ҚР ҰОК басшысы Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті қызметіне қайта сайланды

1409

Олимпиадалық кеңестің Бас ассамблеясы өткен жылды қорытындылады.

ҚР ҰОК басшысы Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті қызметіне қайта сайланды

Таиланд астанасы Бангкокте Азия Олимпиадалық Кеңесінің (АОК) 38-ші Бас Ассамблеясы өз жұмысын аяқтады. Күн тәртібіндегі басты мәселе – АОК президентін, сондай-ақ, АОК Атқарушы комитетінің құрамын және АОК тұрақты комиссиясын сайлау болатын, деп хабарлайды ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі. Дауыс беру қорытындысы бойынша, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 2019-2022 жыл аралығында  АОК-тің  Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті қызметіне қайта сайланды. 

АОК президенті, шейх Ахмад-әл-Фахад-әл-Сабах тағы да төртжылдық кезеңге сайланды.

Бас Ассамблея отырысында өткен жыл қорытындыланып, 2018 жылы Джакарта мен Палембангта өткен жазғы Азия ойындарын Ұйымдастырушы комитеттің есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Олимпиадалық ынтымақтастықтың жаңартылған бағдарламасы мен 2020 жылы Токиода, 2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеттерінің дайындық барысы таныстырылды.

АОК ұйымдастырған іс-шара аясында Қазақстан ҰОК өкілдері Ауғанстан және Иран ҰОК басшыларымен екіжақты кездесу өткізді. Сондай-ақ, Қазақстан ҰОК пен жақында сайланған Ауғанстан ҰОК президенті, доктор Хафизулла Вали Рахими арасында әріптестік туралы Меморандумға ресми түрде қол қойылды.

Иран ҰОК президенті, доктор Сайед Реза Салихи Амири Қазақстан ҰОК тарапымен тығыз байланыс орнатуға дайын екенін айтып, еліміздегі спорттың даму қарқынына жоғары баға берді. Сонымен қатар, Қазақстанды Орталық Азияда көшбасшы санайтынын жеткізді. Ол Қазақстан ҰОК басшылығын  екі ел арасындағы әріптестік туралы Меморандумға қол қою үшін Теһранға шақырды.

Қазақстан ҰОК өкілдері Халықаралық текбол федерациясы (FITEQ) өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда текболды дамыту және ұлттық федерация құру мүмкіндігін талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу