Ресейде ұлдарын майданнан қайтаруды талап еткен аналар қозғалысы күш алды

1721

Тың бетбұрысқа көршіде өтетін алдағы жылғы президенттік дода да түрткі болуы мүмкін.

Ресейде ұлдарын майданнан қайтаруды талап еткен аналар қозғалысы күш алды Фото: inbusiness.kz

Ресейлік тарихшы ғалым, саясат ғылымдарының кандидаты Татьяна Голуенконың айтуынша, өткен ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңындағы – 90-шы жылдардың басындағы Ресейдегі ең кең ауқымды, әрі ықпалды қоғамдық қозғалыстардың бірі – Солдат аналарының қозғалысы еді. Оның туындауына басты себеп – армиядағы әскери қызметшілердің құқықтарының өрескел бұзылуы, сондай-ақ әскерге алынған жігіттердің амандығын сенімді қамтамасыз ететін құқықтық нормалар мен кепілдердің жоқтығы болды.

Кеңес заманында қарулы күштерде "дедовщина" кесірлі құбылысы жаппай белең алғандықтан, әскерге өз аяғымен кеткен арыс ұлдың артынша сұлық күйде табытпен оралуы кең ауқым алды. Бұған 1979-1989 жылдары, яғни он жыл бойы жүрген Ауған соғысы қосылып, табыттар легі артты.

Сексенінші жылдары өңірлік желілерінің саны өсіп, өркен жайып, институционализацияланған Солдат аналарының қозғалысы Ауған соғысының доғарылуына сүбелі үлес қосты.

Өкінішке қарай, бүгінде Кремльдің соның сойылын соғатын "Ресей солдаттары аналарының комитеті" керісінше, Украинадағы қанды қырғынға дем беріп келеді. Оның ресми сайтында жазылғанда, "2022 жылғы 24 ақпанда арнайы әскери операция басталғалы және 2022 жылғы 21 қыркүйекте мобилизация жарияланғалы", бұл комитет Украинаға аттанған ресейлік әскерлерді әскери керек-жарақпен, киім-кешекпен жабдықтауға, өзге көмек көрсетуге жұмылды.

"Жігіттеріміздің сұратқанының, алғы шепте қажеттінің бәрін жинап береміз", – деп мәлімдеді комитет.

Сонысына қарамай, ұйым аялы алақандағы бейбітшілік құсы – көгершіннің бейнесін өз эмблемасында қалдырды.

Дегенмен, бұл қоғамдық бірлестікке оппозиция ретінде былтырғы жылдың соңынан бері Ресейде аналардың төл қозғалысы дами бастады.

Бастапқыда олар өз наразылықтарын негізінен әлеуметтік желіде білдірді. Түрлі посттар, бейнеүндеудер жазды, Ресей басшысынан балалары алғы шепте босқа қырылып жатқан аналарды қабылдап, зарын тыңдауды талап етті.

Биыл солдаттардың оппозициялық аналары ғаламтордан шынайы өмірге "оралды". Түрлі қалаларда жалғыз пикеттер ұйымдастыруда, жергілікті әкімшіліктерді, әскери комиссариаттарды шабуылдап, маза бермейді.

Олар ақыры, таяуда Мәскеуде шағын шеру ұйымдастырды. Содан бір сағат өтпей, тез тарап кетті. Бұл оның қатысушыларын күш құрылымдары "автозакқа" тоғытып, алып кетпеуі үшін жасалған. Бірақ ресейлік аналардың қарсылығы туралы Батыстың беделді басылымдары жаза бастауы үшін осының өзі жеткілікті болды.

Сонымен бірге олар соғысты тоқтатуға да шақырмады. Сөйтсе, Ресейдің жаңа Қылмыстық кодексі "армияны дискредитациялау" бабына сәйкес, он жыл бас бостандығынан айыруды көздейді.

Солдаттардың аналары тек балаларын, күйеулерін дереу үйлеріне қайтаруды талап ете алды. Бұл ретте қатысушылар наразылық акциясын қайта ұйымдастыруға келісіпті. 25 қарашада, Үлкен театр алдында "мобилизацияланғандардың бәрін үйлеріне қайтаруды" талап етіп, үлкен митинг өткізу үшін Мәскеу мэриясына өтініш берді.

Алайда бұл ойларын жүзеге асыра алмады. Мәскеу мэриясы бұл тақырыпта наразылық білдіруіне рұқсат етуден бас тартты. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, журналисттер шеру ұйымдастырушылардың әрқайсысы жауапты органдардан санкцияланбаған акцияға тағы шықса, үстінен қылмыстық істер қозғалатыны туралы қатаң ескерту алғанын анықтады.

Содан өз ұстанымдарынан таймай, табандылық танытқандары қозғалыс ауқымын кеңейту, институтизациялау үшін "Путь домой" ортақ телеграм-арнасын ашты.

Енді онда аналар Ресейде толығымен демобилизация жүрізуді талап еткен петиция және манифест жариялап отыр. Оған былтырдан бері мобилизацияланған ресейліктердің туыстары қосылуда.

"Біз барлық есіктерді қақтық. Біздің мемлекетіміз мобилизацияланғандардан және олардың туысқандарынан теріс айналды. Осы уақытта біздің бәрімізге тұрақтылықты, сенімділікті, қауіпсіздікті паш етумен келеді. Резервистерді шақырмайтыны, арнайы әскери операция міндеттерін тек кәсіби еріктілер ғана орындайтыны туралы президенттің уәдесі есімізде. Олардың ізімен біздің сүйікті ерлерімізді Украинаға алып кетті. Берілген уәде бос сөз болып шықты. Бізді заңға бағынғанымыз үшін жазалап отыр. Халықты көлегейлеген тұрақтылық шымылдырығының құнын біздің ер-азаматтарымыз қанымен, ал біз – денсаулығымызбен және көз жасымызбен өтеудеміз", – деп көкіректері қасіреттен қақырай, азалана жазады петиция авторлары.

Манифестке қоса берілген петицияға қол қоюшы ресейліктер биліктен "толық демобилизация жүргізіп", былтырғы қыркүйектен бері соғысқа алынған жарты миллиондай мобилизанттарды қайтаруды талап етті.

Бұдан бұрын Ресей Қорғаныс министрлігі 2022 жылы мобилизацияланғандарды үйлеріне шамалы уақытқа демалысқа жіберіп, ротациялайтынын уәде еткен еді. Бірақ петиция жариялаушылар "ротация" өздерін қанағаттандырмайтынын ашық мәлімдеді. Олардың айтуынша, "өздерінің ер-азаматтары тегіс үйлеріне оралып, қауіпсіздікте болғанға дейін" қарсылықтарын тыймайды.

Манифест авторлары Ресейде қалыптасқан ахуалды да сынға алып, оны "абсурд" деп атады.

"2024 жылды президент Ресейде "Отбасы жылы" деп жарияланды. Жұбайынсыз қалған әйелдер өз құқығы үшін күресіп жатқанда, балалар әкесіз өсуге мәжбүр болып, көбісі жетім қалып жатқанда, бұл тек ащы күлкі туғызады", – деп тағдыр тәлкегіне назаланды петицияшылар.

Бұл қозғалыс болашақта жеке партияға айналуы да мүмкін. Ресейлік "Медиазона" порталы мобилизацияланған ресейлік жауынгерлерді майданнан қайтаруды талап етіп жүрген аналар, олардың туысқандары өз арналарында Мемдуманың бұрынғы депутаты Василий Власовты қолдайтынына назар аударыпты.

Ресейлік Brief телеграм-арнасының жазуынша, мандатынан айрылғаннан кейін Власов политтехнологтармен кеңесіп, жаңа партия құру үшін жақтастар пулдарын құру жолдарын талқылаған.

Келесі жылғы наурызда солтүстік көрші Президент сайлауын өткізеді. Оппозициялық аналар, солдаттардың туысқандарды сол додада "мобилизацияланғандарды үйіне қайтару" туралы мәселе көтерген кандидатты қолдайтындарын қазірден мәлімдеді.

Ресейлік, шетелдік сарапшылар наразы әйелдердің соғысты тоқтатуды талап етпейтінін, тек өз ұлдарының, күйеулерінің орнына Украинада еріктілердің ғана шайқасқанын қалайтынын қаперге салды. Осыған қарап, сарапшылар бұл әйелдердің де "арнайы әскери операцияны" құптайтыны, Украинаға қарсы екені туралы байлам жасады.

Шынында, егер олар дегеніне жетсе, яғни жүздеген мың мобилизант елге тегіс оралса, онда майдан да жайрап қалары сөзсіз. Онда қос көрші арасында бейбітшілік орнайтын күн де жақындай түсер ме еді. Бүкіл аймақтың тілегені де осы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу