Халықаралық Олимпиада комитетіне алғаш рет әйел кісі басшы болды

230

Бүгін, 23 маусым күні Халықаралық Олимпиада күнінде Лозанна қаласындағы Олимпиада үйінде Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) президентінің өкілеттігін табыстау рәсімі өтті. 

Халықаралық Олимпиада комитетіне алғаш рет әйел кісі басшы болды Фото: en.iz.ru

Лозанна қаласындағы Олимпиада үйінде Халықаралық Олимпиада комитетінің тарихындағы жаңа дәуірдің есігі ашылды.

2013 жылдан бері ұйым тізгінін ұстаған Томас Бах салтанатты түрде президенттік өкілеттігін тоқтатып, Олимпиада қозғалысымен қош айтысты.

Салтанатты рәсім барысында Бах толғанысты қоштасу сөзін айтып, өткен 10 жылдан астам уақыт  ішіндегі басты белестерге шолу жасады.

Оның айтуынша, ХОК президенті ретінде ол миссиясына адал болды және Олимпиада идеяларына бар жанын салды. 

"Бүгін мен алдарыңызда тұрмын – ар-ұжданым таза, алайда жүрегім толқулы. Себебі мен Олимпиада қозғалысына қолымнан келгеннің бәрін бердім. Біз ұстанатын құндылықтарға, бірлікке деген сенімім берік болды. Енді бұл қозғалыс Кирсти Ковентри сияқты парасатты тұлғаның сенімді қолында болады деген үміттемін", – деді ол.

ХОК-тың жаңа президенті – Зимбабве тумасы, жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы Кирсти Ковентри.

Ол тек ұйым тарихындағы алғашқы әйел басшы ғана емес, Африка құрлығынан сайланған тұңғыш өкіл ретінде де тарихқа енді.

Салтанатты рәсім барысында Томас Бах Олимпиада үйінің кілтін Ковентриге салтанатты түрде табыс етті.  Бұл ХОК-тағы басшылықтың ауысуын білдіретін дәстүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу