Криштиану Роналду жарақат алып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2718

2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу додасының екінші туры қызыққа толы болды.

Криштиану Роналду жарақат алып қалды Фото: uefa.com

Қазақстан – Ресей – 0:4
Әуелі өзімізден бастайық. Бірінші турда Шотландия футболшыларын 3:0 есебімен оңай шаққан Қазақстан құрамасы екінші кездесуінде жанкүйерлерін жерге қаратты. "Астана-Арена" стадионында Ресей құрамасынан 0:4 есебімен ойсырай ұтылып, жігерімізді құм қылды. Үш күннің ішінде екі түрлі ойын өрнегін көрсетіп, таң қалдырды.

Екінші турда Шотландиямен додаға түскендей жоғары қарқында ойнай алмады. Зыр жүгіріп, қонақтарын әбігерге түсірмеді. Қарсы команданың қорғаушыларын дәрменсіз күйде қалдыратын пастарын да көре алмадық. Қысқасы, білгендерінен жаңылып, жаза басты. Бапкерлері құрамы да орталық қорғаушылар шебіне лайықты ойыншылар таппай қателескендей.

Жарақатынан айықпаған Юрий Логвиненко жарты сағатқа қана шыдады. Сөйтіп, орталық қорғаушылар үштігін Ахметов – Малый – Бейсебеков үштігі құрады. Рас, Елдос кейде "Қайрат" сапында орталық қорғаушы міндетін атқарады, ал Абзал қашан қорғаныстың бел ортасында ойнап еді?! Осылай, қорғанысымыздың орта шебі бірнеше қайта сыр беріп, ойсырай ұтылдық.

Украина көш бастады
"В" тобында Украина құрамасы төрт ұпаймен көш бастады. Андрей Шевченко деңгейі жоғары футболшылардан да білікті бапкер шығатынын дәлелдеп-ақ жүр. Зинедин Зидан сияқты шәкірттерін жігерлердіріп, командасын жеңіске жетелеп келеді.

Украина футболшылары бірінші турда азуы алты қарыс Португалия құрамасымен кездесіп, түзде тең түсті. Лиссабонда деңгейі өздерінен жоғары ұжымға дес бермеді. Қорғаныста өте сауатты ойнады. Олардың қақпасына ұстараның жүзіндей лыпылдаған Криштиану Роналдудың өзі гол соға алмай, пұшайман болды.

Шевченконың шәкірттері мұнымен шектелмеді. Екінші турда Люксембург құрамасын сырт алаңда кездесіп, жеңіске жетті (2:1). Сөйтіп, түздегі екі матчтан төрт ұпай олжалап, өз тобында көш бастады. Басты бәсекелестері, яғни Португалия да (екі ұпай), Сербия да (бір ұпай) олардан кейін тұр.

Криштиану Роналду жарақат алып қалды
Осы "В" тобының да екінші турында Португалия және Сербия құрамалары Лиссабонда додаға түскен болатын. Алаң иелері екінші рет өз жанкүйерлері алдында тең түсіп (1:1), төрт ұпайдан қағылды. Әрі басты бәсекелестерімен өткен матчтарда сүрініп, турнир кестесіндегі жағдайды ушықтыра түсті.

Дәл осы ойында Португалия құрамасының жарық жұлдызы Криштиану Роналду жарақаттанып қалды. Ойынның 29-минутында сол қапталда аса жоғары жылдамдықта допқа қарай жұлқына ұмтылып, ақсаңдап қалды. Оң аяғының бұлшық етін ауыртып алған секілді. Әрі өзі бапкерлерінен алмастыруын сұрап, ойынды одан әрі жалғастыра алмады.

Айтпақшы, ол ойынның басында мұрнын қанатып алған болатын. Қақпаға доп бағыттағанда, оның жолын бөгемек болған Сербия қорғаушысының қолы тиіп кеткен секілді. Бірақ дәл сол кезде оған назар аударған ешкім болған жоқ. Криштиану Роналдудың өзі мұрнын бір сүртіп, ойнай берді...  

Жалпы, Криштиану Роналдудың жарақаты қандай деңгейлі екені белгісіз. Әлі ешқандай ресми мәлімдеме жоқ. Ал "Ювентус" жанкүйерлерін "Чемпиондар лигасы аясында "Аякспен" өтетін ойынға дейін айығып кете ме, жоқ па" деген сауал мазалап, сол уайым болып отыр...

Еуро-2020 іріктеу додасының екінші турындағы кейбір ойындар:

Қазақстан – Ресей – 0:4

Сан-Марино – Шотландия – 0:2

Кипр – Бельгия – 0:2

Уэльс – Словакия – 1:0

Венгрия – Хорватия – 2:1

Нидерланд – Германия – 2:3

Црна Гора – Англия – 1:5

Франция – Исландия – 4:0

Португалия – Сербия – 1:1

Люксембург – Украина – 1:2

Түркия – Молдова – 4:0

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу