген. 

Азаматтық арызда ол құзырлы органнан Қазақстан азаматтығын қайтарып беруді талап етіпті. Кейін БАҚ өкілдерін жинап брифинг өткізіп, "ешқашан Ресей азаматтығын алмағанын" мәлімдеді. 

Екі елдің паспортын қатар ұстаймын деп жүріп, тал қармап қалған Олег Почиваловтың дауында Ресейдің Мәскеу облысындағы Краснодар округінің де аты аталады. Осы округтегі ішкі істер басқармасының басшысы Жуков текті лауазымды тұлға шымкенттік әріптестеріне Олег Почиваловтың Ресей азаматы екенін растаған көрінеді. 

Экс-шенеуніктің адвокаты Евгений Яворский Ресей тарабының ресми жауабы 2021 жылдың 22 қаңтарында келгенін айтады. Ал Олег Почиваловты Шымкенттің көші-қон полициясы 20 қаңтарда Қазақстан азаматтығынан айырса керек. Осыны көзір етіп ұстаған адвокат құзырлы органдардың ісінде жасандылық бар деп кінә тағады.

Адвокат мұнымен шектелмей, Шымкент қаласының білдей бір басқармасын Олег Почиваловтың басқарғанын қаламайтын тұлғалар бар деген долбар айтып жүр.
Олег Почиваловқа Қазақстан Республикасының азаматтығы қымбат па, әлде басқарма басшысының орынтағы қымбат болды ма, ол жағы бізге белгісіз. Амалы таусылған соң өзінің ақтығын дәлелдеу үшін Шымкенттегі Әл Фараби аудандық сотына жүгінген еді. Сот бүгін осы даудың нүктесін қойған сыңайлы. Нақтырақ айтсақ, сот Олег Почиваловтың өзіне Қазақстан азаматтығын қайтару туралы талабын қанағаттандырмады. 

"Сот Почивалов Олег Владимировичтің РФ азаматтығын алғанын және тиісті паспорты болғанын анықтады. №1 көшірме бұл мәліметті растап тұр. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де дәлелденді. Почивалов пен оның өкілдері сотқа бұл деректерді жоққа шығаратын дәлелдер ұсынған жоқ. Осылайша сот полиция департаментінің азаматтықтан айыру әрекетінен ешқандай заң бұзу анықтаған жоқ", – деді судья Нұрғали Исмайылов үкім оқып тұрып.

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу