Кредит кешіру мерзімі ұзартылатын болды

25191

Үкіметтің тиісті жаңа қаулысының жобасы әзір.

Кредит кешіру мерзімі ұзартылатын болды

Себебі кепілсіз тұтынушылық несиелері бюджет есебінен жабылатындар тізіміне соған мұқтаждардың барлығы бірдей кірмей қалғаны анықталуда.

Ел басшылығы мен министрлер атына қоғамның аз қамтылған қазақстандықтардан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүрген науқаннан өз несиелерінің тыс қалғаны жөнінде арыз-шағымдар қаптап түсуде. Үкімет пен әкімдіктер Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту бойынша жұртшылықтан ешқандай құжат қабылдамағаны мәлім. Тек банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынған борышкерлер тізімі әлеуметтік осал топтағылар базасымен салыстырыла келе, көмек көрсетілетіндер тізімін мемлекеттің өзі қалыптастырды.

"Сіздер балалары 2008 жылға дейін туылған көпбалалы отбасыларды ескерусіз қалдырдыңыздар. АХАТ-та цифрландырудан өту керек деді, өттік. Ал нәтижесі жоқ. Сөйтсек, о бастан тек базада барларға ғана есептелген екен. Қазір базаларыңызда есепке алынбаған көптеген адамдар анықталуда", – дейді осындай хаттардың бірінің авторы Г.Балабиева.

Өз кезегінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтары, оның ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, АӘК алатындар және жетім балалардың базада барларының негізгі қарыздары және оған есептелген жүктеме 100% жабылғанын баяндады.

Анықталғанындай, осы санаттардағы 440 мың 983 азаматтың тұтынушылық қарызын өтеуге 89 млрд 191,8 млн теңге көзделген.

Енді "Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы" 2019 жылғы 15 шілдедегі Үкіметтің №520 қаулысына өзгерістер енгізетін жаңа қаулыда "мемлекеттің өз экономикалық мүмкіндіктеріне қарай" осындай көмек көрсететіні айтылған.

Құжат кредит кешіру мерзімдерін жыл соңына дейін ұзартады.

Өзге шарттары өзгеріссіз қалады. Азаматтың қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс. Одан көп қарызы барлар тағы ілікпейді.

Бір қарыз алушының 300 мың теңгеден аспайтын берешегі өтеледі.

Сонымен, жаңа Үкімет қаулысы жобасына сәйкес, жергілікті әкімдіктер 2019 жылғы 11 қарашаға дейінгі мерзімде (бұған дейінгі қаулы бұл мерзімді биылғы 16 шілдеде аяқтады) Білім және ғылым министрлігіне жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 29 жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалардың тізімін жібереді.

Өз кезегінде БҒМ өңірлерден түскен тізімдерді жинақтап, 13 қарашаға дейін (бұған дейін бұл мерзім 17 шілдеде аяқталған-тын) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдайды.

Бұл ведомство ары қарай 18 қарашаға дейін (бұрынғысы – 18 шілде) тұтынушылық несиесі кешірілуге тиіс барлық адамның тізімін қалыптастырады және оны "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-ға тапсырады.

Өз кезегінде кредиттік бюро қараша айының 22-сіне дейін осы жалпы тізімді банктерге және микроқаржы ұйымдарына ұзатады. Осының алдында Мемлекет басшысының жарлығын тезірек орындауға асыққан шенеуніктер тізімді комбанктер мен МҚҰ-ларға 20 шілдеге дейін жеткізуге жанталасқан болатын. Бұл көп азаматтың тізімнен тыс қалуына соқтырғанға ұқсайды.

Әрине, бюрократия мұнымен бітпейді. Банктердің және МҚҰ-лардың бірінші басшылары 26 қарашаға дейін кредиттік бюроға ресми хат жолдайды. Ол хатқа Президент жарлығындағы санаттарға жататын адамдардың 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қанша борышы барлығы туралы ақпарат қоса берілуге тиіс.

Кредиттік бюро қараша айының соңына дейін әрбір адамның жалпы қарызын есептейді және жалпы берешегі 3 млн теңгеден аспайтын адамдарды іріктеп алады. Яғни, нақты кімнің несие кешіру науқанына ілігетіні де осы жерде анықталады.

Ары қарай "Проблемалық кредиттер қоры" банктер мен микроқаржы ұйымдарына ақы төлеуге арналған тізімді ұсынады және олармен 5 желтоқсанға дейін азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиелерін өтеу туралы келісімге отырады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы қор ұсынған қаржыландыруға арналған өтінімге сәйкес, тиісті қаражатты оған биылғы 10 желтоқсанға дейін аударады.

Ақыр соңында Қазақстан азаматтарын әлеуметтік қолдау мақсатында банктер және МҚҰ-лар 13 желтоқсанға дейін ақырғы тізімге сәйкес, азаматтардың алдымен 300 мың теңге көлемінде негізгі борышы бойынша берешегін, егер одан қаражат артылса, сыйақы бойынша берешегін жабады.

Осылайша, 23 желтоқсанда Президент жарлығы аясында барлығы қанша адамның тұтынушылық қарызы кешірілгені мәлім болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу