Қазақстанда автомобиль өндірушілерді локализациялау 2027 жылға таман 50 пайызға артады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Үкімет басшысы өз баяндамасында айтқан.
– Өз кезегінде, өндірушілер кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту, өнімнің сапасын және жергілікті өндіріс көлемін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша міндеттемелер алуда.
Мысалы, автомобиль өндірушілердің локализациялауды биыл 30%-ға дейін, ал 2027 жылға қарай 50%-ға дейін арттыру бойынша міндеттемелері белгіленді.
Биыл екі ірі автомобиль зауытын, атап айтқанда Қостанай облысы мен Алматы қаласында жалпы өндірістік қуаттары жылына 160 мың автокөлікті құрайтын KIA және мультибрендті зауыттарын іске қосамыз, – деді Олжас Бектенов.
Баяндамада өткен жылы сырттан келетін тракторлар мен комбайндарды субсидиялаудан бас тарту себебі айтылды. Яғни, бұл осыған дейін Қазақстанда өз зауыттарын ашқан шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін тиімді болмақ.
Премьер-министр мұны Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өтті.
– Мәселен, Петропавлдағы Claas неміс концернінің зауытына жасалған тапсырыс көлемі 2 есеге өсті. Бүгінде басқа да ауылшаруашылығы техникаларын өндірушілер Қазақстанда өндірістерін локализациялауды бастады.
Электровоздар мен локомотивтер өндірісінде Alstom және Wabtec зауыттары елеулі технологиялық жетістіктерге қол жеткізді.
Өткен жылы Атырау облысында құны 350 млн доллар, ал жылдық қуаты 6 мың вагонды құрайтын зауыт іске қосылды. Биыл Астанадағы Stadler зауыты алғашқы 50 жолаушылар вагонын шығаруды бастайды, – деді ол.