KPMG табысын есептеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3556

Компанияның табысы 2017 жылы рекордтық деңгейге – 26,4 млрд долларға жетті.

 KPMG табысын есептеді

Компанияның таратқан мәліметіне сүйенсек, кірістің еселенуіне жаңа технологияларға, инновациялық қызметтерге, альянстар мен мамандарды іріктеуге бағытталған инвестициялар ықпал еткен. Осылайша, 2017 жылдағы табыстың өсу қарқыны 5%-ды құрады. Яғни бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 5%-ға артқан. Бұл аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметтерін көрсететін ірі компанияның бөлімшелері жұмысының алға басуына мүмкіндік берген.

"KPMG фирмалар желісі клиенттердің үздіксіз өзгеріп тұратын қажеттіліктерін қанағаттандыру жағдайына қарамастан тұрақты өсім байқатты. Біз клиенттер күрделі кедергілерге жиі тап болатын аудиторлық, салықтық және кеңес беру салалардағы жаңа технологиялар мен инновациялық қызметтердің маңызды стратегиялық инвестицияларын жүзеге асырамыз. KPMG фирмалары алдыңғы қатарлы технологиялар мен аталған бағыттағы әлемдік тәжірибені біріктіре отырып, киберқауіпсіздік, деректер мен сараптама, цифрлық трансформацияға байланысты қызметтер саласында жетекші орындарға ие болды. Бұл қадам клиенттерге аталған салалардағы әлдеқайда жоғары мүмкіндіктерге жол ашып берді", – дейді KPMG International президенті Билл Томас.   

Сондай-ақ компания қамтитын негізгі үш географиялық өңірдің барлығында да (Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия-Тынық өңірі және Еуропа, Таяу Шығыс және Африка) өсім байқалған. Атап айтқанда, Солтүстік және Оңтүстік Америка өңірі бойынша компания табысы 4,4%-ға артқан. Бұл ретте салық қызметінің өсімі 6,7%-ды құрады. Азия-Тынық өңіріндегі табыс 8,1%-ға ұлғайып, кеңес беруі қызметінің өсімі 15,0%-ға жетті. Ал Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (Үндістанды қосқанда) өңіріндегі табыс 4,0%-ға ұлғайған.           

2017 жылы KPMG International 1 млрд АҚШ долларынан астам қаржыға ұзақ мерзімді бағдарламаларды инвестициялады. Бұл бағдарламалар жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға, сондай-ақ жаңа қызметтер мен шешімдерді әзірлеуге бағытталған.

"KPMG ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Былтыр бұл бағытқа 1 млрд АҚШ долларынан астам қаржы жұмсадық. Бағдарламалар компанияның технологиялық мүмкіндіктері мен операциялық моделін өзгертуге күш салады. Біз жұмыс сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық трансформацияларға баса мән береміз", – дейді Билл Томас.    

Былтыр компания 37 мыңнан астам түлектер мен бастапқы деңгейдегі өзге де қызметкерлерді жұмысқа қабылдады. Осылайша, фирманың жалпы қызметкерлерінің саны да рекордтық деңгейді бағындырды. Яғни, 197 263 адамды құрады. KPMG International жаңа қызметкерлерді жұмысқа тарту барысында гендерлік тендікке де қол жеткізді. Бүгінде KPMG фирмалар желісіндегі әйелдердің жалпы үлесі 47%-ға тең.

Компания негізгі үш бағыт бойынша қызметтерді жүзеге асырады. Олар – аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметтері. Өткен жылы аудиторлық қызметтердің түсімі 3,1%-ға ұлғайып, 10,39 млрд АҚШ долларын құраған. Осылайша, 2016 жылғы оң тенденция былтыр да қайталанды. Бұл ретте, компания Еуропа елдеріндегі маңызды аудиторлық жобаларды қолға алған. Өйткені Еуропалық одақтың екі жыл қатарынан жүргізген аудиторлық реформасына байланысты аудиторлардың ауысуы жүріп жатыр.

Былтыр салықтық қызметтердің түсімі 2016 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға көбейіп, 5,83 млрд АҚШ долларын құрады. Ал кеңес беру қызметтерінен түскен пайда 6,0%-ға артып, 10,18 млрд АҚШ долларына тең болды.

KPMG – аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметтерін ұсынатын халықаралық фирмалар желісі. Әлемнің 152 елінде KPMG кеңселері жұмыс істейді. Компания 1996 жылдан бері Қазақстанда да жұмыс істей бастады. KPMG-ның Алматы, Астана, Атырау қалаларында кеңселері бар.   

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу