Ксения Собчак биліктегі "таңқышаян бизнесі үшін шайқаста" жеңіліп қалды

1441

Солтүстік көршіде бизнесті қайта бөлу науқаны белең алып, "Краб корольдерінің" активі мемлекетке көшті. 

Ксения Собчак биліктегі "таңқышаян бизнесі үшін шайқаста" жеңіліп қалды Фото: РИА Новости

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұдан біраз бұрын Санкт-Петербургтің тұңғыш мэрі Анатолий Собчактың қызы, ресейлік элитаның өкілі, Президенттікке экс-кандидат Ксения Собчак таңқышаян-краб аулау саласын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қос алпауыт компанияның – "Монерон" мен "Курильский универсальный комплекстің" (КУК) 40% акцияларын сатып алуға мәмілелеседі.

Бұл компаниялардың тағы 10% акциясын "Роснефть" вице-президенті Игорь Соглаевтың бұрынғы зайыбы Елена Соглаева сатып алады. Осылайша, қос серіктес әйел бұл бизнесті өз уысына түсіріп, бұғаттаушы пакетке ие болғандай еді.

Алайда артынша Ксения Собчактың анасы, РФ сенаторы Людмила Нарусова Жоғарғы сот басшысының атына шағым жазды. Онда Нарусова қос компаниядағы үлестерді қызының сатып алу келісімшартын федералдық салық қызметінің тіркеуден негізсіз бас тартқанына шағымданды.

Бұл аз болғандай, Южно-Сахалинский қалалық соты РФ тергеу комитетінің талабымен КУК пен "Монерондағы" акцияларды тұтқындады. Содан Ксенияның бұл майшелпек бизнеске кіруден бас тартудан басқа амалы қалмады.

Ресейлік басылымдар Ксения Собчак – РФ басшысы Владимир Путиннің жақын адамы екенін, Путин 90-шы жылдары оның әкесінің кеңесшісі болғанын еске салады. Онда неге теңіз шаяндары бизнесі үшін күресте Собчак жеңіліп қалып отыр?

Forbes жазуынша, Ксения Собчак "Путиннің досы" саналатын миллиардер Геннадий Тимченконың алдын кесіп өткен: краб өндірісі индустриясына құрық салған Тимченконың күйеу баласын ығыстыруға ұйғарыпты.

Собчак-Соглаевтар отбасы аталған қос компанияны сатып алып, осы салада алпауыт жаңа компания құрмақ болған екен. Олар мәмілеге келісімен, он күн өткенде қос кәсіпорынның да акциялары бұғатталды.

Ресейлік Forbes "Росрыболовство" федералдық қызметінің деректеріне жүгіне отырып, осыдан кейін Ресейде краб аулау бойынша квотаны иелену жөнінен көшбасшы орынға "Северо-Западный рыбопромышленный консорциум", екінші орынға – "Русский краб" компаниясы шыққанын анықтады. Екеуі де 2020 жылы Глеб Франкке – миллиардер Геннадий Тимченконың күйеу баласына тиесілі болды. Тек бертінде кәсіпкер Глеб Франк олардағы тиісінше, 70,09% және 70,1% акцияларын сатып жіберді.

Қос компанияның әрқайсысы шамамен 14 500 тоннадан таңқышаян аулауға рұқсат алды. Акциялары бұғатталған "Монерон" және КУК квота бөлетін аукциондарға қатыса алмады.

Ресейлік басылым осы компанияларды, жалпы теңіз шаянын аулау бизнесін бизнесмен Олег Кан құрғанын қаперге салды. Кан 2020 жылы шетелге қашуға мәжбүр болды. Ол "Президенттің айналасындағы тұлғалармен" жақындасып, сол арқылы империясын құтқарып қалуға тырысыпты. Ксения Собчакпен мәмілеге келуінің себебі де осы болса керек.

Таяуда, 2024 жылғы 12 сәуірде ақпарат құралдары краб кәсібінің негізін қалағандардың бүкіл бизнесі "национализацияланғанын" жариялады.

"Ресейде "Краб корольдерінің" компаниялары мемлекет меншігіне өтті. Приморье өлкесінің Арбитраждық сотының шешімімен Қиыр Шығыстағы (Дальний Восток) 8 балық өнеркәсібі компаниясы "Росимуществоның" иелігіне берілді. Бұл "Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен" (ЕГРЮЛ) белгілі болды", – деп хабарлады "Интерфакс".

Bfm.ru порталының мәліметінше, активтердің басым көпшілігі сахалиндік бизнесмен Олег Канмен байланысты: оның үстінен бірден бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

"Ресейлік балық саласының 8 кәсіпорны Приморье өлкесінің төрелік сотының шешімімен тартып алынды. Сот Бас прокуратураның жалпы сомасы 360 миллиард рубльге дейін жететін екі талап арызының бірін қанағаттандырды. Талап арыздарда жауапкер ретінде Олег Кан (2019 жылы федералдық БАҚ-тардағы материалдар сериясынан кейін оны ел "Краб королі" атап кеткен), сондай-ақ қиыршығыстық бизнесмендер Дмитрий Дремлюга және Дмитрий Пашов көрсетілген. Тергеудің дерегінше, олар теңіз шаяны мен креветкаларды аулап, шетелге сатқан. Түскен табысты шетелдік банктерде қалдырған", – деп жазады Bfm.ru.

Атап айтқанда, билік Олег Канға жалпы сомасы 2,6 млрд рубльді құрайтын 3 мың тонна тірі таңқышаянды шетелге контрабандамен өткізді, үш миллиард рубльден астам салықтарды, кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды, тіпті қылмыстық қоғамдастық құрып, басшылық етті және сонау 2010 жылы басқа бір жергілікті кәсіпкерді өлтіруді ұйымдастырды деген айып тағып отыр. Қысқасы, шетелдік сарапшылардың байламынша, оған 2020 жылы бизнесін тастап қашудан басқа жол қалдырмады.

Таяуда "Краб короліне" қатысты тосын оқиға болды. Канның арбитраждық іс бойынша қорғаушылары кәсіпкердің дүние салғанын жариялады. Бизнесменнің тарихи Отаны – Оңтүстік Кореяның тиісті органдары берген құжаттар ұсынылған көрінеді.

Ресейдің құзырлы органдары, айыптаушылар жат мемлекеттің құжаттарына сенбейтіндерін мәлімдеп, Олег Канның өлімін "қойылым" санады. Сондықтан марқұм кәсіпкерден қылтың-сылтыңды қойып, ресейлік сотқа дереу келуді талап етті.

РБК хабарлауынша, "Росимуществоға" көшкен барлық активтің жалпы құны небары 22 млрд рубльге бағаланды. Бұл "Краб патшаларына" таңылып отырған талап-претензияның жалпы көлемінен – 360 миллиардтан айтарлықтай аз. Сондықтан РБК сарапшылары қудалау, дүние-мүлікті тауып, тәркілеу процесі тәмамдалудан тым алыс екенін тұспалдады.

Олай болса, солтүстік көршіде "национализациялау" науқаны жаңа қарқынмен жалғасуы мүмкін.

"Келесі аптада сот РФ Бас прокуратурасының екінші талап арызын қарауға кіріседі. Ол бойынша да үкімнің қандай болатынына күмән қалған жоқ. Сұрақ басқаға қатысты туындады: мемлекет балық саласының бұл кәсіпорындарымен ары қарай не істемек?", – деген сауал тастады ресейлік РБК телеарнасының сарапшылары.

РФ Жағалаулық балық өнеркәсібі кәсіпорындарының өңіраралық қауымдастығының басшысы Валентин Балашов балық өндірісі кәсіпорындарын тартып алғанымен, мемлекеттің балық аулаумен айналыспайтынына сенімді.

"Алып қойылған краб аулау активтері өз қолына көшкенімен, мемлекет оны саудаға шығаратын болса керек. Мемлекеттің өзі таңқышаянды аулауға бас қатырмайды, бұған жүз пайыз сенімдімін. Мемлекет бұл мүлікті жеке-жеке, бөліп-бөліп, сатып жібереді. Оның арасында кемелер, қаптаған ғимараттар, өндірістік нысандар, тағы басқалары бар. Ең бастысы – бұл компаниялардың теңіз шаянын аулау квоталары жоқ. Тиісінше, пароходты, ғимаратты, басқасын сатып алғандар оны басқа бизнеске, өзге шаруашылық қызметке жегеді. Ендеше балық өндірісінің осы саласындағы бәсекелестікке, тиімділікке нұқсан келмек", – деді В.Балашов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу