Көзі көрмейтіндердің көз жасы кімге?

2928

Сапасыз құрылыстың кесірінен зағип бала үшінші қабаттан құлады.

Көзі көрмейтіндердің көз жасы кімге?

Көру қабілеті нашар балаларға арналған Қарағандыдағы мектеп-интернатқа барған балалар  жарақат алып қалуы мүмкін. Ата-аналар осылай деп дабыл қағуда.

Баласын осы мектеп-интернатқа берген Ольга Пистер оқу ордасы білім алушылар үшін қауіпсіз емес екенін айтады.

"Білім мекемесіне көздері көрмейтін балалар жағалап жүру үшін тіреуіш салынбаған. Айнала құбыр мен шыныға толы. Балалар құбырға құласа немесе шыныға соғылса не болады?! Бұл жер зағиптарға арналмаған сияқты, – дейді баласына алаңдаған ана.

Құрылысы 10 жылға созылып, ақыр аяғында тапсырыс беруші мен мердігердің бір-бірін сотқа сүйреуіне ұласқан интернаттың дауы әлі бітер емес. 2009 жылы мектеп-интернаттың негізгі құрылысы  аяқталып, ұсақ-түйек жұмыс қалған кезде жұмыс тоқтап қалды. Содан мектеп-интернаттың ғимараты 6 жыл қаңырап тұрды. Уақыт өте келе қараусыз қалған білім мекемесі тонала бастады. Кейін мектеп-интернат Қарағанды қаласының коммуналдық меншігіне өтіп, құрылысты аяқтауға 1млрд 84 млн теңге бөлінді. Жұмысқа жаңа мердігер тартылды. Ата-аналардың айтуынша, ол да міндетін мінсіз атқармаған.

"Мектеп-интернатта су жоқ, электр желілері мен кәріздік жүйе дұрыс істемейді. Сыныптардың есігі ішке емес, сыртқа ашылады. Бұл көзі көрмейтін балаларға қолайсыздық туғызады", – дейді ата-аналар.

Олардың сөзінше, қабатарлық баспалдақтардың жақтауы жоқ. Осының салдарынан зағип балалар құлап жатыр.

"Өткенде үшінші қабаттағы баспалдақтан кішкентай бүлдіршін құлап кетті. Абырой болғанда ол үйінділердің үстіне түсіп, аман қалды", –  дейді ата-аналар.

Көру қабілеті нашар балаларға арналған бұрынғы мектеп-интернат Михайлов ауданында болған еді. Ата-аналардың мәліметінше, сол жерде көп жылдан бері мектеп-интернатты басқарған директор жаңа білім ордасына келгенде кемшіліктердің көп болуының кесірінен жұмыстан шығып кеткен. Директордың орынбасары да қызметіне қол сілтеген. Ал тапсырыс беруші мердігер компанияның жұмысына шаң жуытпай отыр.

"Бізге ғимаратты осындай жағдайда өткізді. Жоба толығымен аяқталмаған. Сметалық құжатта көрсетілген жұмыстың басым бөлігі орындалмаған. Ал 2004 жылы жасалған алғашқы жобада заман талабына сай талаптардың қарастырылмауы өз алдына жеке мәселе", – дейді облыстық құрылыс басқармасының бастығы Бауыржан Исабаев.

Мектеп-интернат жаңа оқу жылына дайын болмағандықтан мұнда сабақ 11 қыркүйекте басталды. Ал құрылыс жұмыстарын аяқтаған мердігер ата- аналарға "алаңдауға негіз жоқ, үш жыл кепілдік беру мерзімі бар, барлық кемшілікті дұрыстаймыз" , – деп отыр.

"Жобада есік қалай қарай ашылу керек екені көрсетілген. Құрылысшылар сол талапты орындады. Бізге жобадан ауытқуға болмайды. Қазір мектеп  басшылығының өтінішімен есіктердің  тұтқаларын көзі көрмейтін балаларға ыңғайлы болатындай етіп ауыстырып жатырмыз.  Жобадан тыс жұмыстар  өз қаражатымызға жасалып жатыр.  Ал баспалдақ, есік, терезе бізге дейін орнатылған. Біз тек құрылыс жұмыстарын аяқтадық, – деді мердігер компанияның басшысы Ержан Байтанов.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу