Исагирре алдымен 16,4 шақырымдық жарысты 21 минут 44 секундта аяқтап, ең үздік уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесіп өтті. Алайда, бірнеше минуттан кейін Алексей Луценко бұл үздік көрсеткішті жаңартып, командаласының нәтижесін 8 секундқа жақсартты.
Қазақстанның қазіргі чемпионы жекелей жарысты өте жақсы бастап, аралық жарыста үшінші нәтиже көрсетті. Екінші кезеңде Луценко 100% барын салып, жылдамдығын арттырды.
"Бүгін қолымнан келгеннің бәрін жасадым және жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл мен үшін күтпеген жағдай емес еді. Өйткені мен жарыс алдында Тейде жаттығу лагерінде велосипедпен көп жұмыс істедім. Сонымен қатар Дмитрий Фофонов мені жігерлендіріп, жарыс жолында тамаша жол көрсетті. Біз жаттығу лагерінде велосипедтерде жекелей жарыстарға көп уақыт бөлдік. Қазір сол жұмысымыз өз жемісін берді", - деді Алексей Луценко.
"16 шақырым жоғары және төмен жүретін мұндай жарыс жолы маған өте жақсы сәйкес келеді. Алғашқы алты шақырымда біраз күшімді сақтап қалу үшін сәл ақырын бастадым. Содан кейін соңғы алты шақырымда барымды салдым. Финалда да 200% қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Әрине, бүгін сары жейдені алу үшін бір секунд қана уақыттың жеткіліксіз болғаны өкінішті. Бірақ "Дофине" әлі аяқталған жоқ. Мен келесі жарыс күндері де жейдені алу үшін күресті жалғастырамын. Мүмкін ертең немесе содан кейінгі күндері қолымнан келетін шығар", - деп қоса кетті Луценко.
Аустриялық шабандоз Лукас Постлбергер жалпы есепте көшбасшылықты сақтап қалды. Алексей Луценко одан бір-ақ секунд артта қалып, екінші орынға жайғасса, Йон Исагирре көшбасшыдан 9 секунд уақыт айырмашылығымен, жекелей жарыста төртінші орынға көтерілді.
"Мен "Париж – Ниццада" жекелей жарысты жақсы жүріп өттім. Бірақ "Баск елінің туры" мен "Романдия турында" дәл осы жарыс бойынша өзімді жақсы сезінбедім. Мұндай жарыстың қалай өтетінін болжау әрқашан қиын. Бірақ бүгін өзімді жақсы сезіндім. Жарыс жолының екінші жартысы таулы болды және бұл уақыт айырмашылықты жақсартуға болатын кезеңнің негізгі бөлімі еді. Мен бүгінгі нәтижеге, сондай-ақ Алексейдің жеңісіне өте қуаныштымын. Мұндай кезеңде бірінші және екінші орындарды иемдену команда үшін керемет нәтиже. Енді біз жарыстың екінші жартысында өз жетістігімізді одан әрі жақсартуға тырысамыз", - деді Йон Исагирре.
Кезең басталған кезде жалпы есепте үшінші орында келе жатқан Алекс Аранбуру жарыс кезінде құлап қалды. Бірақ, қуанышымызға орай, ауыр жарақаттанған жоқ.
Ермұхамед Мәулен