Көз жұмған студенттің туыстары президенттен араша сұрады

16524

Шымкентте жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес кезінде ауыр жарақат алған студент тілге келместен аурухана төсегінде жан тапсырды. 

Көз жұмған студенттің туыстары президенттен араша сұрады

Адам өлімімен аяқталған оқиғаға қатысты полицейлер алғаш рет ресми пікір білдірді. Белгілі болғаны, тек төбелес қатысушыларының емес, ақ халаттылардың да үстінен қылмыстық іс қозғалды.  

Шымкентте жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес кезінде ауыр жарақат алған студент тілге келместен аурухана төсегінде жан тапсырды. Марқұм Абзал Уткуровтың туыстары аталған оқиғаға байланысты қылмыстық істің қаралуында әділдік болуын қалап отыр. Ал марқұм жатқан аурухана дәрігерлерінің үстінен де іс қозғалды. 

Еске салсақ, 22 мамыр күні сағат 23:30-дар шамасында Шымкенттегі Тоғыс тұрғын алабындағы "Мейір" дүкенінің алдында жасөспірімдер арасында (оның 10-ы кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста)  кикілжің туып, соңы төбелеске ұласқан болатын. Осының салдарынан үш жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Күдіктілердің барлығы оқиға орнынан бой тасалаған.

Жаппай төбелес кезінде таяқтың астында қалған үш жәбірленушінің бірі, марқұм Абзал досы Дулат Қамытбек оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 

"Біз көлікте отырғанбыз. Олардың бірі келіп, маған сыртқа шығып сөйлесейік деді. Мен шықтым, Абзал іште қалды. Бір кезде балалардың бірі арқамнан соққы жасады, екіншісі таспен ұрып, үшіншісі жерге құлатты. Содан тепкілей бастады. Мен Абзалдың қай уақытта келгенін байқамай қалдым. Қас қарайып қалған, бәрі әп-сәтте басталып кетті. Қасымызда болған тағы бір досымыз Ернар бізге 15-20 шақты бала жабылғанын айтты", – деді Дулат Қамытбек. 

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәліметінше, Абзал Уткуров ауруханаға 23 мамыр күні түнгі сағат 01.55-те ауыр халде түскен. Оның бас миына қан кеткені анықталып, жедел түрде ота жасалған.  

17 жастағы марқұм Абзалдың ағасы Алмаз Уткуров бауырына медициналық көмек тиісті деңгейде жасалмады деп ашынып отыр.

"Ауыр халде түсті ауруханаға, есін білмейді. Мен әлеуметтік желіге жазып, Денсаулық сақтау министрінен көмек сұрадым. Маған министрліктен сол күні кешкі сағат 6-ға дейін санавиациямен Нұр-Сұлтаннан дәрігерлер келеді деп уәде етілді. Себебі інім жолға жарамады. Бірақ ол дәрігерлер сол күйі келмеді. Шымкенттегілер нейрохирургиялық институт дәрігерлерімен байланысып отырмыз деп айтты.  Бірақ оған да сенімсізбін. "Келіп көріңіздерші" деп қанша жалындым. Ешкім құлақ аспады", – деген Алмаз Уткуров енді аталған оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс бұрмаланып кете ме деп алаңдайды.

"Айдың күннің аманында тірегім, бауырымнан айырылдым" деген ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. 

Қалалық Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов бұл оқиға бойынша бес жасөспірім қамауға алынғанын мәлімдеді. Ал 18 жастағы бір жігіт қазір іздеуде. Алғашында ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігі 5,7,11-тармақтары (көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты бұзақылық ниетпен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша іс қозғалған.  
 

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлерімен ізін суытпай сол түні күдіктілердің барлығы анықталып, олардың бесеуі қамауға алынып, екеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды және біреуіне іздестіру жарияланды", –деді қалалық Полиция департаментінің басшысы. 

Айта кетейік, қаланың бас полицейі балалар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты  ҚР ҚК 317-бабы бойынша (медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау) іс тіркелгенін мәлімдеді. 

Жансая Тәуекелқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу