Орта салмақта өнер көрсетіп жүрген ұлыбританиялық Крис Юбэнк Головкинмен кездескісі келетінін айтты. Боксшының айтуы бойынша оның GGG-ді нокаутқа жібертіндей күші бар.
Бұған дейін де, дәлірек айтар болсақ 2016-жылдың тамыз айында екі боксшы арасында кездесу өтуі мүмкін еді. Бірақ, екі тарап келісімге келе алмады. Ол кезде Головкинде орта салмақ бойынша төрт белбеу (IBF/IBO/WBA/WBC) бар болатын. Юбэнктің айтуына қарағанда оның промоутерлері GGG-дің командасымен келісе алмаған. Ал, Головкиннің промоутерлері британдық боксшының кездесуге байланысты талаптарының таудай болғанын айтқан еді. Қазақстандық боксшы Юбэнкпен кездеспегенімен, сол жылы Лондонда бесінші раундта Келл Брукты нокаутқа жіберді. Енді араға төрт жыл салып Юбэнк Sky Sports басылымына берген сұхбатында Головкинмен кездесуге дайын екенін айтты.
"Қазіргі таңда жұдырықтасатындар арасында менің тізімімде Головкин бірінші орында тұр", - дейді Крис Sky Sports-қа берген сұхбатында. Онымен жекпе-жекке шыққым келеді және GGG-ді нокаутқа жібере алатынымды білемін. Сондай-ақ оны жеңе алатындай менде барлығы бар", - деп қоса кетті ұлыбританиялық боксшы.
Естеріңізге сала кетсек, кіші Юбэнк соңғы кездесуінде ресейлік Матвей Коробовтан басым түсіп, WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы "уақытша" Әлем чемпионы атағын жеңіп алған.
Өз кезегінде Головкин соңғы жұдырықтасуда украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп, IBF және IBO нұсқалары бойынша Әлем чемпионы атағын иеленді. GGG-дің алдағы жоспарларына келер болсақ, ол IBF нұсқасы бойынша чемпиондықты қорғап қалу үшін поляк боксшысы Камил Шереметамен кездесуі керек. IBF белдеуін өзіне қайтарып алғаннан соң бұл атақты жарты жыл ішінде қайта қорғауы тиіс еді. Бұған дейін екі боксшы арасындағы кездесу бірнеше мәрте кейінге шегерілді. Сондай-ақ жекпе-жектің Қазақстанда өтуі мүмкін деген ақпарат та тараған болатын. Енді қазақстандық боксшы мен Шеремета арасындағы кездесу 6-маусым Инглвудте Forum аренасында өтеді.
Ермұхамед Мәулен