"Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының он екінші турында "Мақтааралды" қабылдады. Матч Қостанайдағы "Тобыл Арена" стадионында өтіп, 4:2 есебімен аяқталды. Ойынның бірінші таймында гол соғылған жоқ. Ал екінші тайм бастала салысымен Игорь Сергеев көзге түсті. Көп ұзамай Рубен Бриджиду есепті еселеді. "Мақтаарал" да қарап қалмай, 60-минутта Тұзақбаев пен Юденковтың арқасында есеп айырмасын қысқартты. 68-минутта Сергеев дубль жасады. Сегіз минуттан кейін Рамазан Кәрімов "Тобыл" қақпасынан саңылау тапты. Ал 88-минутта Сергей Малый ойындағы соңғы голды соқты. Осы жеңістің арқасында "Тобыл" 18 ұпай жинап, бесінші орынға көтерілсе, 9 ұпайы бар "Мақтаарал" турнир кестенің соңында қалды.
"Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының он екінші турында "Ақжайықпен" кездесті. "Астана Арена" стадионында өткен матч 2:0 есебімен аяқталды. Әли Әлиев жаңа командадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ойынның небәрі 5-минутында Дарко Зорич есеп ашты. Ал 79-минутта Жиан Мартинс матчтың нүктесін қойды.
Қазақстан Премьер-лигасының он екінші туры аясында "Каспий" мен "Тараз" клубтары да күш сынасты. Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өткен матч 2:1 есебімен аяқталды. 24-минутта "Тараздың" қорғаушысы Елдос Ахметов алаңнан қуылса, бес минуттан кейін Бауыржан Байтанаға қызыл қағаз көрсетілді. Ойынның 27-минутында алаң иелері пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. Мақсат Тәйкеновтің тепкен добы қақпа маңдайшасына тиді. Ал кері серпілген допқа Никола Цуцкич бірінші жетіп, баспен гол соқты. Жеті минуттан кейін Павел Киреенко есепті еселеді. 90-минутта "Тараздың" капитаны Мақсат Әмірханов жұбаныш голын соқты. Осы ойыннан кейін "Каспий" 22 ұпай жинап, "Астана" мен "Таразды" артқа тастап, турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілді.
Ермұхамед Мәулен