Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, көпбалалы және әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына қосымша 5 мың грант бөлінді.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, аталған гранттар жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен конкурстық негізде беріледі. Ол үшін арнайы конкурстық комиссиялар құрылатын болады.
Конкурсқа қатысудың негізгі шарты – 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау. Яғни, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл, "педагогикалық ғылым" бағыты бойынша кемінде 60 балл жинау керек.
Конкурсқа құжаттар 5-10 тамыз аралығында қабылданады.
Білім гранттарын тағайындау және жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі.
Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) белгіленген үлгідегі өтініш;
2) білімі туралы құжат (құжаттарды қабылдау комиссиясына түпнұсқасын тапсыру керек);
3) ҰБТ сертификаты;
4) Медициналық анықтама (086-У);
5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
Сондай-ақ, балалардың көпбалалы немесе атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасылардың қатарынан екендігін растайтын құжаттар көрсетілуі керек.
Білім гранттары иегерлерінің тізімін әкімдік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады.
Фархат Әміренов