Көзбояушылар кооперативке қол салды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1779

"Жалған кәсіпкерлік" деген сияқты, енді қолданысқа "жалған кооператив" деген ұғым енетін болар.

Көзбояушылар кооперативке қол салды

Өйткені әкімдердің көзбояушылық жасап, осындай "көпіршік" кооперативтерді қаптатып құрып тастағаны әшкереленіп жатыр. Бұл ақпарат премьердің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен министрліктің алқа отырысында жария етілді.

Кезінде қандықол Колбиннің өзі Мәскеуге қарап, аңырап: "Қазақтар үнемі қосып жазады" деп шағымданған екен. Бодан болған кезден бері ұлттың бойына дарыған осы кесір тәжірибе – көрсеткішті қолдан көркейтіп көрсетуге тырысу тәуелсіздік тұсында да қалмай келеді.

Ауыл шаруашылығы қазір ел басшылығының ерекше назарында. Әйтпесе, қарасаңыз, министр сонымен бірге тікелей үкімет басшысының орынбасары қызметін қоса атқарып отырған басқа сала жоқ. Оның үстіне президенттің жаңа жолдауына сәйкес, ауыл шаруашылығы алда құны түсіп, бөшкесінің қадірі кетіп бара жатқан "қара алтынның" орнын басып, бюджетті түсіммен толтырар жаңа драйверге (бұрынғыша айтқанда, экономика "локомотивіне") айналуға тиіс. Айтпақшы, сарапшылардың есеп-қисабына жүгінсек, "қара алтын" деп қопайтқанымызбен, мұнайдың бір бөшкесінен кәдімгі "қара сияның" бір бөшкесінің құны әлдеқайда қымбат тұрады екен. Демек енді мұнайға әрі қарай сия кетірмей, "алтын бесік" ауылға оралайық.

АШМ бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов аймақ басшыларының "жаба тоқуға" тырысып жүрген жауырын жария етіп тастады. Оның айтуынша, министрлік мамандары ауыл-аймаққа аттанып, "тіршілігін" тыйған кооперативтерді анықтауға білек сыбана кірісіпті. Яғни еліміздің барлық өңірінде "үлкен кооперативтік ревизия" жүргізген. Сонда көргендерінен көздері атыздай болыпты. Мемлекет миллиондап қаржы бөліп жатқан осы "шағын аграрлық ұяшықтардың" біразы "балапансыз яки жұмыртқасыз", бос болып шыққан.

Қайрат Айтуғанов былтыр Қазақстанда 157 кооператив құрылғанын хабарлады. Алайда жүргізілген талдаудан кейін олардың арасында көзбояушылық үшін құрыла салғандары да көп екендігі белгілі болды.

"Сан қуу жолында қағаз жүзінде формальды кооперативтер құрылған. Біздің мамандар өңірлерді аралап, "құрылған" барлық кооперативтің жайымен танысып шықты. Әкімдіктер өз есебінде "де-юре" (қағаз жүзінде) құрылды дегендері шынында "де-факто" (іс жүзінде) жұмыс істемейтін болып шықты. Осылайша, өткен жылы ашылған 157 кооперативтің 25%-ы әлі күнге жұмысын бастамағаны анықталды. Ендеше оларды көзбояушылық үшін құрылған деп санауға болады", – деді алқа отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Қайрат Айтуғанов.

Тағы бір "шанс" бергені болса керек, бұл 25 пайыздық үлестің қаншасы қай облыстың еншісіне тиетінін ашып айтпады.

Осындай "құрылуға" АШМ да "құрылумен" жауап берді. Бірінші вице-министрдің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы министрлігінде ауыл шаруашылығы кооперациясын қолдау жөніндегі жеке құрылым – жаңа департамент ашылып жатыр. Енді оның да қағаз жүзінде емес, іс жүзінде пәрменді жұмыс істегені керек. Әйтпесе, біздің шенеуніктердің барлық күш-жігері баянды да байыпты іске емес, әдемі баяндама әзірлеуге жұмылдырылып жататыны сирек кездеспейді.

Мұның сыртында ведомствода арнаулы топ құрылыпты. Жаңа департамент пен осы топ мамандары әрі қарай да ауыл-аймақты аралап, аграршыларға кооперацияларды қолдаудың жаңа схемаларының "күрделі тұстарын" түсіндірумен айналысады.

"Бір қынжылтатыны сол, көптеген облыста дәл сол аудан, ауыл деңгейінде ауыл шаруашылығы кооперацияларының не екендігі туралы түсінік жоқ. Кейде тіпті ол түсінік бұрмаланып жеткізіледі. Сондықтан 2248 ауылдық округ әкімдерін оқытып шықтық. Дегенмен, бұл жұмыс енді басталып жатыр. Әрі қарай да жағдайды ұдайы бақылауда ұстаймыз!", – деп уәде етті министрдің бірінші орынбасары.

