Кособуцкий қарсыласын нокаутқа жіберді

2448

Екі қазақстандық боксшы да қарсыластарын нокаутқа жіберді.

Кособуцкий қарсыласын нокаутқа жіберді

Бүгін ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жан Кособуцкий WBA International белбеуін жеңіп алды. Кособуцкий  Германияның Гамбург қаласында өткен бокс кеші аясында өткен жекпе-жекте WBA International белбеуін иеленді. Оның қарсыласы нигериялық Ониороде Евариме болды.

Жекпе-жек 12 раундқа есептелген. Бірақ мерзімінен бұрын аяқталды. Үшінші раундта Кособуцкий қарсыласын нокдаунға, ал төртінші раундта нокаутқа жіберді. Бұл қазақстандық боксшы үшін жалпы 15-ші және мерзімінен бұрын аяқталған 14-ші жеңіс болды. Ал Евариме спорттық мансабында екінші рет жеңіліске ұшырады. Бастапқыда Кособуцкийдің қарсыласы чехиялық 38 жастағы Павел Соур (13-3, 8 КО) болуы керек еді. Бірақ ол коронавирус жұқтырып, жекпе-жектен бас тартты.

Сонымен қатар бүгін Қанат Ислам Майамиде (Флорида, АҚШ) өткен бокс кешіне қатысты. Оның қарсыласы жекпе-жек басталар алдында ауыстырылды. Бастапқыда ганалық 33 жастағы Ободай Сай (35-3-1, 26 КО) 36 жастағы Исламның қарсыласы болуы керек еді. Алайда кездесу қарсаңында "Палач" лақап атымен танымал 27 жастағы эквадорлық боксшы Джейсон Минданың (14-4-1, 8 КО) Қанат Исламға қарсы рингке шығатыны белгілі болды.

Орта дивизиондағы жекпе-жек он раундқа есептелгенімен, жетінші раундта аяқталды. Алдымен қазақстандық төртінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Содан кейін жекпе-жек қайта жалғасты. Бірақ көп ұзамай қазақстандық қарсыласын нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті.

Қанат Ислам үшін бұл бір жылдан астам үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жек. 2019-жылдың қазан айында Алматыда ол намибиялық Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 КО) жеңіп, орта салмақтағы WBO International титулын қорғап қалған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу