Критериум дю Дофине. Алексей Луценко жалпы есепте көш бастады

1489

Бүгін Қазақстан чемпионы Алексей Луценко "Критериум дю Дофиненің" алтыншы кезеңінің қорытындысы бойынша жалпы есепте көш бастады.

Критериум дю Дофине. Алексей Луценко жалпы есепте көш бастады

Төртінші кезеңде жеңіске жеткен жекелей жарыстан кейін бір секунд қана сары жейде иегерінен қалып қойған Луценко бүгін тағы бір қадам алға басып, таулы кезеңде 7-ші орынға ие болып, жалпы есептің көшбасшысы атанды.

"Бұл мен үшін ерекше сәт. Бүгін біз өте қиын кезеңнен өттік. Бірақ, осы сары жейдені алу үшін күрестік. Мен бәрі ойдағыдай болып, сары жейде кигеніме өте қуаныштымын. Бұл кезең маған ғана емес, бәріне қиын болды. Бүгін шабуылға шығу жоспарымда болған жоқ. Тек Movistar және Ineos шабандоздарымен қатар қалған фавориттердің артынан жүру керек болды. Соңғы шақырымда мен Вальвердеге ілестім. Бірақ оның жанында қала алмадым", - деді Алексей Луценко.

"Күн өткен сайын өзімді жақсы сезінудемін. Бірақ ең бастысы - ертеңгі кезеңге дейін толық қалыпқа келу. Сонымен, асуларда аяқтарымыздың қалай жұмыс істейтінін көреміз. Ертең бізді биік асулар күтіп тұр. Бірақ мен сары жейдені сақтап қалу үшін күресемін. Әрине, жалпы есепте екінші орында тұрған Йон Исагирре де бар. Сондықтан бізде жарысқа арналған жоспарлардың әр түрлі нұсқалары бар", - деп қоса кетті Луценко.

Кезең шиеленісті басталғаннан кейін он төрт шабандоз үш минуттық басымдылыққа ие болып, көшбасшы топ құрды. Алайда финалға жақындаған сәтте көшбасшылардың басымдылығы бәсеңдей бастады. Бұл Astana - Premier Tech шабандоздарының мықты жұмысының арқасында болды.

Көшбасшыларды негізгі топ қуып жеткеннен кейін фавориттер тобының шабуылдары басталды. Оған Йон Исагирре де қатысты. Алайда, соңында барлық фавориттер мәреге бір топтың құрамында келді. Содан кейін кезең тағдыры спринтте шешіліп, онда Алехандро Вальверде жеңіске жетті. Алексей Луценко 7-нәтиже, ал Йон Исагирре 15-нәтиже көрсетті.

"Бүгінгі күн біз үшін жақсы өтті. Финалда алдымызға қойған мақсаттарымызға жету үшін көп жұмыс жасадық. Соңғы бес шақырымда жақсы шабуылдар көп болды. Бірақ соңында бәріміз кезеңді бірге аяқтадық. Топта 25-ке жуық адам болды. Спринтте мен онша жылдам емеспін. Сондықтан өз позициямды сақтап, басқа қарсыластармен салыстырғанда уақыт жоғалтпауға тырыстым. Ертең бізді жарыс жолының алғашқы жартысында тағы бір қиын күн күтіп тұр және жарысты бақылауда ұстау оңай болмайды. Жалпы есепте жақын орналасқан бірнеше шабандоз бар. Олар ертең көшбасшы топ құруға талпынуы мүмкін. Сондықтан біз бәріне дайын болуымыз керек. Содан кейін соңғы тауда 100% барымызды салу керек болады. Менің аяқтарым жақсы жұмыс жасайды. Жалпы биік таулы аймақта өткен жаттығудан кейін өзімді жақсы сезінемін. Сонымен, әзірге мен жағдайдың осындай болып жатқанына ризамын", - деді Йон Исагирре.

Критериум дю Дофине, 6-кезең. Лорьоль-сюр-Дром – Ле-Саппе-ан-Шартрез.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Алехандро Вальверде (Movistar Team); 2. Тао Геоган Харт (INEOS Grenadiers); Патрик Конрад (Bora - hansgrohe).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі7. Алексей Луценко; 15. Йон Исагирре; 66. Юрий Натаров.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу