Халықаралық футбол қауымдастығы осы жылдан бастап бұл сыйлықты үздік ойыншыға өзі табыстайды. "France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастығы одағымен (FIFA) келісімін үзгені туралы бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтап, оған осымен 4-рет португалиялық Криштиану Роналду ие болғанын жақсы білеміз.
Енді бүгін FIFA өз бетімен "The best" сыйлығын табыстамақшы. Бұл марапатқа ""France Football" журналының нұсқасы бойынша "Алтын допқа" ие болған Криштиану Роналду, сондай-ақ Лионель Месси мен Антуан Гризманн үміткер саналып отыр.
Осы күні ерлермен қатар қыздар арасындағы "The best" атағына ие болған футболшының есімін білеміз. Одан үміткерлер 2015 жылғы әлемнің үздік ойыншысы америкалық Карли Ллойд, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Германия құрамасының футболшысы Мелани Берингер және әлемнің бес дүркін үздік ойыншысы атанған бразилиялық футболшы Марта таласады.
Осы футболшылардың жарқырауына өз септігін тигізіп жүрген мамандардың бірі бас бапкерлер екендігі белгілі. Ендеше 2016 жылдың үздік жаттықтырушысы атағына кім лайықты екенін де бүгін білеміз. Бұл атақтан Клаудио Раньери ("Лестер"), Фернанду Сантуш (Португалия құрамасы) және Зиннедин Зидан ("Реал") үмітті.
Одан өзге марапаттау кешінде жылдың үздік голы, "Fair Play" сыйлығының лауреаты және әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы анықталады.
Салтанатты кештегі бүкіл футбол жанкүйерінің күтетіні ол әрине үздік футболшы кім атанатындығы. Бұл жолы да көпшілік күткендей Криштиану Роналду бас үміткер саналып отыр.
FIFA мен "France Football" басылымының қандай қарым-қатынаста екендігіне қарамастан үміткерлерге қойылатын талап бір екендігі белгілі. Сондықтан FIFA да Роналдудың Реал футбол клубымен бірге Чемпиондар Лигасын ұтып алғанын, УЕФА-ның Суперкубогын иеленгенін және Португалия құрамасының Еуропа чемпионатын жеңіп алғанын ескереді деп сенеміз.