Қосылған құн салығының күрт көтерілуінен қатты зардап шегетін салалар аталды

536

Қазақстанда қосылған құн салығы қазіргі 12 пайыз деңгейден 20 пайызға көтерілуі мүмкін. 

Қосылған құн салығының күрт көтерілуінен қатты зардап шегетін салалар аталды Фото: canva.com

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай мәселе қарастырылып жатқанын айтты.

Әзірге ҚҚС мөлшері қандай болатыны белгісіз. Үкімет бұл көрсеткіштің ықтимал өсімі бағаға әсер ететінін жасырмады.

Сарапшылар қазірдің өзінде ҚҚС ставкасы өзгеруінің салдары туралы айтып жатыр. Олар бұл қарапайым қазақстандықтардың қалтасын қағатынын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салық жөніндегі сарапшы Рита Еспенбетова ҚҚС күрт көтерілуіне қарсы екенін айтты.

"Қосылған құн салығы мөлшерінің 12%-дан 20%-ға көтерілуі елдегі бизнес ахуалына және жалпы экономикаға теріс әсер етеді. ҚҚС – жанама салық, оны түптеп келгенде тұтынушы төлейді. Ал тұтынушы дегеніміз сіз бен біз. Әрине, бұл барлық тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне әкеледі. Бұл әрбір қазақстандықтың қалтасын қағады. Әсіресе, табысы төмен, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін ауыртпалық әкелуі мүмкін", – деді сарапшы редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Сала маманынан қосылған құн салығының өсуі шағын және орта бизнеске қалай әсер ететінін сұрадық.

"Шағын және орта бизнес зардап шегеді. Себебі ҚҚС ставкасының көтерілуімен бірге қосымша құн салығының тіркелу шегін 15 миллион теңгеге төмендету ұсынылып отыр. Мемлекет бизнестің 90%-ына салық салуды көздеп отыр деген сөз. Меніңше, бұл адамдардың өз кәсібін бастап, оны дамытуға ынталандыратын шара емес. Бюджетке төлеуге берілетін ҚҚС мына формула бойынша есептеледі. Сату бойынша айналымнан түскен ҚҚС – жеткізушіге төленген ҚҚС, оның айырмашылығы бюджетке төленеді. Осылайша, бұл тізбектеліп соңғы тұтынушыға дейін жалғасады. Әсіресе, ҚҚС есептеудің деңгейі төмен салаларға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, қызмет көрсету саласы (қонақ үйлер, туризм, консалтинг, заңгерлік және бухгалтерлік қызметтер және тағы басқалар). Өйткені қызмет көрсету саласындағы негізгі шығынға еңбекақы жатады. Үйлердегі шағын сауда, қоғамдық тамақтану орындары. Бұл көбінесе бастапқы құжаттар берілмейтін базарлардан тауарлар мен азық-түлікті сатып алған жағдайларға қатысты. Осындай компанияларға қосымша жүктеме артылып, ол тауардың немесе қызметтің бағасына қосылады. Кәсіпкерлер баға бәсекелестігіне төтеп бере алмаған жағдайда, нарықтан шығып, бизнесін жабуға мәжбүр болады", – деп түсіндірді Рита Еспенбетова.

ҚҚС-ның көтерілуі бағаға теріс әсер етпес үшін қандай шаралар қажет?

"Ең әуелі бірінші қажеттіліктегі тауарлар үшін қосылған құн салығын 12%-да қалдыру керек, бұл теріс әсерді азайтуға көмектеседі. ҚҚС-ның көтерілуі әсер етпейтін осындай тауарлардың тізімі болуы тиіс. Бәлкім сараланған ставкалар қолданған жөн. Мұндай сараланған тәсіл көптеген елде бар. Мәселен, Ресейде жалпы ҚҚС мөлшерлемесі 20% болғанымен, 10% және 0% ставкалар да бар. Бұл төмендетілген мөлшерлеме тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге қолданылады", – деді салық жөніндегі сарапшы.

Рита Еспенбетова қосылған құн салығы 20%-ға көтерілсе, өзгеріс барлық саланы қамтиды деп отыр.

"Біртіндеп бағаның көтерілуіне әкеледі. Бұл өзгеріс ешкімді айналып өтпейді, себебі бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Өнім сататын адам, бензин сатып алатын адам және тағы басқалар. Электр энергиясы, газ және бензин тарифтерінің көтерілуі жоспарланып отыр. Осыдан-ақ қорытынды жасауға болады", – дейді ол.

Басқа жол бар ма?

"Мәселенің түп тамырына зер салатын болсақ, бізде мемлекет салықтардан түскен қаражатқа қарағанда көп жұмсайды, солай ғой? Соңғы жылдары шығындарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан трансферттер пайдаланылды. Ақша жетуі үшін салықтық кірістерді арттыру керек немесе шығындарды қысқарту қажет. Бірақ осының екінші бөлігі туралы ешкім айтпай отыр. Қазір қоғамды бюджет түсімдерін ұлғайту үшін көбірек салық төлеу керек деген ойға дайындап жатыр. Десек те, мемлекеттік бюджеттің тиімді емес және қажетсіз шығындарын қысқартуға қатысты резервтер де бар, бұл туралы жыл сайын Есеп комитеті баяндайды. Бұдан бөлек, бюджеттің кірісін арттыруға қатысты резервтер бар. Мәселен, Салық кодексінің жобасында банктерге арналған корпоративтік табыс салығының мөлшерін 25%-ға дейін көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Банктер жоғары маржа алады, оларды қаржылық делдалдар деуге келеді. Бұл қатарға сақтандыру компанияларын, ойын бизнесін және басқа да қаржы ұйымдарын жатқызуға болады. Осылайша, шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені төмендетуге болар еді", – деді Рита Еспенбетова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу