Кремль Навальныйды түрмеде азаптаудың неше түрін сынауда

2793

Билік оппозиционерді қайта-қайта қапас карцерге тығып, жанына ауыр дерті бар науқастарды, үсті-басы сасық адамдарды жатқызып, түнде ұйықтауына мүмкіндік бермей, адам төзгісіз жағдай туғызып жатыр. 

Кремль Навальныйды түрмеде азаптаудың неше түрін сынауда Фото: yandex.kz

Кремльдің кектенуін өршітетін жаңа сылтаулар табылды. Биыл Америка киноакадемиясы "Ең үздік деректі фильм" аталымында "Оскар" сыйлығын "Навальный" фильміне берді. Канадалық режиссер Дэниэл Роэрдің бұл туындысында ресейлік билікке қарсы тұрған тұлғаны Кремльдегілердің қалай улап өлтірмек болғаны мұқият зерттеледі. Академияның бағалауынша, онда билікке таскенедей жабысқан геронтократияның елдің тағдыры мен болашағының тізгінін өз қолына алғысы келген жас ұрпақ өкілдерімен аяусыз арпалысы сипатталған.

Бұл оқиғаға қатысты 46 жасар саясаткердің өзі пікір білдірді.

"Фильмді мен түсірген жоқпын, "Оскарды" да мен алған жоқпын. Сондықтан бұл марапатты әлдекімге арнайтын жағдайда емеспін. Бірақ мен сол жолда қосқан бүкіл үлесімді адал да батыл адамдарға арнаймын. Сіздер қайда жүрсеңіздер де, қайда тұрсаңыздар да диктатура деген құбыжыққа және оның айырылыспас серігі — соғысқа қарсы тұруға өз бойларыңыздан күн сайын күш тауып келесіздер", – деп жазды А.Навальный.

Кинокартинада 2020 жылғы тамызда биліктің оппозициялық күштердің жаңа буынының көшбасшысын қалай және немен улағаны, оппозиционердің сауыққан соң, өзіне қастандық жасағандарды қалайша өз бетінше іздеп тапқаны, содан кейін 2021 жылғы қаңтарда саяси жаңғыруға ықпал ету мақсатында Ресейге оралғаны, келе сала ұсталғаны баяндалған. Енді ол азап пен тозақтан өтіп жатыр.

27 наурызда А.Навальный Владимир облысындағы №6 колонияда өзі отырған камераға екі ай бойы гигиена заттары берілмеген, денесі су көрмеген, соның салдарынан үсті-басын мүңкіген иіс басқан адам отырғызылғанын хабарлады. Салдарынан желдетілмейтін, ауасы тымырсық камера тіптен жан төзгісіз болып кеткен.

"Ерекше "сүйкімдісі" сол, соңғы екі ай бойы оған ең қарапайым гигиеналық керек-жарақтарды бермепті. Тіпті тіс пастасын да, дәретхана қағазын да бермей қойыпты. Менің қасыма ауыстырмас бұрын оны санитарлық бөлімде солай ұзақ "маринадтаған". Бұл кісіні бактериялар сіңдірілген мақта есебінде пайдалануда", – деп әңгімеледі абақтыда отырған ресейлік саясаткер.

Бұдан бұрын, яғни әлемде пандемия ушығып тұрған кезде Навальныйдың жанына тұмаумен және коронавируспен ауырғандармен бірге болған сотталғандарды орналастырыпты. Салдарынан саясаткер қатты науқастанып қалды.

"Өкінішке қарай, бактериологиялық қару өз дегенін істеді. Навальный бүгінде айыппұл камерасында қызу көтерілген, безгек ұстаған, қатты жөтел қысқан күйде отыр. Оған дәріні жеткізуге тырысып жатырмыз", – деп әңгімеледі сонда оның адвокаты Вадим Кобзев.

Мекеме басшылығы оны медициналық-санитарлық бөлімге жатқызудан бас тартқан. Сөзбұйдаға салып, дәрілерді де ұзақ уақыт бермей қойған. Ахуалды түзетуге ресейлік еңбек сіңірген дәрігерлердің ашық хаты қатты ықпал етті. Олар Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге үндеу жолдап, Навальныйды азаптауды, мазақтауды доғаруды, оны қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етуді талап етті.

Бұдан бөлек, журналистер екі жылдан астам уақытта Навальныйдың 12 рет карцерге, айыппұл изоляторына қамалғанын білді. Бұл да өзіндік антирекорд болса керек. Соңғы рет 24 наурызда оны қапасқа "өзін дұрыс таныстырмады" деген сылтаумен отырғызған екен.

Бір жолы оны "жеңін түріп алғаны" үшін айыппұл торына қамап тастаған. Интернетте тараған видеода көрсетілгендей, ФСИН офицері форманы кию тәртібін бұзғаны үшін сотталған Навальныйға қарсы баянат жазатынын ескертті. Саясаткер болса, өзіне шақ емес, тар киім берілгеніне, сондықтан оның жеңі қолын жаппайтынына шағымданды. Бұл жайт назарға алынбапты.

Оның адвокатының айтуынша, А.Навальный сыз тартқан айыппұл изоляторына ең көп мерзімге жабылған адамға айналды: бір жолы ол жарты жыл бойы сонда отырып шыққан.

Сол кезде түрме басшылығы оған антибиотиктерді шектен тыс, "алапат дозада" беріпті. Салдарынан оның асқазан, ас қорыту жүйесі бұзылып, 7 келі салмағын жоғалтқан. Мысалы, таяуда әлеуметтік желіде тараған видеодан әбден азған Навальныйдың тірі өлік сияқты құр сүлдері қалған бейнесін көріп, әлем шошыды.

Азаптау тәсілдері әрине, мұнымен бітпейді. Биылғы 27 қаңтарда Навальный отырған камераға көзді қарықтыратындай аппақ жарық шашатын үш лампадан тұратын шам-светильник орнатылғаны белгілі болды. Себебі, темір торды аралаған Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері Алексей Мельников пен Георгий Волков оның отырған камерасы нашар жарықтандырылған деп шағым жазыпты. Соның кесірінен оған көз іліп, тынығу қиындаған. Өйткені шамды сөндіруге рұқсат етілмейді екен.

"Комиссия мүшелері келіп кетті. Олар маған барлық жағдай жасалғанын, заң толық сақталып отырғанын баяндапты. Мен түсінемін, олардан соны талап етеді. Алайда олар есебінің соңына: "Тек жарықтандыруда проблема бар" дегенді қосты. Олардың сапарынан соң жағдай жақсарған жоқ. Тіпті қоғам белсенділері табыстаған дәрілерімді де маған жеткізген жоқ. Есесіне 2х3 метрлік аядай ғана камерама күндізгі жарыққа есептелген үлкен лампа орнатып қойды. Мұндай жарық аясында тіпті кітап оқу да қиын, қолмен көлегейлеу ғана қалады. Мен әкімшіліктен үш лампаның ең құрығанда біреуін алып тастауды сұрадым, былқ ететін емес. Бұл ұзаққа созылса, соқыр болып қалатын шығармын", – деп қамыға хабарлады оппозиционер.

"Новичокпен" уланып, оңалтудан өткен Алексей Навальный 2021 жылғы 17 қаңтарда Берлиннен Ресейге қайта оралды. Шекаралық бақылаудан өту кезінде оны ресейлік құзырлы органдар дереу тұтқындап, арнайы уақытша ұстау изоляторына жапқан. Кейін РФ соты оны "алаяқтық" бабы бойынша 9 жылға және "Ив Роше ісі" бойынша тағы 3,5 жылға соттады. Содан бері ол темір торда отыр.

Жалпы, бұрынғы жылдары Навальный тұлға тұтуға лайық емес адам болған. Өзге нәсілділерді, орыстан басқа ұлттарды жек көретін, олардан Ресейді адалауды мақсат тұтатын националистердің құрамында болды. РФ ақпарат құралдары оның "Русский марш" ультраоңшыл қозғалыспен байланысы болғаны айтады. 2014 жылы ол Қырымның Ресейге қосылуын жақтағандардың сапынан табылды.

Бірақ бүгінде саясаткер жастық әсершілдікпен еліккен бұрынғы ұстанымынан арылғанын мәлімдеп жүр. 2023 жылғы ақпан айының соңында оппозиционер Алексей Навальный өзінің төл саяси платформасын қалыптастырып, Ресей жұртшылығына жариялады. Онда ол Украинаның және басқа да РФ көршілерінің территориялық тұтастығын сөзсіз мойындауға шақырады. Тиісінше, Ресей Украинамен арадағы 1991 жылы белгіленген шекараға қайтуға тиіс деп санайды.

Бұл ұстанымы оның "Өз еліне жақсылық тілейтін Ресей тұрғынының 15 тұғыры" (15 пунктов гражданина России, желающего блага своей стране) деп аталған манифестінде айтылған. Құжатты оның қолдаушылары саясаткердің сайтында орналастырды.

"Ресей 1991 жылғы шекараларды сөзсіз және дәл қазір мойындауға тиіс. Мұнда талқылайтын ештеңе де жоқ. Әлемдегі барлық дерлік шекара кездейсоқ және үнемі әлдекімнің наразылығын тудырып жатады. Бірақ сол шекараны өзгерту үшін XXI ғасырда қан төгіп, соғысуға болмайды. Әйтпесе әлем әлемтапырық хаосқа батады", – деген оппозиционер соғысты тоқтату, бөтен елдер аумағынан барлық ресейлік әскерлерді шығарып әкету, көрші елге оның халқы қалаған бағытта дамуға мүмкіндік беру қажеттігін баса айтты.

Бұған қоса, ол Украина, АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбританиямен бірге Украинаға келтірілген шығынды өтеудің ақылға қонымды жолдарын іздеуге шақырды.

"Ресей — халқы қарқынды түрде азайып бара жатқан және провинциясы құрып бітуге таяған ұланбайтақ ел. Империяшылдық және өзге аумақтарды басып алуға ұмтылыс ол үшін ең залалды, әрі күйреуге бастайтын жол. РФ билігі ел картадан бұдан да ауқымды көрінуі үшін біздің болашағымызды өз қолымен жоюда. Бірақ Ресей онсыз да үлкен. Біздің міндетіміз — халықты сақтау, қолда барды және артығымен жететінді ұқсатып жұмсап, елді дамыту болуға тиіс", – делінген Навальныйдың бағдарламасында.

Мәскеу өзгеге өшпенділікті емес, өз елін өркендетуді басты орынға қоя бастайтын күнге қазіргі биліктің басты қарсыласы жете ме, жетпей ме, ол жағы белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу