Кредиті кешірілмегендер қайтеді?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14830

Отбасы мәртебесін реттегендердің қарызы жыл соңына дейін өтеледі.  

Кредиті кешірілмегендер қайтеді?

Бұдан бұрын Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдегендей, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі берген тізімге сәйкес, 20 қыркүйектегі дерек бойынша 507 363 азаматтың екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдардағы жалпы құны 105,17406 млрд теңгені құрайтын кепілсіз тұтынушылық кредиті кешірілді. 263 525 азаматтың 3 млн теңгеге дейінгі кепілсіз тұтынушылық кредиті толық өтелді.

Үкімет уәде еткендей, кепілсіз тұтынушылық кредитінің бір бөлігі кешірілген азаматтар "қара тізімге" алынған жоқ. Оларға алдағы уақытта кредит алуға шектеу қойылмайтыны да расталды.

2019 жылдың 1 маусымына дейін екінші деңгейлі банктерден 3 млн теңгеге жетпейтін қарыз алған тұрмысы төмен, көпбалалы, асыраушысынан айрылған, мүгедек баласы бар отбасылардың; бала кезінен мүгедектердің; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың; 29 жасқа толмаған жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандардың 300 мың теңге қарызы  төленді. Осы тұрғыдан алғанда үкіметке өкпелеудің жолы да, жөні де жоқ секілді. Десек те арамызда үкіметтің қамқорлығынан құр қалғандар, яғни кредиті кешірілмегендер бар. Олар талапқа сай болса да, кредиттері кешірілмеді. Себебі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған тізімге енбей қалды.

Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылова былай деді: "Жүйеден кеткен қате осындай мәселе туғызды. Олқылықтың орнын толтыру үшін борыш жүктемесін жеңілдетуге арналған бір реттік акция жыл соңына дейін жалғасады. Министрлік қағазбастылықты азайту үшін кредиті кешірілетіндердің тізімін азаматтардың араласуынсыз жасаған. Алты категорияға кіретін азаматтардың барлығы жүйеде болған. Өйткені олардың барлығы әлеуметтік төлем алатын. Іс барысында 2008 жылға дейін некелескендер мен баласы дүниеге келгендердің мұрағаттық деректері цифрландырылмағаны анықталды. АХАЖ (ЗАГС) базасынан оларға қатысты дерек табылмады. Осының салдарынан олар тізімге енбей қалды. Сәйкесінше кредиттері кешірілмеді. Мәселені шешу үшін кредиті кешірілмеген тұлғалар АХАЖ органдарына барып, отбасы мәртебесін реттеуі керек. Отбасы мәртебесі туралы деректі электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы электрондық үкімет порталынан білуге немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 111 номерінен анықтауға болады. Бірден айтайық, қоғамда әлеуметтік әділетсіздік болмайды. Талапқа сай бола тұра кредиті кешірілмегендердің борышы жыл соңына дейін өтеледі. Бұл үшін азаматтар құжаттарын дұрыстауға тиіс".

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу