Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ресейдегі террорлық шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутатқа "Ресейдегі "Крокус Сити холлда" теракт болды. Қазақстанның сауда орталықтары террористік қауіп-қатерлердің алдына алуға қаншалықты дайын?" деген сауал қойдық.
"Бүгінгі пленарлық отырыста депутат Айдос Сарым осындай мәдени көпшілік ғимараттарды мүмкін болатын террорлық әрекеттерге қарсы дайындау туралы айтып, мәселе көтерді. Енді ғана қолға алынып жатыр. Әрине, бұрын салынып кеткен ғимараттарды жөндей алмайсың. Енді салынатын мәдени-көпшілік, халық көп жиналатын ғимараттарға арнаулы талап болуы керек. Өртенбейтін материалдан салынсын, шығатын қосымша жолдары болсын, әйнектен салынатын дүниесі аз болуы керек дегендей. Осындай талаптар керек. Бұл өте дұрыс. Себебі қазір бүкіл әлемде террорлық акциялар өршіп тұр", - деп жауап берді мәжілісмен.
Мәжіліс депутатынан "Көршілес елдегі бұл оқиғадан қандай сабақ алуымыз керек?" деп сұрадық.
"Ең басты сабақ елдегі діни экстремизм мәселесіне тиісті мемлекеттік органдар күшті көңіл бөле бастауы керек. Елде бар деструктивті діни ағымдардың бәрі шұғыл жабылуы керек. Жуырда дін мәселелері туралы заң Парламентке келіп түседі. Осы күзге дейін немесе келесі көктемге дейін оны шұғыл түрде қабылдаймыз, содан кейін елдегі теріс діни ағымдар, деструктивті күштердің бәрін шұғыл жабу керек. Олармен саудаласып жүруге болмайды", - деді Ермұрат Бәпи.