Биткоиннің бір түнде 53 мың доллардан 14 мың долларға құлдырағанын да, бір сағатта 7 мың долларға қымбаттағанын да айтады. Бірақ сарапшы осыған қарамастан, жаңа активтің болашағы зор екенін де жасырмады.
Криптовалютаға ақша салудың тәуекелі мен қаупі қандай? Табысты инвестиция түрі дей аламыз ба? деген өзекті сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Айбар Олжаев ETF ашатын шымылдық АҚШ-тың бағалы қағаздар комиссиясы (SEC) Bitcoinмен жұмыс істей алатын споттық инвестициялық қорларға (ETF) рұқсат бергенін айтты.
"Қазір 11 ETF қорында рұқсат қағазы бар және олар бүгіннен бастап саудаларын бастап кетпек. Бұған дейін американ биржалық қадағалаушы органы биткоин сынды криптовалюталық инвестициялық құралдарға күдікпен қарап келген еді. Ол күдік толық сейілді деуге әлі ерте. Бірақ биткоин ETF-терінің ресми мойындалуы – осы бағыттағы сеңнің қозғалғандығын айғақтайды", – деді ол.
ETF (exchange traded fund) – активтер портфелін құрап, соған негізделетін акцияларын инвесторларға ұсынатын инвестициялық қор. Ал портфель құрамында биткоин болатын акциялар жасап, нарыққа ұсынатын инвестициялық қорды "Биткоиндық ETF" деп атайды. Портфельдің барлығы биткоиннен тұрмайды, олар бірнеше активтерді қосып, нарыққа сатады. Егер споттық биржада биткоиннің, портфель құрамына кіретін басқа да активтердің бағасы өсе бастаса, онда ETF акцияларының құны да жоғары көтеріледі.
Сарапшы криптовалютаға инвестиция жасау тәуекелі көп бағыттардың бірі екенін айтады.
"Себебі нарықтың дамуымен криптовалюталар көбейіп кетті. Олардың қайсысы шынайы, қайсысы алаяқтық жолмен жасалғанын қазір нарықтың өзі де білмей қалды. Әрине негізгі фундаменталды криптовалюта түрлері бар. Оған мысалы биткоинды жатқызуға болады. Қазір криптовалюта түрлері көп, саны 300-ден асады. Олардың кез келгеніне инвестиция салу ақшаны жоғалтып алуға алып келеді. Крипто нарық көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр, өзгеріс тез болып жатыр. Сондықтан инвестиция салған күннің өзінде өте азғантай мөлшерде салу керек деп ойлаймын. Ақшадан айырылып қалғанда да үлкен қиындық туындамайтындай. Жаттығу ретінде жасап көруге болады. Бірден үлкен ақшаны крипто нарыққа салу үлкен қаржылық апаттарға алып келуі мүмкін. Оның үстіне, криптовалютада алаяқтық өте көп. Жалған криптовалюта жасаудан бастап, токерлеріңізді ұрлап кету, биржадан ұрлау деген сияқты әртүрлі алаяқтық фактілері болуы мүмкін. Ішкі нарықты білмейтін адамдарға ақшасын жоғалтып алу қаупі үлкен", – дейді Айбар Олжаев.
Ол жаңа валютаның болашағы зор деп санайды.
"Криптовалютаның болашағына келетін болсақ, АҚШ мен Еуропада қазір болып жатқан құбылыстар Қазақстанға келетін болар деген болжамым бар. Финанс сияқты Астана қаржы орталығында акредиттелген орталықтар бар. Біз оларға сенім білдіріп отырмыз. Криптовалютаның болашағы жоғары деп ойлаймын. Криптоиндустрия дамыған сайын оның болашағы жарқын бола береді. Бізде ол дами беретін болады. Болашағы жақсы деп ойлаймын. Ең бастысы жағдайдан бақылаудан шығарып алмау керек. Біздің азаматтардың үлкен қаржыларынан айырылып қалуына жол бермеу керек", – деді сарапшы.