Қағаз ақшаның заманынан өтіп, онлайн-аударымдарға көшкен жұрт енді цифрлық валюта – криптонарыққа ден қоя бастауда. Бір де бір банкте сақталмайтын бұл ақша нарығының да кемшіліктері жетерлік. Байып кетемін деген арманның соңынан қуған жұрт криптовалютаға ақшасын салып, алаяқтарға құрбан болып жатқаны және бар.
Трамп криптовалютаға құмартып отыр
2009 жылы іске қосылып, ұзақ жылдар елеусіз жатқан биткойн желісі әуелден банкке тәуелді емес, тіптен қожайыны да белгісіз. Тікелей аударым жасауға әбден болады, ешкімнің де жеке дерегі көрсетілмейді. Құпия аударымдарға оңтайлы-ақ.
Жалпы биткойнды қалай өндіреді деген сұраққа келсек, ол үшін майнинг фермалар блоктар жасап, майнерлер алгоритмдік тапсырманы шешу арқылы биткойндарды іздеп жарысады. Себебі ең басты әрі мықты криптовалюта биткойн екені белгілі. Әрине, оның құлдырайтын кезі болады, бірақ негізінен өсімге жақын. Былтыр жыл басында құны 44 мың доллар болса, наурыз айында 73 мың доллар көлемінде саудаланған. Қазір 97 мың доллар маңайында тұр.
Биыл биткойн бағасы 120-150 мың долларға жетуі мүмкін екені болжануда. Оған себеп – АҚШ президенті Д.Трамптың қолдауы және америкалық институционалды инвесторлардың қаражат салуы.
Бір қарағанда бәрі керемет, тіпті, биткойнның аударымға қатысты жеңілдігі бар. Мысалы, шетелде тұратын адамға 10 мың доллар жіберу керек болса, оны криптовалюта көмегімен 5 минуттың ішінде аударуға болады. Ұстайтын комиссиясы бар болғаны 1 доллардан асар-аспас. Ал дәстүрлі бағытпен жіберсек, 10 мың доллардың 5-6 пайызы комиссияға кетеді, одан бөлек, ақша SWIFT аударым арқылы 10 жұмыс күні ішінде жетеді.
Қазір Сальвадор, Ұлыбритания, АҚШ, ЕО, Канада, Жапония, Аустралия биткойнды төлем қаражаты ретінде пайдаланады. Әрі оларды инвестиция ретінде сақтау үшін жинайды. Яғни, биткойн құны 100 мың доллардан өсіп кеткен жағдайда ел бюджеті автоматты түрде ұлғая бермек.
Қазақстан жоғарыда аталған елдер секілді жүйеге толық көшкен жоқ. Дегенмен Ұлттық банк криптонарықты әр кез бақылап отыратындарын жеткізген. Осы факторлардың бәрі криптовалютаға көп адамның сенімін оятады. Алайда бәрі оңай емес...
Алтын мен мұнай секілді сенімге ие емес
Шынын айтқанда Қазақстанда криптовалютамен төлем жасау, оған жаппай инвестиция құю белең ала қойған жоқ. Халықтың көбіне таңсық дүние десек – қателеспейміз. Дегенмен кей азаматтар криптонарықтан табыс табуға ұмтылып жүр. Ойы іске асқандары да, алаяқтыққа жем болғандары да жетерлік.
Қазір әлеуметтік желілерде криптонарыққа шақырып, оңай табыс табудың жолдарын үйрететінін жазған хабарламалар жетерлік. Тіпті, несие алып, барлық ақшасын құюға үндейді. Негізі бұл сала үлкен білімді қажет ететіні анық. Бірнеше ай бойы қаржылық сабақ алып қана қоймай, арнаулы психологиялық дайындығы болғаны абзал. Өйткені криптонарық та бәс тігу секілді тәуекелі көп, қауіп-қатері мол нарық. Әйтсе де сарапшылар келешегін жақсы жағынан болжайды.
– Елімізде де, басқа елдерде де биржалар жұмыс істейді. Олардың өзіне тән артықшылығы мен кемшілігі бар. Кей биржаларда ақша айналымы аз болады, кейбірі сауда операциялары үшін пайыз ұстайды. Сондықтан нарыққа қадам баспас бұрын қаржы сауатын меңгерген дұрыс. Ең басты нәрсе, қазір үкімет те инвестициялық климатты арттыру және елге тікелей инвестиция тарту бойынша жаңа тетіктерді құру туралы міндет артып жатыр. Осы ретте криптонарықтың жалпы капиталдануы көлемі 2,8 трлн доллар екеніне назар аудару керек. Бұл цифр геометриялық прогрессиямен өсуде. Әлемдегі жедел дамып келе жатқан осындай нарық мүмкіндігін қолдан шығарып алмауымыз керек, – дейді Wise Invest Consulting Ltd компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимов.
Қазақстанда криптонарықпен жұмыс істейтін компаниялар "Астана" халықаралық қаржы орталығынан лицензия алуға тиіс екенін білеміз. Нарыққа қатысты шұбырған жарнама мен компаниялардың көптігінен кейде азаматтар лицензиясы жоқ ұйымдармен байланысып, ақшасын заңды негізде ала алмай, жауапкершілік арқалап жататын сәттері көп.
Оның үстіне, келешегі туралы қаншама жағымды болжамдар айтылғанымен, криптонарықтың үлкен сомаларға құлдырайтын кездері барын ескерген абзал. Яғни, алтын секілді бағалы металдардай сенімге ие емес. Мәселен, былтыр қазанда криптовалюта нарығы бір күннің ішінде 489 млн долларға құнсызданып қалды. Сол кезде Крипто-слэйт порталы кей инвесторлар бұл нарықтан қашып, алтын мен мұнайға оралып жатқанын хабарлаған.
Қорыта айтқанда, кейінгі жылдарды дәстүрлі валюталарға сілкініс жасаған криптонарық өзектілігін жоғалтар емес. Алайда оның алаяқтық смехаларға тиімді болып тұрғаны жалған емес. Ал болашағын нақты болжап айту тағы қиын. Дегенмен тиыннан теңге құраймын, теңгеден доллар жасаймын дегендер үшін қызығы мен шыжығы таусылмайтын іспетті.