Алқа отырысы кезіндегі баяндамасында Қайрат Айтуғанов елімізде кооперативтермен 15 мың жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) қамтылғанын мәлім етті. Олардың базасында жүзден астам сүт қабылдау пункті мен 7 мыңдай мал бордақылау алаңы ұйымдастырылған. Оның қандай тиімділік бергеніне де талдау жүргізілгені маңызды. Себебі қазір сүт те, ет те қымбаттап барады.

Өңірлердің жағдайына тоқталсақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру науқанының локомотивінен арбасы артта қалып қойғаны анықталды. АШМ дерегіне сүйенсек, қолында біраз мал ұстайтын және аумақты жерге бақша салатын ауылдықтарды кооперативке біріктіру бойынша мына облыстарда жоспар орындалмаған:

Жамбыл облысында көзделген 11 кооператив орнына тек алтау, Қызылорда облысында 35-тің 17-сі, Павлодар облысында 14-тің 4-еуі ғана құрылған.

Сүт қабылдау пункттерін құру бойынша келесі өңірлердің кежегесі кері тартып тұр: БҚО 2 орнына тек 1, Қызылорда облысы 17 орнына 11, Жамбыл облысы 11 орнына 10 кооператив құра алыпты. Мал бордақылау алаңдары бойынша Атырау облысы бірде-бір кооператив аша алмаған. ШҚО жоспарындағы 6-аудың тең жартысын ғана еңсере алған (3). Ал Қызылорда облысы 12-нің 3-еуін іске қосқан.

Соған қарамастан, ел үкіметі кооперативтерге әрі қарай да қуатты қолдау көрсете бермек.

Осы салаға қатысты тағы бір қызықты ұсынысқа тоқтала кеткен жөн. Осыдан бірер жыл бұрын парламент депутаттары мен журналистер бірлесіп, ауылдағы сорақы бір жайға атқарушы биліктің назарын аударған болатын. Нақтырақ айтсақ, қорасында мал ұстайтын ағайын малдың қиын далаға шығарғаны үшін жыл сайын экологиялық алым төлеуге мәжбүр. Депутаттар да, "халықтың көзі, құлағы, һәм аузы" саналатын ақпарат құралдары да қидың зиянды өндірістік қалдық емес, керісінше, табиғатқа қажетті тыңайтқыш екенін дәлелдеп баққан. Нәтижесінде бұл сорақы алымның жойылуына қол жеткізген.

Алайда бұл идея әлдеқайда өміршең болып шықты. АШМ мәліметіне сүйенсек, дәл осы алым енді кооперация қозғалысына соққы беріп жатыр екен.

Бірінші вице-министр Қайрат Айтуғановтың байламынша, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативтерге бірігуге құлшынбайды, өйткені онда да малдың қалдығы үшін экологиялық эмиссия төлеуге мәжбүр болады, оның үстіне кооперативте алым артуы ықтимал. Осыған байланысты Салық кодексіне өзгеріс енгізу ұсынылады. Бұл мәселе осының алдында үкімет отырысында көтерілді.

"ЖҚШ-лардың кооперативтерге бірігуіне бөгеуші факторлардың бірі – кооперативтердің ауыл шаруашылығы жануарларының тіршілік қызметі қалдықтары үшін экологиялық эмиссия төлеу міндеті. Сонымен бірге дәл осы норма өз бетінше жұмыс істейтін жеке қосалқы шаруашылықтарға қолданылмайды. Яғни сиыр ЖҚШ аясында қалдық шығарса, ол үшін салық төленбейді, ал егер оның қожайыны кооператив мүшесі болса, сиыр үшін экологиялық эмиссия төлеу қажет болады", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Үкімет сиырға және басқа да түліктерге қатысты бұл қайшылықты жоймақ ниетте.

Ауыл кәсіпкері Надежда Перегонның айтуынша, қазір түсінігі шамалы болғанымен, шаруаға бәрібір кооперативке бірігуге тура келеді: "Өйткені олар енді ескі ережелермен әрі қарай жұмыс істеуге, өркен жаюға болмайтынын түсінеді. Мәселен 2016 жылдан бері фермерлер бұған дейін жасап келгенінің біразын заңды негізде жасай алмай қалды. Айталық, бір-бірінің жерін өңдеп, егін салуға, қосалқы жалға (субаренда) беруге тыйым салынды. Бұдан былай бұлар тек ауыл шаруашылығы кооперативтері аясында ғана мүмкін болады", – дейді Надежда Перегон.

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий да кооперативке бірігуді заман талабы санайды. Оның айтуынша, қазіргі кезде еліміздің қытаймен шекаралас шығысында мал шаруашылығы жақсы дамыған.

"Ауыл шаруашылығы саласының бұл түрінің әрі қарайғы тиімді дамуы селекциялық жұмыс жүргізуді талап етеді, демек, құны қымбат асыл тұқымды бұқа сатып алу немесе ұстап тұруға шығын шығару қажет болады. Бұл, әрине, ЖҚШ-ларға тым қымбат. Оның сыртында облыста мал індетке шалдығатын кездер болады, егер уақтылы вакцинация жүргізілмесе, бұдан асыл тұқымды мал да зардап шегуі ықтимал. Ал карантиндік шара жүргізуді тағы да ұсақ мал шаруашылықтарының қалтасы көтермейді. Кооперативтер осындай проблемаларды шешуге қауқарлы" дейді ол.

Биылғы жолдауында елбасы агроөнеркәсіп кешені болашағы зор саланың бірі ретінде атап өтті. Сонымен бірге министрліктің алдында АӨК-ті Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналдыру жөнінде нақты міндеттер қойып отыр. Бұл ретте Елбасының идеясы бойынша Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығында ең алдымен, "экологиялық таза азық-түлік өнімдерін жеткізуші ретінде бірінші орынды иеленуі" – еліміздің басты мақсаты. Осы мақсатта Қазақстан "Агробизнес-2020" бағдарламасының орнына биыл 14 ақпанда АӨК-ті дамытуда жаңа мемлекеттік бағдарламаны бекітті.

Үкімет басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі тәсілдің бірі – шағын және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту.

Министр 2017 жылы әкімдіктер 410 кооператив құруды жоспарлағанын айтады.

Ішкі нарықты толтыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, мемлекеттік көмектің қаржылық шараларын тиімді пайдалану үшін сезімтал тауарлар импортының орнын алмастыруда нақты индикаторлар белгіленіпті. Енді олардың орындалуын қадағалау қажет.

Мекеме субсидияның 11 тиімсіз түрін жойған, субсидияның тағы 39 түрінің нормативіне өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде бюджетті өзгертпей-ақ, мемлекеттік қолдау шараларының өндірушілерді қамтуы 7,5 есеге ұлғайтылып жатыр: егер бұған дейін субсидия қызығын еліміздегі ірі 67 агрокешен көріп келсе, енді бұл қатар "500 мыңға дейін күрт ұлғаюға тиіс" көрінеді. Өйткені олар сапына шағын шаруашылықтар мен кооперативтер қосылады.

Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алу үшін шаруа адамына "пәпкі-пәпкі" қағаз жиып, облыс орталығына не елордаға сабылудың қажеті болмауға тиіс. Осы мақсатта мемлекеттік реттеуді цифрлық технологияларға көшіру көзделіп отыр.

Нақтырақ тоқталсақ, субсидияны автоматтандыру процесі енгізіледі. Бүгінгі күні субсидияның 17 бағытының екеуі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, тыңайтқыш бойынша ғана өтінім электронды үкімет порталы арқылы беріледі.

"Биыл үш бағыт – пайыздық мөлшерлеме, тыңайтқыш, гербицид бойынша толық автоматтандыру іске асырылады. Келесі жылы субсидия беру процесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл өтінімді қарау мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге – 18 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл шара субсидия беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетеді. 2021 жылға дейін азық-түлік өнімін экспорттауды 40%-ға ұлғайтуды міндеттейтін нақты тапсырмалар бар. Осы тапсырмаларды орындау үшін әр жылға шағылған нақты индикаторлар белгіленген", – дейді Асқар Мырзахметов.

Министрлік биыл да экспортты 10% ұлғайтуды көздеп отыр. Экспорттық саясат өнімді әлемдегі өткізу нарықтарына ілгерілетуді мақсатты түрде қолдау негізінде жүргізіледі. Осы мақсат үшін "ҚазАгро"-ның өз қаражаты есебінен "Азық-түлік корпорациясы" "ҚазАгроКепіл"-мен және "KAZNEX INVEST"-пен, сондай-ақ Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен өзара тығыз іс-қимылда АӨК-тің экспорттық орталығы рөлін атқаруға кіріспек.

Ол біріншіден, сыртқы нарықтарды талдауды және перспективалы өткізу елдері үшін өнімді ілгерілетудің жол карталарын жасауды, екіншіден, АШТӨ-ден өнімді форвардтық сатып алуды және ірі экспорттық партияларды қалыптастыруды, үшіншіден, сыртқы нарықта сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнімі үшін өткізудің экспорттық арналарын құруды, төртіншіден, АШТӨ-нің экспорттық келісімшарттарын сақтандыруды және кепілдендіруді ұсынуды, бесіншіден, "KZ ORGANIC FOOD"-ты қоса алғанда, шатырлы брендтерді ілгерілетуді, ал алтыншыдан, өнімді экспорттау бойынша, оның ішінде келісімшартты сүйемелдеу бойынша консультациялық қызмет көрсетуді жүзеге асырады.

Алқа отырысында хабарланғандай, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмалар аясында: 41 апаттық жағдайдағы су шаруашылық жүйесін және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау, 22 жаңа су қоймасын салу, жер суару инфрақұрылымын және дренажды жүйе құрылысын қалпына келтіру шаралары жүзеге асады.

Бұл шаралар елбасының 600 мың гектардан аса жерді тұрақты суландыра отырып, 2021 жылы оны 2 млн гектарға жеткізу тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемелекеттік бағдарлама аясында, тыңайтқышты субсидиялау механизмін қарастыру тыңайтқышты 376 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу