Иван Резванцев болашақта Қазақстандағы футбол клубтарының жаппай жекешелендірілуі неге әкеліп соғуы мүмкін екенін болжап көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спорт журналисіне "Ресей немесе Беларусь тәжірибесін қайталауымыз мүмкін бе?" деген сауал қойылған. Еске салайық, миллиардер Сулейман Керимов бастапқыда қаржы құйып, кейіннен тастап кеткен "Анжи" клубының жайын спортсүйер қауым жақсы біледі.
– Мұндай қауіп бар, әсіресе жергілікті бизнес өкілдері иелік еткен клубтарда кездеседі. Егер актив шығын әкелсе, олар одан бас тартуы мүмкін. Команданы ұстап тұру – өте қымбат әрі ауыр жүк, – деді ол.
Десе де, журналистің сөзінше, капитал жинай алған кәсіпкерлер команданы да дамытуға қауқарлы. Әсіресе, "Ақтөбе" футбол клубының жайы. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, жеңілісті кешірмейтін өте талапшыл жанкүйерлері бар. Сол себепті, мұның маңызы тереңде жатыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 5 клубы толықтай жекеменшікке өткен.
Олар:
"Қайрат" – Қайрат Боранбаев,
"Қайсар" – Исламғали Қозбақов,
"Жеңіс" – Михаил Ломтадзе,
"Қызылжар" – Сергей Кан,
"Шахтёр" – Тимур Турлов.